Мына дұғаны оқығанға ешнәрсе зиянын тигізе алмайды
Мына дұғаны оқығанға ешнәрсе зиянын тигізе алмайды
8 жыл бұрын 58068 Асқар Болатбекұлы

أَعُوذُ بِكَلِمَاتِ اللهِ التَّامَّاتِ مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ

Оқылуы: Ә‘уузу би кәлимәәти-лләәһит-тәәммәәти мин шәрри мә халәқ.

Мағынасы: Алланың мінсіз сөздерімен* күллі жаратылыстың кесір-кесапатынан сақтанамын!

Ұзақ жылдар бойы ардақты Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге болу құрметіне бөленген сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) бұл дұға жайлы мына оқиғаны тілге тиек еткен: «Бір кісі Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): Кеше түнде мені шаяншағып алды – деп, түні бойы көз ілмегенін айтып, мұңын шақты. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Егер кешкісін мына дұғаны оқығаныңда, ол сені шақпас еді», – деген екен. Сондай-ақ, Имам Тирмизидің еңбегінде Суһәйл ибн Әбу Салих (р.а.): «Айналамыздағы адамдардың барлығы осы дұғаны жаттап алып, күн сайын кешкісін оқып жүретін. Бірде қызметші әйелдердің бірін шаян шағып алды, бірақ, ол әйел одан ешқандай да зиян шекпеді», – деген. Жоғарыда келтірілген деректерге қоса осы дұғаға қатысты басқа бір хадисте Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде кім қандай да бір жерге (панажайға) ат басын тірегенде мына дұғаны оқыса, сол жерден аттанып кеткенге дейін оған еш нәрсе зиянын тигізе алмайды», – деп айтқаны риуаят етілген.

* Құран Кәрім және Алла Тағаланың көркем есімдері мен сипаттары

(Муслим, Китәбу әз-зикр 4883; Сунәну Тирмизи, да‘ауат 3359; Сунәну Ибни Мәжа, тыб 3538)

1 пікір