Дұға – мүминнің қорғаны
Дұға – мүминнің қорғаны
9 жыл бұрын 6127
Алдаберген Үсен

Мұсылмандардың өмірінде намаз, ораза секілді құлшылықтар қандай маңызды орын алатын болса, дұғаның да қадір-қасиеті олардан еш кем емес. Араб тіліндегі «намаз» мағынасында қолданылатын «ас-салат» сөзінің де түбірі дұға, тілек деген сөздерден шығатыны да көп нәрсені ұқтырса керек.

«Дұға» – мүминнің қорғаны, Раббысына шын беріліп, оған әркез мұқтаж екенін сезінген жанның көңіл жұбанышы.

«Дұға» – мүминнің Раббысының құзырында дәрежесін биіктететін көркем құлшылық.

Адамзаттың асыл тәжі пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла тағаланың алдында дұғадан қадірлі еш нәрсе жоқ», – деп, дұға етудің қаншалықты маңызды екеніне назар аудартады. Сондықтан «дұға» мүмин пенденің өміріндегі айрылмас серігі болуы керек. Себебі «дұға» Алла тағала мен оның пендесінің арасын байланыстыратын алтын көпір іспеттес.

Алла тағала махаббатпен жаратқан пендесінің дұға-тілегін қайтарусыз қалдырмайды. Құран кәрімде Алла тағала: «(Уа, Мұхаммед) Егер құлым мен жайлы сұраса (айт) негізінде мен өте жақынмын. Егер маған дұға жасап, тілек тілегенге мен міндетті түрде жауап беремін...», – деген («Бақара» сүресі, 186-аят). Сол үшін пендеге дұғам қабыл болмай жатыр деп асығыстық жасауына болмайды. Алла тағала пендесінің дұғасын тікелей қабыл қылады немесе сол дұғасының себебімен алдағы уақытта бір жаманшылықтан сақтайды яки сол дұғасының салмағындай күнәларын кешеді. Қала берді, дұғасының қарымтасы ретінде қияметте бір сый әзірлейді. Қалай болғанда да пенденің жүрекжарды тілегі елеусіз қалмайтыны анық.

Көбінесе біз дұғаға жан қысылған қиын сәттерде ғана иек артамыз. Ал ақиық елшінің (с.а.у.): «Кімде-кім дұғасының қиыншылыққа тап болған кезінде қабыл болуын қаласа, өмірінің жарқын сәттерінде де дұға етуін көбейтсін», – деген хадисі бізге өміріміздің әрбір сәтінде дұғадан қол үзбеу керектігін білдіреді.

Негізінде дұға етудің де өзіндік жөн-жоралғысы жоқ емес. Мүмин пенде дұғасының қабыл болуын қаласа, дұғаны шынайы ықыласпен қылу, харам астан сақтану, дұғаның анық қабыл болуына шын көңілмен сену, дәретті болу, дұға қылғанда шектен шықпай тек жақсылықтарға бағыттау  деген секілді шарттарды қаперге алуы ләзім.

Ең алдымен дұғалардың алдыңғы сапында Құран кәрімде және пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетінде келген дұғалар тұрады. Неге десеңіз, ол дұғалардың мағынасы терең әрі Құранның сөзі және пайғамбарымыздың сүннеті болғандықтан сауабы да мол. Сондықтан әрбір мұсылманның Құран мен пайғамбар сүннетінде келген дұғаларды оқып-үйренуі өте маңызды. Сонымен қатар Алла тағаланың көркем есімдерімен дұға қылудың артықшылығы Құран кәрім мен хадистерде айтылған. Хақ тағала қасиетті кәламында: «Ең көркем есім Алла тағалаға тән. Оған сол есімдермен дұға етіңдер», – дейді («Ағраф» сүресі 180-аят).

Хазірет Әнәс (р.а.) былай деп риуаят етеді: «Расулаллаһпен (с.а.у.) бірге мешітте отырған болатынбыз. Бір мұсылман намаз оқып жатқан еді. Намаздан кейін ол былай деп дұға етті:

«Алла тағалам, мен мақтаудың саған тән екендігін және Сенен басқа тәңір болмағандықтан Сенен тілеймін. Нығметті берген Сенсің, аспан мен жерді жаратқан Сенсің. Уа, Зул-жәләли уәл-икрам, әл-Хай және Қаюм болған Алла тағалам...».

Расулаллаһ (с.а.у.) бұдан кейін былай дейді: «Ол адам Алла тағалаға ең ұлы есімдерімен дұға етті. Ол исми-ағзам (ұлы есімдер), сол есіммен дұға етілген кезде қабыл болады. Ол есімдермен сұралған кезде Алла тағала сұрағанын береді».

1 пікір
  • Өкінішімізді сезініп, сол қателікті қайталамауға әрекеттенуге жазсын. Кешірімді тек өзімізге емес, туған-туыс, дос-жаран, ата-анасына, тіпті күллі мұсылман үмбетімізге жасауға: «Уа, раббымыз! Есепке тартылатын күні мені, ата-анамды және барша мүминдерді кешіре гөр!» (Ибраһим сүресі, 41) дегені, жаратушымыз бәрін де кешіреді,пендешілікпен осыны кеш ұғынбауымызды түсініп жүруге бағыттайды екен.
    9 жыл бұрын