Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айттыңыз ба?
Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айттыңыз ба?
2 жыл бұрын 4897
Құдайберді БАҒАШАР

Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) көзі тірісінде көрсетілген құрмет өмірден озғаннан кейін де тоқтамаған. Өйткені ол тура жолды көрсетіп, үмбетін жақсылыққа бастаған кемел жан. Пайғамбарға салауат айту – әр мүминге міндет. Ол міндеттілікті аят, хадистерден көруге болады. «Қиямет күні маған ең жақын тұратын адам – осы өмірде маған ең көп салауат оқыған адам» (Тирмизи, Салат, 357); «Нағыз сараң менің атым аталғанда, салауатын қимаған жан» (Тирмизи, Дағуат, 110); «Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат жаудырып, он күнәсін кешеді. Дәрежесін он есе биіктетеді» деген хадистер де осыны қуаттауда (Нәсаи, Саху, 55).

«Салауат» – «салат» деген сөздің көпше түрі. Сөздікте «Дұға, кешірім, мақтау» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ Алла рақым жаудырсын, сәлем етсін деген мәндегі пайғамбарға арналған дұғаларды қамтиды. Аллаға мадақ айтқаннан кейін пайғамбарымызды да қосып, «Уассалату уәссәләму ала сәйидина Мұхаммадин уә ала алихи уә сахбихи әжмаин» деп жасалған дұға осы салауатқа жатады. Кітаптардың бас жағына салауаттың жазыла бастауы Аббасидтер әулеті билік құрған Харұн Рашидтың кезеңінде (хижри 181 ж.) басталғаны айтылады.

«Ахзаб» сүресінің 56-аятында салауат туралы мәлімет беріледі. «Анығында Алла да, періштелері де пайғамбарға сауалат айтады. Әй, иман еткендер, сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар!». Бұл аятта Алла Тағала өзінің әрі періштелердің Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтатынын білдіріп, мүминдерді де салауат айтуға шақыруда.

Соңғы елшіге салауат айтып, сәлем жолдаудың әдеп әрі мұсылмандық дәстүр екендігі, Мұхаммед аты аталған сайын салауат жолдаудың уәжіптігі, намазда салауат оқудың сүннеттігі жайында ғалымдар ортақ пікірде. Әбу Ханифаның пікірінше, куәлік сөзі секілді әр мұсылманға өмірде кемі бір рет салауат айту парыз. Кей ғалымдар пайғамбардың аты аталған сайын салауат айту уәжіп десе, бірқатары хазірет пайғамбардың есімі қанша рет қайталанбасын салауаттың бір рет айтылуы уәжіп деп түсіндірген. Дегенмен Мұхаммед есімі аталған сайын салауат айтуды әдет етудің сауабы зор.

Әбул Ала әл-Мәудуди жоғарыдағы аят жайлы былай деген: «Салауат мәселесін неге қозғағанын еш қиындықсыз түсінуге болады. Бұл өзі бүкіл жаулардың ислам жеңістеріне қызғанышпен қараған кезең еді. Мұсылмандардың күн сайын күшейіп келе жатқанын көре алмай аяқтан шалушылықтар жасайтын. Аят түскен кездегі жағдай осы еді. Алла Тағала аятта мынаны меңзеуде: кәпірлер, мұнафықтар мен мүшріктер хазірет Пайғамбарға қанша жала жапса да, бәрібір дегендеріне жете алмайды. Өйткені мен пайғамбарға мейірімдімін әрі сансыз періштелер де оны қолдауда. Дұшпандары бар абыройын төмендетуге тырысқанмен, бәрібір көздегендеріне жете алмайды. Өйткені мен елшімнің есімін ардақтаймын, періштелер де үнемі оған қадір-құрмет көрсетуде. Менің рақымым мен берекем жауып әрі періштелерім «Уа, әлемдердің иесі, Мұхаммедті биік дәрежелерге жеткіз, ислам дінін кең жай, өркендет» деп күндіз-түні тілеп тұрғанда, жауласқандардың қастық әрекеттері мен айла-шарғылары пайғамбарға еш кесір тигізе алмайды» (Мәудуди, Тафхимул-Құран).

Имам Құртуби да осы аяттың тәпсірінде мына бір оқиғаны әңгімелеген:

Бірде сахабалар: - Уа, Расулалла! «Ахзаб» сүресіндегі: «Алла мен періштелері пайғамбарға салауат айтады...» деп басталатын аяттың мәнін түсіндіріңізші? – деп өтінгенде, мынандай жауап естіген:

«Бұл сұрағандарың илми макнунға жатады (құпия ілім). Егер өздерің келіп сұрамағанда, мен оны ашпас едім. Алла мен үшін екі періштені міндеттеді. Егер бір мүмин мені еске алып, салауат айтса, осы екі періште Алла да сені кешірсін деп дұға етеді. Алланың (өзге) періштелері осы екі періштенің дұғасын қостап «әмин» дейді, Алла да (дұғаны қабыл алады) (Құртуби, әл-Жами ли ахкамил Құран, Бейрут 1985, XIV, 233).

Салауат айту дұғаның қабыл болуына себеп. Дұға оқығанда әуелі Аллаға мақтау, одан кейін пайғамбарына салауат айтылуы керек. Өйткені хадисте «Сендер дұға оқығанда Аллаға мадақ айтып, іле пайғамбарына салауат айтып, сәлем жолдаңдар. Содан кейін барып әркім өзіне қалағанын тілесін» делінген (Тирмизи, Дағуат, 66.).

Салауаттардың түрлері көп-ақ. Кейбірінен «жер бетіндегі ағаштардың жапырақтарының санындай», «жер бетіне жауған жаңбыр тамшыларындай», «жер бетіндегі теңіз, мұхиттардың толқындарының санындай салауат жаудырамыз» делінген ғажап теңеулерді кездестіруге болады. Дегенмен бәрін қамтитын салауат түрі «Алланың ілімінің санындай» екені айтылады. Өйткені Жаратушы иенің ілімі шексіз екені белгілі. Дегенмен тарихта XV ғасырдан бері салауат жинағы ретінде Мұхаммед ибн Сүлеймен әл-Жазулидың (1465 ж.) «Дәлалилул хайрат» атты еңбегі кең танымал. 

Салауаттардың пайғамбарға жететіні даусыз. Өйткені бір сөзінде расулалла «Жер бетін аралап жүретін періштелер болады. Үмбетімнің маған жолдаған салауаттары мен сәлемін жеткізіп тұрады» дейді (Нәсаи, Саху, 46).

Мұсылман үмбеті салауат айтып, сәлем жолдау арқылы пайғамбарға деген махаббаты мен сүйіспеншілігін көрсетеді, өзіне тән биік дәрежеге жетуіне тілектестік білдіріп, ақыреттегі шапағатынан үміт етеді. 

2 пікір
  • Сәлли уә селлим әла сейидинә мухаммедин уә әла әлихи уә әсхабихи ежмайин
    2 жыл бұрын
  • Кандаи салауаттар бар паигамбарымызга
    1 жыл бұрын