Мәзһабтарға бөліну жайында айтылған хадистер
Мәзһабтарға бөліну жайында айтылған хадистер
2 жыл бұрын 2200
Смайыл СЕЙТБЕКОВ

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Мұсылмандар жетпіс үш топқа бөлінеді» деген хадисі мұсылмандар арасында әу бастан бері көп талқыға түсіп, түрлі пікірлердің айтылуына себеп болған мәселелердің бірі. Алдымен осы айтылған хадистерге тоқталып өткеніміз жөн.

1. Хазіреті Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Яһудилер жетпіс бір тармаққа бөлінді. Христиандар жетпіс екі тармаққа бөлінді. Менің үмметім жетпіс үш тармаққа бөлінеді» (Ибн Мажа, Фитән 17).

2. Хазіреті Ауф ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаят бойынша Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Яһудилер жетпіс бір ағымға бөлінді. Олардың біреуі жәннатта, қалған жетпісі тозақта. Христиандар жетпіс екі ағымға бөлінді. Олардың біреуі жәннатта, қалған жетпіс бірі тозақта. Мұхаммедтің жаны қолында болған құдіретті Аллаға ант етемін, менің үмметім жетпіс үш ағымға (фирқаға) бөлінеді. Солардың біреуі жәннатта, қалған жетпіс екісі тозақта». Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Олардың қайсысы жәннатта болады?» – деп сұрайды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сахабаларымның жолында болғандар», – деп жауап берген екен (Ибн Мәжа, Фитән бабы).

3. 

 وعن ابْنِ عَمْرِو بن العاص رَضِيَ اللّهُ عَنْهما قال: قَالَ رَسُولُ اللّهِ: لَيَأتِيَنَّ عَلى أُمَّتِى مَا أتَى عَلى بَنِي إسْرَائِيلَ حَذْوَ النَّعْلِ بِالنَّعْلِ، حَتّى إنْ كَانَ مِنْهُمْ مَنْ أتَى أُمَّهُ عََنِيَةً لَيَكُونَنَّ في أُمَّتِى مَنْ يَصْنَعُ ذلِكَ، وَإنَّ بَنِي إسْرَائِيلَ تَفَرَّقَتْ عَلى اثْنَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَسَتَفْتَرِقُ أُمَّتِى عَلى ثََلاثٍ وَسَبْعِينَ مِلَّةً؛ كُلُّهَا في النَّارِ إَّلا مِلَّةً وَاحِدَةً. قَالُوا مَنْ هِىَ؟ قَالَ: مَنْ كَانَ عَلى مَا أنَا عَلَيْهِ وَأصْحَابِى. أخرجه الترمذي.

Хазіреті Абдуллаһ ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Исраил ұрпақтарының басына келген барлық нәрсе менің үмбетімнің де басына келеді. Аяқ киімнің аяқ киіммен ұқсас болғаны секілді олар да бірдей жағдайға ұшырайды. Тіпті олардың арасынан анасына ашық түрде жақындағандар шыққанындай үмметімнен де ондайлар шығады. Исраил ұлдары жетпіс екі тармаққа бөлінген. Үмметім жетпіс үш тармаққа бөлінеді. Бұлардың біреуінен басқа бәрі тозақтық болады». Сонда сахабалар жұмақтық болатындардың кімдер екенін сұрайды. Хазіреті Расулалла (с.а.у.) былай жауап береді: «Мен сахабаларыммен қай жолда болсам, сол жолдағылар» (Тирмизи, (2643) Иман 18).

4. Хазіреті Әнәстан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген екен: «Исраил ұлдары жетпіс бір тармаққа бөлінді. Үмметім болса жетпіс екі тармаққа бөлінеді. Біреуінен басқа барлығы жәһаннамда болады. Бұл бір бөлік жамағат болғандар» (Ибн Мажа, Фитан бабы).

5.

 وعن معاوية رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللّهِ فقَالَ: أَ إنَّ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ مِنْ أهْلِ الْكِتَابِ افْتَرقُوا عَلى اثْنَيْنِ وَسَبْعِينَ مِلَّةً، وَإنَّ هذِهِ اُمَّةِ سَتَفْتَرِقُ عَلى ثََلاثٍ وَسَبْعِينَ فِرْقَةَ: ثِنْتَانِ وَسَبْعُونَ في النَّارِ، وَوَاحِدَةٌ في الْجَنَّةِ، وَهِىَ الْجَمَاعَةُ. أخرجه أبو داود

Хазіреті Муауиядан (р.а.) риуаят бойынша, Хазіреті Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы ғана жұмақта болады. Жұмақта болатындар – жамағат» (Әбу Дауд, Сүннет 1, (4597)).

Осы айтылған хадистерге зер салып қарайтын болсақ, яһудилер, христиандар және мұсылмандардың жетпістен аса тармаққа бөлінетіні анық. Демек, бөліну індеті мұсылмандарға ғана тән емес. Тарихқа үңілсек, хадисте айтылғандай, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз дүниеден өткеннен кейін мұсылман қауымы өзара түсінбеушілік пен түрлі себептерге байланысты көптеген ағымдарға бөлінуге мәжбүр болған. Әр ағым өзінің ұстанған бағытын хақ жол деп, аят пен хадистен дәлелдер келтіріп, бұқара халықты соңынан ертуге тырысты. Ислам заңы бойынша кез келген нәрсенің ақ-қарасын ажыратып, оны орындау үшін Құран аятынан, Пайғамбар (с.а.у.) хадисінен дәлел келтіру керек. Сол секілді пайда болған әр ағым өздерінің жолын ақиқат деп айта білу үшін алдымен аят пен хадистен дәлел келтіруі тиіс. Ислам тарихында пайда болған барлық ағымдар жоғарыдағы хадиске сүйеніп, өздерінен басқаларды адасқан деп айыптап, хадисте айтылғандай өздерін «жұмаққа баратын топ» ретінде санап, ақиқат жаршылары етіп көрсетуге тырысты (Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi. Mezhepler arasındaki farklar). Әрине, бұлай жасау – үлкен қателік. Өкініштісі, өзінің адасып жүргенін мойындамай, өзгелерді айыптауы мұсылман қауымын дүрдараз етті. Қала берсе, бір-біріне қарсы қылыш көтеріп, қаншама бейкүнә мұсылманның қаны төгіліп жатты.

Ислам тарихына көз жүгіртіп, әһлу сүннет ғалымдары тарапынан адасқан деп үкім етілген ағымдарды зерттеп қарайтын болсақ, басым көпшілігі жеке бастың қамы немесе белгілі бір топтың билікке келу жолындағы саяси мүдде мен мақсаттың негізінде шыққандығы байқалады. Олар көздеген мақсаттарына жету үшін Құран аяттары мен сүннеттен дәлел іздеп, шариғатты бұрмалап, өз жолдарын ақтауға тырысқан. Алайда, тарих өзіне өзі төреші демекші, мұндай адасқан ағымдар уақыт өте келе әшкереленіп, жойылуға мәжбүр болған.

Дінді өз мақсаттарына бұрмалағандарды қазіргі саяси партияларға теңесек артық болмас. Саяси партия өкілдері өздері ғана елді ең жақсы, әділдікпен басқаратындарын, халықтың жоғын жоқтайтындығын айтып, дауыс жинауға тырысса, адасқан ағымдар да өздерін ең дұрыс жолда, ең шынайы сенім мен жәннатқа барудың тікелей есігі екенін айтады. Ағымдардың қазіргі партиядан айырмашылығы сол, олар тікелей билікке жету үшін шықпаған. Олар Құран мен сүннетті түсіну мен орындауда, ең дұрыс жолды ұстанатындарын жарыса жарнамалайтын.

Жоғарыда хадистерде айтылғандай, жұмаққа баратын, адасудан құтылған, Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) және ардақты сахабаларының жолын ұстанушыларға «әһлу суннат уәл жамағат» (сүннет жолын ұстанушылар және жамағат) атауы берілген. Әһлу сүннет құқықтық жағынан 4 мәзһабтан тұрады: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали. Аталмыш мәзһабтарды ұстанушылар жер бетіндегі мұсылманның басым бөлігін құрайды. Төрт мәзһабтан басқа бір жолды ұстану – қателесуге ұрындырады.

0 пікір