Біз бәріміз "нарциспіз"
Біз бәріміз "нарциспіз"
9 жыл бұрын 3570
Мәриям ӘБСАТТАР

Ертеде сыр-сымбатына сөз жетпейтін, көркіне көз тоймайтын бір жас жігіт болыпты. Есімі оның Нарцисс болса керек. Сымбаттылығы сонша – қыз-келіншектер түгіл, оған ер жыныстылар да аңтарыла қарап, сиқырланғандай күй кешеді екен. Бірақ айналасындағылардың өзіне деген сондай ілтипаты оны шектен тыс тәкаппарлыққа ұрындырып, ақырында ол ешкімді менсінбей, көзге де ілмейтін халге жетеді. Ол – ол ма, бір күні бақта кетіп бара жатқанда шөл қысқан әлгі жігіт су ішпекке бұлаққа еңкейе бергені сол еді, кенет ар жақтан өзіне ентелей қараған бір бейнені көреді. Көреді де, естен тана ғашық болады. Өмірі ешкімге көз қиығын да салмайтын Нарцисс әлгі бейнені көргенде, қасынан кете алмай, көзін ала алмай, сол жерде талып қалады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жігіт ақыры сол бейне иесін таппаған күйі құсадан көз жұмады. Ең өкініштісі, су бетінен көрген бейне өзінікі екенін Нарцисс өлгенше білмей кеткен еді...

Кейін келе ғылымда өзін шектен тыс жақсы көретіндерге «нарциссизм» диагнозын қою осыдан қалған.

Енді жай-жапсар түсінікті бола бастаған шығар. Қайта, Нарцисстің ол «қылығын» кешіруге болады, бір себептен... Себебі ол су бетінен көрген бейненің өзінікі екенін білген жоқ қой? Ал бүгінгі қоғам, яғни, мына біз ше? Қазір біз тек жас-кәріміз, әйел-еріміз бар, бәріміз өзімізді өзіміз жаңа көргендай сұқтана қарап, айналаға «міне мен осындаймын» деп  жарнамалауға кірісіп кеттік. Өтірік пе?

Жарайды, сөзіміз дәлелді болсын, мысал келтірейік. Алдымен теледидарды алсақ. Елге ұнасын-ұнамасын жарыса ән жазып, бейнеклип түсіріп жатқан әншілердің бәрі жай дұшпан көз үшін «өнерге өз үлесімді қосуды көздеймін» дейді. Ал шын мәнінде қоршаған орта олар ойлағандай «ақымақ» емес қой. Қазір кім қай өнерді дамытып жатыр?  Эстрада ма, кино ма, әлде, дәстүрлі ән бе? Керісінше саф өнеріміз ақырындап құлдырап, құрдымға кетіп бара жатқандай ма... Неге? Себебі ән салмайтын адам қалмай барады. Телеарналардың қай-қайсысын алсақ та, ән жарысы: «... дауысы», «...voice», яғни, аты ғана бөлек демесек, заты сол. Әрине, кім өзін есекке балайды, әркім өзінше бұлбұл. Жарайды, дауысы зор әнші бола қойсын, бірақ оның да «ән әлеміне өзіндік бір үлес қоссам» дегені жай бер жағы, ал ар жағында  танымал боп, табысты молынан табу, солайша дәулетті өмір сүру деген мақсат жатқанын қазір бесіктегі бала да біледі. Бұл – бір.

Екінші бір үлкен мәселе – әлеуметтік желілер мен блогтар. «Мен бүйткенде, мен сүйткенде» немесе «мен мынадай жерде жүрмін», «мынау менің бәленшемен кездескен кезім», «мына суретте бүйтіп қалсам керек, сүйтіп қалсам керек», әйтеуір, бітпес «Мен». Осыдан он шақты жыл бұрын шығар, «МЕН» деп мемуар жазғаны үшін Мұхтар Мағауин сынды жазушыға үдере қарап едік. Шындығында, Мағауин қалай айтса да жарасатын, себебі бір ғана оның қазақтың бес бірдей ғасырын тірілткенінің өзі қайда жатыр? Мағауин ол дәрежеге жеткен еді. Біз соны мойындамай, қоғам алақұйын болдық. Ал қазір ше? Қазір сол бір ғажайып тұлғаның тобығына да жетпейтін мына біздер күн сайын «мен» деген «мемуарлардың» жүзін жазып жатырмыз. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Бізді осыған жеткізген не?

 

Әбдуәлі Мамәділ, психолог:

– Саналы түрде «мен мәңгі сұлу, мәңгі жас, мәңгі осылай гламур кешемін, себебі мен ерекше туғандардың санатындамын» деген сияқты ойларды өзіне таңуды психологиялық дерт десек те болады. Негізінен, 18 бен 25 аралығындағы жастарға тән болып келетін бұл да бір адамның не өзіне, не өзгеге есеп бермей, «мен ерекшемін» деп қабылдаудан туған өмір сүрудің формасы. Сән өкілдері, стиль саласындағы, жарнама саласындағылар, БАҚ осы аудиторияға бағытталған дүниелер беріп және одан жап-жақсы табыс та табады. Мұның қауіптілігі сонда – соңы дағдарысқа апарып соғады.

Дағдарыс емей немене, бұрын ұшқыш немесе ғалым болуды армандайтын қазақ баласы қазір аспанға қараудан да қорқып қалды, шыны керек... Сондай-ақ бұрын ауылдың қара домалақтары үшін Мұқағали сынды ақынды «тірідей» көру арман болатын. Ал қазір..? Күн сайын әлеуметтік желілерде жырлары ағылып, Instagram-да сәт сайын суретін жылт-жылт еткізе беретін «ақынсымақтарда» қандай қадір қалсын?!.  Ақын деп шартты түрде айтып жатырмыз, әйтпесе, ұстаз бар ма, жазушы ма, әнші ме, тіпті үй шаруасындағы әйелдеріміз бар ма, жаппай бәріміз «нарцисс» науқасына шалдыққанбыз...

 

Бұдан шығатын қорытынды қандай?

Бұрын адамда таңғалу деген қасиет болушы еді, ал қазір селт етпейтін болып барамыз. Себебі таңсық ештеңе қалмады. Әркім өзінше «жұлдыз»... Ал оның қауіптілігі неде? Ілім-білімге ұмтылудың орнына адамдар керісінше қараңғылық құшағына қалай еніп бара жатқанын байқамай да қалады. Сенбесеңіз, қазірдің өзінде көбіміз үшін өмірдің мәні  ертелі-кеш әлеуметтік желіде отырып, «лайк» жинау секілденіп кетті. Тіпті жаңалықтар да қазір «пәлен деген жұлдыз пәленбай лайк жинап, рекорд жасады» деп жерден жеті қоян тапқандай жарыса айтып жатады. Құрдым емей немене? Есі дұрыс қоғам болсақ, ғалымдарымыздың жетістігімен мақтанар едік қой? Және одан да жаманы – Тәкаппарлыққа бой алдыру. Ал ол Алла Тағаланың бізге ескерткен «кешірілмес күнәсі». Құдай содан сақтасын!

1 пікір