Пайғамбарымыз (с.а.у.) бекіткен ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ...
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бекіткен ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ...
2 жыл бұрын 3605
Салтан САЙРАНҰЛЫ

ҚР Бас прокуратурасы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi биыл жол-көлік апатынан қаза болғандардың саны былтырғымен салыстырғанда 1,7 пайызға артқанын хабарлады. Яғни, биылғы жылдың алғашқы алты айында 8 мың 608 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 мың 15 адам көз жұмған. Ал жарақат алғандардың саны 11 мыңға жуық. Өткен жылғымен салыстырғанда биылғы жартыжылдықта қаза болғандардың саны 146 адамға көбейген. Бұл тек 6 айдың ғана көрсеткіші. Алдыда әлі тағы да жарты жылдың мәліметі шықпақ.

Осыншама адамның ажалын жолдан табуына әртүрлі факторлар себеп болады. Соның көбі жол ережелерін, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болады. 90 км/сағ-пен өтетін жерден 140-пен өте шығамыз, қарсы бетке шығуға тыйым салынатынын ескерткен жол белгілерін ескермей жатамыз, қызылдан өтпеу керек екенін біліп тұрсақ та, көзге ілмейміз, қауіпсіздік белдігін тағуды қанша ескертіп жатса да, құлақ аспаймыз. Нәтижесінде жол апатынан қаза тапқан 1 мың 15 адамның қатарынан бір күні бірақ шығамыз. «Сақтансаң, Құдай сақтайды» деген аталы сөзді біле тұра сақтанудың алғышарттарын атқармаймыз.

Көлік бір тәуекел құралы іспеттес. Техника болған соң, қанша жерден сенуге болады десең де, күтпеген жерде, ойламаған ақауы шығады. Не болмаса, көлік жүргізуді қанша жақсы меңгердім десең де, байқамаған тұстан көлік апатына тап болуың мүмкін. Сондықтан да, көлікті тәуекел құралы дейміз. Ал тәуекел Аллаға ғана етілетіндіктен, көлік жүргізудің де Пайғамбарымыз (с.а.у.) бекітіп берген жол ережелері бар. Әр мұсылман жол полицияларының бекіткен жол ережелерімен бірге, адамзаттың ардақтысы болған Алла Елшісінің (с.а.у.) де ұсынған жол ережелерін сақтауы тиіс. Ендеше сүннетке сай көлік жүргізу тәртібін ұсынамыз.

1. Көлікке отырарда дәрет алып алған жөн. Дәреттінің бойынан шайтан ұзақ тұрады. Себебі, көлік жүргізу тәуекелді қажет ететінін айтып өткеніміздей, адам жолында нелер болатынын болжап біле алмайды. Сондықтан да, дәрет алып жүру керек деуіміздің себебі, қаза жететін болса, дүниеден дәретпен озған болады. Пайғамбарымыз өзінің хадисінде: «Шын тақуалар ғана дәретпен жүруге тырысады», – деген.

2. Көлікке мінерде бұл нығметтің берушісін, яғни Алла Тағаланы еске алу керек. «Алла Тағала барша мақлұқаттың түрлерін жаратты. Үстіне шығып жүруіміз үшін кеме, мінуіміз үшін хайуандарды жаратты» (Зұхрұф сүресі, 12-аят). Сол себепті де Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың (көліктің) үстіне мінген кездеріңде Раббыларыңның жақсылығын еске алыңдар», – дейді (Зұхрұф сүресі, 13-аят).

3. Алланың бұл жақсылығын еске алғаннан кейін Пайғамбарымыз «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп Қасиетті Кітабымыз Құрандағы мына дұғаны айтуға кеңес береді: «Бізге осыларды бойұсындырып берген – барлық нұқсан-кемшіліктен пәк Алла! Әйтпесе, бұған біз жолай алмас едік».

Арабшасы:

سُبْحَانَ الَّذِي سَخَّرَ لَنَا هَـٰذَا وَمَا كُنَّا لَهُ مُقْرِنِينَ وَإِنَّا إِلَىٰ رَبِّنَا لَمُنقَلِبُون

Оқылуы:
Субхәнәл ләз̃ии сәххарә ләнә һәз̃ә уәмә куннә ләһу муқриниин.

Бұдан басқа тағы да дұғалар айтуға болады. Мәселен, Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген:

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сапарға шығарда түйесіне мініп, жайғасып алған соң, үш рет «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып: «Бұны бізге бағындырған Аллаһ ұлы әрі кемшілік атаулыдан пәк! Егер оны бізге бағынышты етіп жаратпағанда, оған қауқарымыз жетпес еді. Түбінде бәріміз де Раббымызға қайтамыз. Уа Аллаһ Тағалам! Бізге осы сапарда игілік, тақуалық және Өзің разы болатын игі амалдар жасауды нәсіп ет! Уа, Алла Тағалам! Сапардағы серігіміз де, артта қалған отбасыларымыздың өкілі де бір Өзіңсің! Уа Аллаһ Тағалам! Сапардың машақатынан, сары уайымға салатын қандай да бір жағдайдан және сапардан оралғанда дүние-мүлкіміз бен отбасымызды бәле-жалаға ұшыраған күйде көруден бір Өзің сақтай гөр!», – деп дұға жасайтынды.

Сапардан қайтқанда осы дұғаларына «Біз сапардан қайтып келеміз, Раббымыздың алдында тәубеге келіп, құлшылық етіп, мадақ айтып келеміз», – деген мадақ сөздерін қоса айтатын». 

4. Көлікке отырғаннан кейін қауіпсіздік үшін Аятул-Күрсиді оқып, Алланы зікір еткеніңіз артық етпейді. Шайтан көбіне адамды көлікте отырғанда түртеді. Жолын қиып өткеннің, жетіп алып оның да алдын орап састыруды кеңес етіп, дұрыс жүрмей, жолдың үстінде сен үшін ыңғайсыз жағдай туғызып кеткенді сыбап салуға, асығып бара жатқанда жол бермегенді боқтап тастауға, сақталуы тиіс ережені бұза салуға азғырып тұратын осы шайтан. Сондықтан да, мұсылман өмір жолында да, көлік жолында да оның құрығына түспеудің алдын алуы тиіс. Мұсылман жол ережелерін барынша сақтауға міндетті. Оның үстіне Пайғамбарымыз: «Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де біреуге зияны тимейтін мұсылман», – дейді.

5. Көліктің жылдамдығын шектен асыра қатты айдамау. Пайғамбарымыз (с.а.у.) астымыздағы көлікті, яғни мінген аты мен түйесіне жақсы қарауды әмір еткен. Яғни, қажетсіз болдырып, шапқыламауды, уақытында оттатуды, көтере алмайтын жүкті артпауды өсиет еткен. Бүгінде ат мен түйені темір тұлпар алмастырғандықтан бұл әмірлер бұған да жүреді. Былайша айтқанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) көліктің шектен тыс жылдамдығын арттырмауды, дер кезінде майын, құрал-сайманын ауыстырып тұруды, кір болса жууды, рұқсат етілген салмақтан артық салмақ салмауды, ережеде белгіленген жолаушыдан артық жолаушы алмауды әмір еткен деп біліңіз.

6. Көлік сүрінгенде «бисмиллә» деу. Бірде бір сахаба есегімен келе жатып, үстінен ауып құлап қалады да «Көзі құрығыр шайтан!» деп шайтанды қарғап салады. Мұны естіп қалған Алла Елшісі (с.а.у.) бұрылып: «Шайтанды сөкпе! Егер шайтанды сөгетін болсаң, шайтан үйдей дәуге айналып, «Мен адамды жеңдім!» деп масаттанады. Оның орнына «бисмиллә» деп айт. Бұл сөзден шайтан шыбындай болғанша кішірейе береді», – дейді. Сондықтан да көлігіңіз сүрінгенде, жолда жүріп бара жатып қандай да бір ақаулығы туындаса, «бисмиллә» деуді ұмытпаңыз.

7. Көлікте асықпау. Көптеген жол-көлік апаттары жүргізушінің асығуынан болып жатады. Пайғамбарымыз: «Асығыстық – шайтаннан, сабыр – Алладан», – дейді. Қазақ «асыққан – шайтанның ісі» дейді. Қанша асықсаңыз да Алланың белгілеген уақытында жетесіз. Сондықтан да, барар жеріңізге асықпай бару үшін ерте шығыңыз.

8. Біреу жол сұраса, беру. Не қандай да бір өтініш қылса, шама келгенше жәрдемдесу. «Өзіңе тілегенді өзгеге тілемейінше кәміл иманға қол жеткізбейсіңдер», – дейді Ардақты Елшіміз (с.а.у.). Кей кезде біреу жаңылысып, басқа қатарға тұрып қалып жатады. Сол кезде сізден жол сұрайды. Мұндайда оған жақсылық қылу тек иманыңызды арттырады. Кемелдікке бір қадам басқан боласыз.

Міне, осы ережелерді ұстану мұсылман үшін міндет. Басымызға келетін бәленің көбі өзіміздің жол ережелерін сақтамауымыздан. Оны Алла Тағала да Қасиетті Құранда айтады. «Бастарыңа келген бәле-жала өз қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен», – дейді (Шура сүресі, 30-аят). Немесе: «Басыңа келген жамандық – өзіңнен», – дейді Алла Тағала (Ниса сүресі, 79-аят).

3 пікір
  • "8 мың 608 адамның қатарынан" деген тұсты қайта түзетіңіз(1 мың 15 адам)
    2 жыл бұрын
  • мына факторды да ескеру керек шығар: соңғы уақытта қазақстандықтар көлікті көптеп сатып алды. Соған байланысты көлік апаты да көбейіп отыр. тек жол ережелерінің бұзудан көрмеу керек. статисткалық мәліметтерге талдау жүргізгіп көру керек.
    2 жыл бұрын