"Қу жалған"
"Қу жалған"
10 жыл бұрын 4390
Абай Хамза

Осы сөзді бала кезімізде апаларымыздың аузынан көп естідік. Ешкімге емес, өзіне-өзі айтатын, «Үһ, қу жалған-ай!» деп, күйбең тіршіліктен майысқан белін көтергенде,  шаршаған жүзі әжімнен көрінбей, кеудесінен жалын шығара айтқан осы сөзден бір кеңейіп қалғандай сезілетін. Көкіректен шығатын бұл күрсініс – дүниенің алдамшы екенін ұққан адамның аузынан ғана шығатын үн секілді.

Өз апам өмірлік қосағы қырық төрт жасында  саяси  жаламен  ұсталып  бара жатқанда, үйінің босағасында тұрып: «Кемпір, мен енді, оралмаспын, махшарда көрісейік!» - депті. Сол кезде он жеті жастағы жалғыз ұлын, үш ұзатылмған қызын Құдайға аманат етіпті...

Апам ұл-қызының қызығын қанша көргенмен, шалының табалдырықта тұрып айтқан ақырғы сөзі қырық жыл өтсе де құлағынан кетпегендей елеңдеумен өмірі өткен секілді. Асыл атам хақ иманын бір ауыз сөзге сиғызып жарына аманат еткен ғой. Осы уәденің мезетін тосумен ақыретті аңсағанда, «Қу жалғанды» айтып, көңілін тыныштандырумен, қайран апамның ақырғы демі жетіпті.

Бізге естелік болып қалған атам Хамза мен апам Нұрғайшаның осынау жалғыз ауыз шолақ сөздерінен-ақ, оларды кәміл мұсылмандар деп, нақ сенемін. Өтпелі дүниеге алданбай мәңгі дүниеге нақ сенген, баянсыз өмірден ақырет өмірін артық санаған мұсылмандардың мінезі осындай болса керек.

Бірақ, бұл дүниені – жалған дүние деп, түңілудің өзі Жаратқанның жақсылықтарына шек келтіру болады делінген. Өмір – адамға Алладан берілген сыйлық және барлық игіліктерімен қоса берілген ғажайып көрініс. Өмірдің сонша қымбат екенін бір рет алатын тыныстан-ақ бағалауға болады, бір сәт тыныс бөгелсе – өткен көп өмірден де, келер жақсы өмірден де пайда жоқ, дәл сол мезет бәрінен қымбат екендігін,  бүкіл өміріміз әр тыныстан құралғандығын сонда білеміз. Өйткені, өмір бір тыныстың кетуімен аяқталады.

Ұлықпан хакімнің ұлына: «Екі нәрсені ұмытпа! Әр тыныспен өмір беретін Алланы, бір тыныспен шығып кететін ажалды!» деуі содан.

Өмірдегі игілік те солай. Бір жұтым сусынның құнымен-ақ сансыз игіліктердің қадірін түсінуге болады. Баяғыда бір патша аңның қызығымен жүріп сусыз сахараға шығып адасып кетеді. Соңғы сусындарына дейін патшасына беріп, жолдастары түгел шөлден қырылады. Патша, енді, өлгелі жатқанда ел кезген диуана  кезігеді. Ол әулие болса керек, әр жұтым суына патшамен сауда жасайды. Алғашқы жұтым суға патша ойланбастан бүкіл байлығын беруге уәде етеді, екінші жұтым суға қатын-баласын сатады, үшінші жұтым суға алтын тағын береді...

Балалық, жастық, махаббат, өнер-ғылымның қызықтары  тек адам-пенде болып туғандарға Алла Тағаладан бұйырылған. Басқа мақұлықаттарға олар нәсіп етілмеген. Осы сансыз хикмет арқылы Жартушы өзін білсін, берілген игіліктерге таңданып, өзімді танысын, алғысын білдіріп құлшылық жасасын деп, ақыл-ой атты асыл құралды бізге берген. Осы ақыл-ойдың қаншалықты құнды нәрсе екендігін білсін деп, көз алдымызда ақылынан алжасқан есалаң пенделерді көрсетіп қойған.

Алдымыздан әділет пен зұлымдық та, сор мен бақ та қатар кезігуі солардың жақсы, жаманын  ажыратсын деген сынақ қана. Себебі, Жаратушы бізге жақсыны таңдауды, жаманнан тыйылуды бұйырған. Ол екеуін ажыратпасақ, жақсы деп жасағанымыз – зұлымдық, жаман деп, тастағанымыз әділет болуы бек, мүмкін. Өткен өміріміз сондай өкініштерге толы. Көз алдымыздағы пайдасыз «пайда» үшін, ақырет пайдасын сатып, қасіретке қаламыз. Мысалы, арақты «денсаулық үшін!» деп, алданып ішіп, «жан саулығын» сатқанымыз секілді. Бұл дүниенің сынақ екенін, сынақ кеткен соң, алдамшы бір көрген түс секілді болатынын ұмытамыз.

Асыл апамның «Қу Жалған!» деген көңіл дұғасы сол алдамшылардан сақтану үшін айтылған асыл көңілінің көрінісі екен ғой...

2 пікір