Қазақстанда мұсылмандықты қабылдаған миссионер
Қазақстанда мұсылмандықты қабылдаған миссионер
2 жыл бұрын 2063
Айдос Абдулла

Тарихи кітаптардан мұсылман елдерін тура жолдан тайдыру үшін келген көптеген миссионерлердің мұсылмандықты қабыл алғаны жайында оқығаным бар еді. Тамыз айының жиырма екісінде АҚШ-тың Феникс қаласының бір мешітінде Джон атты бұрын мормон ағымының миссионері болған, қазір мұсылман азаматпен таныстым. Әңгіме барысында оның Қазақстанда миссионерлік қызмет атқарғандығын және мұсылмандыққа келуіне себепші еліміздің мұсылмандары болғандығын білдім. Оның дініміз жайлы айтқан пікірлерінен үлкен әсер алдым. Бұл таныстық «Ислам дінінің қадіріне жете алып жүрміз бе?» деген ойға қалдырды. Бәлкім, еліміздің азаматтарын да миссионердің қалай мұсылман болғаны қызықтырар деген оймен Джоннан islam.kz сайты үшін сұхбат алдық. Кейіпкердің өтініші бойынша толық аты- жөні мен суретін жарияламауды жөн көрдік.

 

Джон, Ассалаумағалейкум. Бізге алдымен өзіңіз, отбасыңыз, өскен ортаңыз жайлы жалпы мағлұмат айтып өтсеңіз?

Уағалейкумассалам. Мен АҚШ азаматымын. Туып-өскен жерім мормондардың негізгі шоғырланған мекені Юта штаты. Әке-шешем, туыстарым христиандар, мен де христиан діні негізінде тәрбиеліндім және христиан құндылықтарын бойыма сіңіріп өстім. Атап айтқанда, христиандықтың ішінде көптеген ағымдар бар. Біздің бала кезімізден ұстанған, сенген ағымның аты Мормон ағымы. Отбасыда осы ағымның ұстанымдары айтылғандықтан әлемдегі ең дұрыс жол осы деп сеніп өстік. Әке-шешем бала кезден адамның өміріндегі ең маңызды дүниелердің бірі дін мен сенім деп үйретті. Сондықтан болар сенім мәселесі өмірімде өте үлкен маңызға ие. Бұл ағымды ұстанатындардың көбісі шіркеуге барып тұратындықтан мектеп уақытында тапқан достарымның барлығы мормоншылар болды. Мектепті бітіргеннен кейін де мормоншылардың университетіне «инженерлік іс» мамандығына оқуға түстім және діни білімімді жалғастырдым. Мормон ағымы маған көп нәрсе берді және көп нәрсе үйретті. Ол жақсылықтары үшін оларға деген ризашылығым жоғары деңгейде.

 

Миссионерлікке қалай келдіңіз?

Мормон шіркеуінің талаптарына сәйкес әр кәмелеттік жасқа толған адам миссионер болуы керек. Яғни, жақсы мормон болғың келсе, ең алдымен миссионер болу керек деген ұстаным бар. Миссионер болмаған адам жақсы мормон болып есептелінбейді. Сондықтан, кәмелеттік жасқа толғандардың көпшілігі миссионерлік қызметке барғысы келеді. Менің достарымның барлығы миссионер боламыз деп шешкендіктен, мен де осы жолды тандадым. Мормон шіркеулерінің басшылығына мені миссионерлік қызметке жіберулерін өтініп хат жаздым. Он күннен кейін менің Қазақстан мен Ресейге баратындығым жайлы хабар келді. Осы кезде миссионерліктен бөлек, өзге мемлекетке баратын болдым деген де ой болды. Барлығы анық болғаннан соң бірнеше ай орыс тілі дәрістеріне қатыстым. Ресейге кетпес бұрын бізге жақсы миссионер болудың жолдары, діни уағыз айту мен адамдарды ағымға тартудың әдіс-тәсілдері үйретілді. Миссионерлікке дайын болғанда Ресейге келдік және осында өзіміздің ағымға адамдарды уағыздай бастадық. Басты мақсат - адамдарға мормон ағымының сенімін қабылдату.  Осында бірнеше ай миссионер болғаннан соң, осындағы миссия басшысы менің Қазақстанға баратынымды және сонда миссионер болатынымды айтты.

 

Содан...

Көп уақыт өтпей Қазақстанға келдік. Алғаш келгенімізде бізге адамдарды уағыздауға рұқсат бермеді. Қазақ тілін үйренуіміз қажет еді. Тек адамдармен сөйлесіп олардың психологиясын зерттеуге рұқсат берді. Бір күні досымыз екеуміз әуестікпен мешітке барып қайтайық деп шештік. Мешітке барған күн жұма намазы болатын күн екен. Мешітке намаздан біраз ертерек келдік. Сондықтан, адамдардың арасында отырдық. Имам уағыз айтты, құран оқыды содан соң азан шақырылғаннан кейін адамдардың барлығы намазға тұрды. Біз де адамдармен бірге болғандықтан намаз оқуымызға тура келді. Дәлірек айтқанда, сондай кейіп таныту керек болды. Намаз оқығанда ғажайып күйде болдым. Алланың жақындығын өмірімде бірінші рет сездім. Аллаға ең жақын болған сәт сол кезде басымды сәждеге қойған сәт деп ойлаймын. Құранның оқылғаны өзіме қуат бергендей болды. Мешіттен шыққаннан кейін: «Егер мен өзімді үнемі намаз уақытындағыдай күйде сезінетін болсам, мұсылмандықты бірден қабылдар едім», - деп ойладым. Санамда: «Неге мен басқа мемлекетте, басқа дін ұстанушыларының арасында өзімді бұлай жақсы сезіндім?», «Мен ұстанатын мормон ағымы дұрыс па?» деген секілді сұрақтар мені қатты мазалады.

 

Сұрақтарға жауап таптыңыз ба?

Иә, таптым. Бірақ мешіттен шыққаннан кейін миссионерлік қызметті қайта жалғастырып жүре бердім. Адамдарды мормондыққа тарту үшін Қазақстанның астанасы Астанаға да келдім. Өзіміздің шіркеуде исламды зерттеуге мүмкіншілік болмағандықтан, бос уақыттарда осындағы Нұр-Астана, Әзірет Сұлтан мешіттеріне келіп мешітке келуші мұсылмандарға сұрақтарымды қойып жауап ала бастадым. Мешітке келіп жүргенде алғаш рет құран оқыдым. «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөйлем жолдары мені қатты ойландырды. Себебі Құранды оқығанға дейін әлемде «Үш Құдай» (Мәңгі әке, Мәңгі әкенің ұлы Ұлы Иса және Киелі Рух) бар деп ойлайтынмын. Қаншама діни кітаптар оқысам да «Көмекті қай Құдайдан сұрау керектігін?», «Мені кім және қалай жаратты?», «Істеген күнәларымның кешірімін қай Құдайдан сұрауым керек?» секілді сұрақтардың жауабын таба алмадым. Мәселен, мормондар Құдай өзінің баласын өзі жаратып, өзі өлтірмегенде адамдардың күнәсын кешірмес еді дейтін біздерге. Сонда: «Ұлы Иса Құдай болса ол қалай өледі?» деген сұрақтар да мазалайтын. Бүгін ойланып отырсам мормондарда пайғамбарларға қатысты бір ізді, үйлесімді ұстаным жоқ екен. Исламда толық мұсылмандықтың бір белгісі жер бетінде өмір сүрген барлық пайғамбарларға иман келтіру. Әр адам үлгі тұтуы керек адам болса, ол ең бірінші кезекте пайғамбарлар болуы тиіс. Исламда барлық нәрсені тек Алладан сұрау керектігі және Алла қаласа адамның кез-келген күнәсін кешіретіндігі қатты ойландырды. Яғни, бұл Оның шексіз мейірімді әрі кешірімді екендігін көрсетеді емес пе?!

 

Ислам дінін қалай қабылдадыңыз?

Көп сұрақтарға жауап таба бастағанда АҚШ-қа қайттым. Еліме оралған уақыт Оразаның уақытымен тұспа-тұс келді. Содан Ораза уақытында қаладағы мешіттерге барып жүретінмін. Осындағы мұсылмандармен намаз оқу, соңынан дұға жасау және жасаған дұғаңды естуші бір Алланың бар екендігін білу керемет сезімге бөлейтін. Бай мен кедейді бір дастархан басына отырғызатын, бір-бірінің жағдайын білуге жағдай жасайтын, өз нәпсіңді тәрбиелейтін оразаның бар болғаны тамаша әсер етті. Адамдардың арасындағы материалдық алшақтықты жоюға мүмкіндік беретін Зекеттің маңыздылығын түсіндіргенде ғана оның қасиетін білдім. Содан көп уақыт өтпей тілімді кәлимаға келтіріп исламды қабыл еттім. Маған қатты ұнағаны іздеп қарасаң ислам дінінен адамға маза бермейтін барлық сұрақтарға жауап табуға болады екен. Қазір көп адамдар: «Не үшін, кім үшін, қандай мақсатта өмір сүріп жатырмыз?» деген сауалдың жауабын таба бермейді. Егер адамдар кез-келген мешітке кіріп осы сұрақты кез-келген имамға қойса іздеп жүрген жауаптарын алар еді деп ойлаймын.

 

Ата-анаңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?

Ислам дінін қабылдағанымды анамнан басқалары қабыл етті. Анам әлі күнге дейін мормондыққа қайт, дұрыс жолда жүрген жоқсың деп айтып тұрады. Анамның бұл сөздерін ананың балаға деген ерекше махаббатынан туып жатқан дүние деп ойлаймын. Сондықтан, мен де өзімдікі дұрыс деп дәлелдеуге тырыспаймын. Айтқанның өзінде ол кісілердің көзқарасын өзгерту қиын. Әкеме, анама, бауырларыма нағыз мұсылманның теледидардан көрсетіп жатқан адамдар емес екендігіне сендіру тек өзіме байланысты деп ойлаймын. Егер мен жақсы адам болсам олардың да исламға деген көзқарасы өзгерер деген үмітім бар. Алла қаласа, болашақта ата-анаға қарайтын, олардың жағдайларына қарасатын көркем мінезді әйелге үйленсем, ол кісілердің, туыстарымның исламды қабылдауына, жақсы пікір қалыптасуына түрткі болар еді деп ойлаймын.

 

Сіз қазақша, түрікше және орысша біледі екенсіз. Бұл тілдерді миссионерлік мақсатта үйрендіңіз. Ал қазір бұл тілдерді қандай мақсатта қолдана алып жүрсіз?

Иә, алғашқыда миссионер болу үшін үйрендім. Ал қазір білетін тілідерімнен пайдалы дүниелер алуға тырысамын. Мәселен, Қазақстанда Қайрат Жолдыбайұлының кітаптарын оқыдым. Кітаптары санамда жауап таппай тұрған сұрақтарға жауап берді. Muslim.kz сайтының тұрақты оқырманымын. Орысша сайттардан umma.ru сайтын оқып тұрам. Түрік тілінде ислам жайлы ақпарат мүлдем көп десе де болады. Енді, Алла қаласа islam.kz сайтын да тұрақты оқып тұратын болдық.

 

Біздің оқырмандарға қандай тілегіңіз бар?

Қазақстан маған қатты ұнады. Адамдары өте қонақжай және мейірімді. Ислам негіздерін ұстануға толық жағдай бар. Жалпы исламды Қазақстанда танып-білгендіктен қазақ халқы маған ерекше ыстық. Мұсылман болғаныма бірінші кезекте Аллаға, екінші кезекте қазақ халқына ерекше ризамын. Алла Сіздердің бақытты ғұмыр кешулеріңізді жазсын!

Сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!

АҚШ, Феникс қаласы

2 пікір
  • Керемет мақала."Иә, алқашқыда миссионер" қатесін түзетіп жіберсеңіздер.
    2 жыл бұрын
  • Osydan 4 jyl byryn osy Feniks kalasynda boldym. Musylmandar kop byl kalada. Meshitterde az emes.
    Byl suhbatty oki otyryp Alla Tagalanyn meirimi sheksiz ekenine tagy da koz jetkizesin...
    2 жыл бұрын