«Өлсем, орным қара жер...»
«Өлсем, орным қара жер...»
2 жыл бұрын 1761
Құдайберді БАҒАШАР

Абай атамыз көзі тірісінде сәл ілгеріге ойша көз жүгіртіп:

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?!

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?!

Махаббат ғадауатпен майдандасқан

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?! – деп терең ойға шомғаны белгілі. Сірә, қазақта қара сөзге дес бермеген жан қабірге түскенде, қойылатын сұрақтар кезінде тілдің жағдайы қалар болар екен деп алаңдаса керек.

Иә, бұл дүниеде әй дейтін әжесіз, қой дейтін қожасыз, алаңсыз өмір сүрген пенденің сұраққа алынуы тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып, денесі жер қойнына табысталуымен басталмақ. Өлген кісіні қабірде сұраққа алатын екі періштенің Мүнкар мен Накир деп аталуы олардың алабөтен бейнеде екендігіне байланысты.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Қалай өмір сүрсең, солай өлесің, қалай өлсең, солай тірілесің», - деп ескерткеніндей, әр адамның өмір жолын таңдау еркі өте маңызды. Өйткені әркім қабірге түскенде, санасында әбден жатталған ұғымдармен жауап қатады. Әһлі сүннет бойынша, Алла жан салғандықтан, өлген кісі тілге келеді. Қабір сұрақтарына мүминдер жауап береді, ал кәпірлердің тілі күрмеледі.

Құран кәрімде осы екі періштенің аты айтылмайды, қабірде сұрақ қоятындығы туралы да анық мәлімет кездеспейді. Алайда төмендегідей кейбір аяттардың осыған ишара жасағанын, тіпті кейбірінің тұтастай қабір сұрақтарына қатысты екенін әһлі сүннет ғалымдары мойындаған.

«Алла иман еткендерді дүниеде де, ақыретте де нық сөзде табанды етеді. Қиянатшылдарды адастырады. Алла қалағанын жасайды» (Ибраһим, 14/27) деген аятта өтетін «ақыретте» деген сөз – қабірді, «нық сөз» – куәлік сөзін меңзеуде делінген.

Ибн Мажә «Сүнән» атты еңбегінде былай деуде: «Алла иман еткендерді нық сөзде мығым етеді» деген аят қабір азабы (сұрағы) жайлы түсті. Өліден қабірде: «Раббың кім?» деп сұралады. Ол: «Раббым Алла, пайғамбарым Мұхаммед» деп жауап қатады». Міне, мүминнің осы жауабы: «Алла иман еткендерді нық сөзде дүние тіршілігінде және ақыретте табанды етеді» деген мағынадағы аяттың мәні (Ибн Мажә, Зүхд, 32).

Ал хадистерге келсек, Әбу Хұрайра өзі естіген мына хадисті риуаят еткен:

«Мәйітті жерлегенде, оған көзі аспандай (көк), қап-қара екі періште келеді. Бұлардың бірін Мүнкар, екіншісін Накир деп атайды. Өлген кісіден: «Мына кісі (Мұхаммед) жайында не дейсің?» деп сұрайды. Мұсылман кісі болса: «Ол Алланың құлы әрі елшісі. Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін» дейді. Періштелер: «Біз де осылай дейтініңді білгенбіз» дейді. Артынша қабірі жетпіс зираға дейін кеңейтіледі әрі жарық етіледі. Осыдан кейін оған: «Жат!» дейді. «Отбасыма жағдайымды білдірсе бола ма?» деп сұрайды. Олар: «Сүйгені оятқанша оянбайтындай болып ұйықта» дейді. Ол сол жатқаннан Алла тағала өзін қайта тірілткенге дейін ұйықтап жатады. Егер екіжүзді болса: «Әйтеуір жұрттың айтқанын еститінмін, пәлен дей алмаймын, білмеймін» деп жауап қатады. Періштелер: «Осылай дейтініңді біліп едік» дейді. Содан кейін арнайы бұйырғанда, қабір оны қысып, қабырға сүйектері бір-бірімен айқасып кетеді. Осы қалпынан Алла оны қайта тірілткенге дейін азап көреді» (Тирмизи, Жанаиз, 70).

Әһлі сүннет бойынша, екі періштенің қабірде өлген кісіні сұраққа алуы ақиқат. Қабірдің қысып, қинайтыны да ақиқат. Бұл жағдай барлық кәпірлерге және Құдайға қарсы келген кейбір мүминдерге тән (Имам ағзам, Фиқһул акбар).

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) мәйітті қабірге жерлегеннен кейін: «Бауырларыңа Алладан кешірім тілеңдер, қазір ол сұраққа тартылуда» деген (Әбу Дауіт, Жанаиз, 67). Тағы бірде қабірде азап көруге осы өмірде адамдар арасында сөз тасу мен кіші дәреттен толық тазаланбау себеп болатыны ескертілген. Сондықтан мұсылмандар әрдайым бұған мән беріп, дұғада қабір азабынан сақтай гөр деп тілеген.

Қабір сұрақтарынан мынандай аса маңызды жағдайды түйеміз. Әр адам үшін осы өмірді қалай өткізгені, санасында не жатталғаны, кімдермен араласып, қандай ортада жүргені, нендей құндылықтарды басшылыққа алғаны, ненің соңында жүргені, ақиқатты қаншалықты танығаны т.б. өміршең болып табылады.     

Осы тұрғыда Имам Құртубидың мына айтқан сөзі ой саларлық: «Мен небір адамдарды көрдім. Кейбірі қайтыс боларында (күйбең тіршілік ештеңеге жар бермегендіктен): «Әй, жәшікті әкел, шөпті апар, сабанды сал, атты байла» деп жатты. Енді бірі ислам туын көтеріп үнемі жорықта жүргендіктен: «Атымды әкел, қылышымды бер, мені атыма мінгізіңдер» деп жатты. Яғни әркім айналысқан ісіне қарай өмірін түйіндейді».

Қазақ халқы да қабірде сұрақ боларына бек сенген. Базар жырау бір өлеңінде осыған назар аудартқан: 

Жан кеудеден кеткен соң,

Жайнаған көзің жұмулы,

Ақша бетің қуарар.

Тірліктегі істерің,

Қараңғы көрге кірген соң

Бастан-аяқ сұралар...

1 пікір