Абдулла ибн Аун
Абдулла ибн Аун
2 жыл бұрын 1841
Бақ БЕР

Абдулла ибн Аун алдыңғы қатарлы табиғиндардың бірі еді. Туылған мерзімі нақты белгісіз. Дегенмен хижри 151 (милади 768) жылы өмірден өткені анық. Абдулла ибн Аун мына кісілерден хадис риуаят еткен: Абдуллаһ ибн Әнас, Мұхаммед ибн Сирин, Ибрахим ән-Нәхаи, Зияд ибн Жүбәйір ибн Хайва, Қасым ибн Мұхаммед, Хасан Басри, Шаби, Мүжахид және т.б.

Хадис жинау үшін Мекке, Мәдина, Куфа, Басра және басқа да көптеген елдерге саяхаттаған. Имам Ағмаш, Дәуіт ибн Әби Хинд, Суфиян Саури, Әбу Яхьия әл-Каттан, Абдулла ибн Мубарак, Уақи ибн Жаррах, Муаз ибн Муаз, Мұхаммед ибн Абдуллаһ әл-Ансари және басқалар одан хадис риуаят еткен. Хадис ілімінде сиқа (сенімді) рауилердің бірі еді.

Ірі ғалымдардың бірі Құрра (р.а.) былай деуде: «Біз Ибни Сириннің уәрасына (харам мен күмәнді нәрселерден сақтануына) таңғалатынбыз. Алайда Абдуллаһ ибн Аун одан асып түсті».

Биқар әңгімелеуде: Ибн Аун былай деді: «Ақылды кісіні істеген жамандығы үшін жазғыру қажет емес. Қазіргі уақытымызда да жағдай осы. Кім біреуді жазғырса, одан да жаманын өзі басқадан естиді».

Биқар тағы да былай деуде: Ибн Аунның ешкімді мазақ еткенін көрмедім. Өйткені үнемі өз басына көңіл бөліп, өзін тәрбиелеумен болатын. Күннен күнге кемелденіп, тасаууыфта (сопылықта) үлкен дәрежелерді бағындыратын».

Таң намазын күнде шәкірттерімен бірге оқып, артынша ешкіммен сөйлеспестен құбылаға қарап отырып, Алла тағаланы зікір ететін. Күн шыққанша осы күйінен арылмайтын. Шәкірттері де осылай істейтін. Күн шыққаннан кейін жүзін шәкірттеріне бұрып, оларға дәріс өтетін, насихаттарын айтатын.

Бос сөз сөз, бөстекі әңгімеден қашып, естігендерге пайдалы нәрсе айтатын. Бойынан әдемі иіс сезілетін. Таза әрі жарасымды киінетін. Кей уақыттарда үйінен шықпай, тыныштықта әрі тафаккурмен (терең оймен) уақыт өткізетін. Жасап жүрген жақсылықты істерін жасырып ұстайтын, жақсы қасиеттерін де байқатпауға тырысатын. Істеген сауапты істерін ешкімнің білгенін қаламайтын. Ата-анасына көп жақсылық жасайтын. Бірақ ол кісілердің жеген ыдысынан ас ішпейтін. Себебін сұрағандарға: «Мен ол ыдыстан ас алсам, қарап отырған болса, көңілдеріне алып қала ма деп қорқамын» дейтін.

Бірде анасы шақырды. Қатқыл жауап айтып қалды. Артынша қатты өкінді.  Дереу барды да жаңағы қылығына кешірім болсын деп, екі құл азат етті. Үйлері бар еді. Сол үйлерде мұсылмандар ақша төлеместен тұратын. Пәлендей ақша төлеңдер десе, олар көтере алмай қиналып қала ма деп, олардан төлемақы алмайтын. Тіліне ие болып, ешқашан жаман сөз айтпайтын. Өте ақылды, парасатты жан еді. Құран кәрімді көп оқитын. Намаздарын жамағатсыз оқымайтын.

Ибн Мусғаб (р.а.) былай деуде: Аунның ұлы Абдуллаһпен жиырма төрт жыл бірге болдым. Барлық ісін қадағаладым. Әр іс-әрекетін дінге үйлесімді атқаруға көңіл бөлетіні соншалық, періштелер бұл кісіге қателік жазбас деген ойға қалдым».

Яхьия әл-Қаттан да «Аунның ұлы Абдуллаһтың артықшылығы адамдар арасында ең бір дүниені тәрк еткені емес, тіліне өте абай болуында. Ол кісі тіліне өте абай болатын кісі еді».

Ибн Мубарак ол турасы «Дәл сол кісідей мұқият намаз оқыған кісіні көрмедім» деді. Абдурразақ деген кісі басқа кісілердің де бар екенін айтып қалғанда, «Осы кісінің өзі жетпей ме?!» деді.

Ғалымдардан Раух деген кісі де «Бұл кісіден өткен құлшылық жасаушыны көрмедім» деді. 

Ибн Аун еш ашуланбайтын. Ашуландырғысы келгендерге, тек дұға етумен шектелетін. 

Мұхаммед ибн Фудала айтуда:

«Бірде түсімде ардақты пайғамбарымызды (с.а.с.) көрдім. «Ибн Аунды зиярат етіңіздер. Өйткені Алла тағала мен елшісі оны жақсы көреді» деді.

Биқар ибн Абдуллаһ әс-Сирини ол кісінің күнара ораза ұстайтын әдеті болғанын айтады. Ибн Мүбарактан Ибн Аунның бұл дәрежеге қалай жеткенін сұралғанда, ол кісі «Шыншылдығымен» деп жауап қатты.

Ибн Аун былай деді: «Әй, бауырларым, мына үш нәрсе істегендеріңізді қалаймын. Күндіз-түні Құран оқу, жамағаттан қол үзбеу және нашар істерге жол бермеу».

Ибн Аун Мұхаммед ибн Сириннен төмендегідей хадис шәріптерді риуаят еткен:

«Жұма күні бір сағат бар, намаз оқыған әлдекім сол уақытқа тап келіп игілік тілесе, Алла сол тілегін оған береді»;

«Ең жақсы ораза бауырым Дәуіт пайғамбардың оразасы. Ол күнара ауыз бекітетін»;

«Пенде бауырына көмек берген сайын Алла тағала да оның өзіне көмек беріп тұрады. Алла тағала қиыншылыққа тап болған жанға көмектескендерді жақсы көреді»;

«Алла тағаланың бір періштесі бар, әр намаз кезінде (Әй, Адам ұрпағы, өздерің үшін жаққан оттарды намазбен сөндіріңдер) деп тұрады.

«Расулаллаһ (с.а.с.) қолына астың түйірін алып жатып «Уа, кешірімі мол раббым, мені кешіре гөр!» дейтін».

 

1) Хилиятул әулия 3 том, 37 б.

2) Tазкиратул хуффаз, 1 том.

3) әл Алам, 4 том, 111 б.

4) Хүласа, 309 б.

5) Tахзибут тахзиб, 5 т. 346 б.

0 пікір