Ілімнің кітапханасы атанған – Абдулла ибн Уахб
Ілімнің кітапханасы атанған – Абдулла ибн Уахб
2 жыл бұрын 1265
Бақ БЕР

Ол Мысырда өскен үлкен ғалымдардың бірі. Есімі Абдуллаһ, Әбу Мұхаммед деп те аталған. Фиқыһ ілімінде имам мүжтахид, хадис ілімінде хафыз (жүз мың хадис шәріпті рауиларымен бірге жатқа білген) сиқа (сенімді) ерекше тұлға еді. 742 жылы туды. 812 жылы қайтыс болды. Жеті жасында ілім үйрене бастады. Шамамен 370 шақты ғалымнан ілім үйренген. Ол ғалымдардың ең танымалы хазірет Имам Маликтен бастап, хазірет Хайуа ибн Шұрайх, хазірет Саид ибн Әби Әюб, хазірет Ләйс ибн Сағыд, Сүлеймен ибн Біләл, Ибн Жүрейж, Сүфиян Сәури мен Суфиян ибн Үәйна хазірет секілді айтулы тұлғалар. Әсіресе хазірет Имам Мәліктің дәрістеріне көп қатысып, олардан ілім, әдеп үйренді. Бұл дәрістерде Имам Мәліктен (р.а.) естіген хадис шәріптерін, еңбектерін (сахабалардан жеткізген сөздері) әдеп пен тәрбиеге қатысты мәселелерді жинап, «әл- Мүжаласат» атты кітап дайындаған. Бұдан бөлек, хадис іліміне қатысты «әл-Жами» атты екі томдық еңбегі мен тағы екі том «Муатта сағир», «Муатта кабир», «Китабу ахуалил қияма уә тафсирул Құран» атты еңбектері бар.

Хазірет Имам Малик бұл кісіге жазған хаттарында «Мысырдың фақиһы Әбу Мұхаммед мүфиге» деп бастайтын. Бұдан басқаға фақиһ (фиқһты терең меңгерген ғалым» деп жазбайтын. Ілімі мол еді. Оны былайғы жұрт «Диуанул илм» (ілімнің кітапханасы) деп атаған. Ибн Әби Хатым былай деуде: «Мен Ибни Уәхбтың Мысырда және басқа орындарда риуаят еткен сексен мың шақты хадис шәріпке қарадым. Негізі жоқ бірде бір хадис шәріп көрмедім». Өзінен риуаят етілген хадис шәріптердің саны жүз мың шамасында. Хазірет Имам Маликтың шәкірттерінің бірі болып саналады. Ұстазы оны қатты жақсы көрген әрі сүннетті өте жақсы меңгергендігі айтылады. Ахмед ибн Салих «Ибни Уәхбтан көп хадис шәріп риуаят еткен өзге ешкімді танымаймын» деген. Хазірет Абдуллаһ ибн Уәхб, фиқыһ ілімінде оқ бойы алда еді. Осы себепті өзіне «хадис ілімі мен фиқһ ілімін қосқан» деген.  Бір жолы Имам Маликтың жанында Ибн Қасым мен Ибн Уәхб туралы әңгіме қозғалады.  Сонда Имам Малик (р.а.) былай дейді: «Ибн Уәхб бүкіл ілімдерде ғалым, Ибн Қасым болса тек фақиһ». Мәдина жұртшылығы бір мәселеде таласа қалса, хазірет Ибн Уәхбтың келуін күтетін. Келген кезінде таласқан мәселені білдіріп, берген пәтуасын қабылдаған.

Хазірет Ибн Уәхб былай дейді. «Алла тағала мені Имам Малик пен Ләйс ибн Сағыдтың себепкерлігімен адасудан сақтады». Себебін сұрағанда былай деді: «Хадис шәріптерді жинаумен шұғылданып жүргенімде, өзіме жеткен түрлі риуаяттар көріп кей тұстарда не істерімді білмей қалдым. Имам Мәлік пен Ләйс ибн Сағыдпен кездескенімде, олар маған (мына риуаятты ал, мыналарды алма. Мына хадис шәріптің мағынасы осындай) деп ескерту жасады. Осының негізінде мен адасудан аман қалдым».

Бір жолы сол дәуірдің халифасы оған хат жазып, би (қазы) болуға ұсыныс жасады. Бірақ ол жауапкершілігі ауыр болғандықтан бас тартты. «Неге қабылдамайсың? Алла тағаланың кітабы, Расулалланың (с.а.у.) сүннетімен үкім жүргізесің» дегендерге «Білмейсіңдер ме? Қиямет күні ғалымдар пайғамбар, қазылар және сұлтандармен бірге тіріледі» деген.

Меңгерген ілімін басқаларға да үйретті. Шәкірттерінің ең танымалдарының арасында бауырының баласы Ахмед ибн Юсуф әт-Таниси, Ахмед ибн Салих әл-Мысри, Ибраһим ибн Мұнзир, Яхья ибн әл-Макабири бар. Яхья ибн Бәкир былай деуде: «Хазірет Абдуллаһ ибн Уәхбтың өмірінің үштен бірі өзін тәрбиелеу әрі есепке тартумен, үштен бірі ілім үйретумен, үштен бірі қажылыққа барып келумен өткен». Қажылыққа 36 рет барғаны айтылады. Имам Ахмед ибн Ханбәл (р.а.) хазірет Ибн Уәхб жайында былай деген: «Уәхб ақыл, дін, ізгі амалдар иесі еді».

Ибн Уәхб (р.а.) біреудің «Сол уақытты есіңе ал, (кәпірлердің алдыңғы қатарлылары және оларға ергендер) отта бір-бірлерімен тәжікелескенде, әлсіз болғандар өркөкіректенгендерге былай дейді: «Біз (дүниеде) сендерге бағынып едік. Енді сендер мына оттың біразын бізден алыстата аласыңдар ма?» (Мүмин, 47) деген аятты оқығанын естіді. Бұл аятты ести сала Ибн Уәхбтың бойы дірілдеп кетті, біршама уақыт өз-өзіне келе алмады.

Ибн Уәхб (р.а.) хазірет Имам Маликтен риуаят етіп былай деді: «Пайғамбарымыздың қабірін зиярат етіп, сәлем бергісі келген адам (Әссәламу алайкә әйюхәннәбииу уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуху) деуі керек».

Ол риуаят еткен хадис шәріптердің кейбірі мыналар:

Пайғамбарымыз былай деді: «Кім маған салауат айтса, ол адам бір құлды азат еткендей сауап алады». Расулалла намазды аяғы ісігенше оқитын. Хазірет Айша: «Уа, Расулалла, Алла тағала сіздің өткен- кеткен барша күнәларыңызды кешіре тұра, мұнша неге өзіңізді қинайсыз?» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Айша, мен шүкір ететін құл болғым келеді» деп жауап қатады. «Бір садақа беріп, кейіннен садақасын қайтып алған адам құсқан құсығын қайта жеген итке ұқсайды». Хазірет Әбу Бәкір сыддық пайғамбарымызға  «Уа, Расулалла, маған бір дұға үйретіңізші, намазымда да, үйімде де соны оқиын» деді. Сонда «Былай де: Уа, раббым, мен өзіме көп кесір тигіздім. Күнәларды тек өзің ғана кешіресің. Мені кешір, мені ая. Өйткені шын мәнінде аяп, кешіретін өзің ғанасың» деген аятты естіді.

«Бір жерге түнемек болған адам (Аузу би кәлиматиллахи мин шәрри ма һалақа) десін. Сонда ол жерден кеткенге дейін оған еш нәрсе зиян тигізе алмайды». 

«Құл күнә немесе туыстарымен қатынасын үзбесе, және асықпаса, дұғасы қабыл болады». Сахабаларымыз «Уа, расулалла, асықпаса дегеніңіздің мәнісі не?» деп сұрағанда, «Дұға еттім, қабыл болмады деп, дұға оқуын үзбесе» деді. «Алла тағала рақымын жүз бөлік етіп жаратты. Тоқсан тоғызын жанына қалдырып, тек бір бөлігін ғана жер бетіне түсірді. Тіршілік иелері сол бір бөлік рақыммен ғана бір-біріне аяушылық білдіреді. Тіпті жануардың өзі төлін басып кетпейін деп тұяғын көтереді». Бір кісі Пайғамбарымыздан «Мұсылмандардың қайсысы қайырлы?» деді. Расулалла (с.а.с.) «Басқа мұсылмандарға қолынан және тілінен жамандық тимейтін жан» деді. Бір кісі Йеменнен хижрет жасап Мәдинаға келді. Пайғамбарымызға жолығып, өзінің жихад жасау үшін Йеменнен келгенін білдірді. Пайғамбарымыз «Йеменде жақындарың бар ма?» деп сұрады. Ол кісі әке- шешесі барын айтты. «Осында жихад жасауға келуге ол кісілерден рұқсат алып па едің?» дегенде, рұқсат алмағаны белгілі болды. Сонда Пайғамбарымыз былай деді: «Сен қайта Йеменге бар. Егер ата-анаң рұқсат берсе, жихадқа кел. Егер рұқсат бермесе, жандарында болып, ол кісілерге қара». «Кімде кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, не жақсы сөз айтсын, не үндемесін. Кімде кім Аллаға және ақыретке сендім десе, көршісін сыйласын. Кімде кім Аллаға және ақыретке сендім десе, қонағын күтсін».Хазірет Айшадан риуаят еткен хадис шәріпте хазірет Айша былай дейді: «Расулаллаға алғашқы уахи ұйқыда шынайы түс көрумен басталды. Көрген барлық түсі таңғы жарықтай анық орындалатын. Кейіннен көңілі оңаша болғанды ұнатты. Сол себепті Хира үңгірінде оңаша болғанды қалайтын. Сол жерде бірнеше күн болып құлшылық жасайтын. Өзімен азық та ала кететін. Кейіннен хазірет Хадишаның жанына қайтып, тағы да бірнеше күнге керекті азық алып кететін. Соңында Хира үңгірінде отырған бір кезінде күтпеген жерден Жәбірейіл періште келіп «Оқы!» деп бұйырады. Расулалла «Мен оқуды білмеймін» деді. Ғалам мақтанышы (с.а.с.) былай деп әңгімелейді: «Сол кезде періште мені демім үзілердей қатты қысты. Кейіннен мені босатып «Оқы!» деді. Мен тағы да «Оқи алмаймын» дедім. Періште мені екі, үш  рет қапсыра құшақтап, демім үзіліп кетердей қатты қысты. Тағы да босатып «Оқы!» деді. Мен «Оқи алмаймын» дедім. Соңында маған мына аяттарды оқыды: «Жаратқан раббыңның атымен оқы! Алла адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Саған қаламмен жазуды үйреткен раббың өте жомарт. Адамға білмегенін үйретті» (Алақ сүресі, 1-5) Осыдан кейін Расулалла (с.а.с.) әлгі құшақтап қатты қысқаннан (бір жағы шошынып) қорқып үйіне қайтты. Хадишаның жанына келіп «Үстімді жапшы, үстімді жапшы» деді. Жары мүбәрак денесін бүркеп жапты. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Хадиша, маған не болып жатыр өзі» деді. Сөйтті де болған жағдайды әңгімеледі. Қорыққанын айтты. Хазірет Хадиша оған былай деді: «Олай айтпа, қайта қуан. Ант етейін, Алла сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Өйткені сен туыстарыңа қарасасың, сөздің дұрысын айтасың, әлсіздерге болысасың. Кедейді демеп, қонағыңды күтесің. Әділдік жағын жақтап, халыққа көмек бересің». Осыдан кейін ол Расулалланы ертіп, Уарақа ибн Нәуфалға апарды. Ол кісі Хадишаның әкесінің бауырының баласы еді. Жахилия кезінде христиан дінін қабылдап, арабша жаза алатын. Інжілге қанық еді. Уарақаның көзі көрмей қалған кез. Мән-жайға қаныққан соң Уарақа былай деді: «Көргенің Мұса пайғамбарға да келген Жәбірейіл періште. Әттең, сенің дінге шақырған күндеріңде жас болғанымда ғой. Елің сені қудалап, көшуге мәжбүр болған кездеріңде тірі болғанымда ғой» деді. Расулалла таңырқап «Жұрт мені бұл жақтан қуа ма?» деп сұрады. Уарақа «Иә, кіндік қаның тамған жерден қуады. Өйткені уахи келген басқа пайғамбарлардың бәрі де жауыздыққа ұшыраған. Егер өмірім сенің дінге шақырған күндеріңе жетсе, барынша көмек берер едім» деді.

Осындай көп хадистер риуаят еткен Ибн Уәхб бір күні өзі жазған «Китабу ахуалил қияма» атты еңбегінен қиямет жағдайына қатысты жайттарды оқыды. Кітап біткенде өңі қуарып кетті, содан кейін-ақ ешкіммен сөйлеспеді. Біраз күн өткеннен кейін қайтыс болды.

0 пікір