Кедейлердің жомарттығы
Кедейлердің жомарттығы
8 жыл бұрын 3850

Қайырым жасау, жомарттық дегенде ойға әуелі ақша мен байлық келеді. Ал шынтуайтында әр мүмин қолынан келгенше қайырым жасай алады және Алла назарында жомарттардың қатарынан табыла алады.  Расулалла (с.а.у.) байлыққа «Байлық дүниенің көптігі емес, негізгі байлық көңілдің байлығы» деген анықтама берген.

Қайырым жасау (инфақ) дегеніміз, Жаратушы иенің бізге аманат ретінде берген дүние, мүлік, махаббат пен өзге мүмкіндіктерді Алла көрсеткен түрде өзімізге, отбасымызға, туыстарымызға, діндес бауырларымыз бен бүкіл адамзаттың игілігіне жұмсауымыз. Әр мүмин әуелі жүрегіндегі иманы мен Алла сүйіспеншілігімен бай. Оның көркем мінезі мен мейірімі, қанағаты мен сабыры бөлек жеке қазына. Адам көңіліне Аллаға деген махаббат ұяласа, oл адам барша игілік пен жақсылықтың бастауы болады. Ол адам өзінен өзгелерге беретін көп нәрсе табады.   

Бір жолы Расулалла (с.а.у.) былай дейді: «Әр мұсылманның садақа беруі міндетті».

Сахабалар: «Садақа беретіндей ештеңе таппаса не істейді?» - деп сұрайды.

Расулалла (с.а.у.): «Еңбек етіп табыс тауып, өзі де игілігін көреді, әрі басқасына да садақа береді» деді.

Сахабалар: «Жұмыс істей алмаса не істейді?» - деп сұрады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұқтаж жандарға қол күшімен көмек береді» - деп бұйырды.

«Көмекке күші жетпесе не істейді?» деп сұралғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Жақсылықты бұйырады» деді.

«Оған да шамасы жетпесе не істейді?» дегенде: «Ешкімге жамандық жасамасын, бұл да өзі үшін садақа» (Бұһари).

Расулымыз (с.а.у.) әр мүминнің міндетті түрде жомарт болуы керектігін білдіріп әрі «не істейін, түгім жоқ» дегендерге садақа берудің жолдарын көрсеткен.

«Адамның күн сайын бүкіл дене мүшелері (қол, аяқ, ауыз және т.б.) үшін бір садақа беруі керек. Екі кісінің арасын жарастыру – садақа. Көлігіне мінгенге немесе жүк тиегенге көмек беріп жүгін көтерісу де – садақа. Жақсы сөз – садақа. Mешітке бара жатқанда намаз үшін басылған әрбір қадам – садақа. Жолдан өткіншілерге зиян тигізетін нәрсені алып тастау – садақа» (Бұһари).

 

Жақсылық жасауға зәруміз

Расулалла (с.а.у.) былай дейді:

«Садақа Раббыңның азабын басады және жаман өлімнің бетін қайтарады» (Tирмизи).

«Сендерден бірің Алла Тағаланың құзырында тұрады. Арада ешбір перде және тілмаш болмастан сөйледі. Алла Тағала одан: «Мен саған дүние бермедім бе?» деп сұрайды. Құл: «Иә, бердің» дейді. Алла Тағала: «Мен саған пайғамбар жібермедім бе?» деп сұрайды. Құл: «Иә, жібердің» дейді. Кейіннен құл оң-солына қарайды, дүниеде істеген істерін көреді. Алдына қарайды, дәл қарсы алдынан Тозақ отын көреді. Ақыры жағдай осы болатын болса, әрбірің жарты құрма (садақа беріп) болса да өздеріңді оттан қорғаңдар. Егер садақа беретін ештеңе таппасаңдар, мүмин бауырларыңа жақсы сөз айтып, тозаққа түспеуге тырысыңдар» (Бұһари).

«Әркім қиямет күні адамдар арасында үкім берілгенге дейін садақаның көлеңкесінің астында тұрады» (Ахмед, Хаким).

Бұл хадисті риуаят еткендерден Язид ибн Әби Хұбайб (р.а.) былай деген: «Маған бұл хадисті жеткізген Әбул Хайр Марсад ибн Абдиллаһ (р.а.) бір бөлік тәтті немесе бір пиязбен болса да, күн сайын міндетті түрде садақа беретін».

 

Кедейлік жомарттыққа кедергі ме?

Расулалла (с.а.у.): «Ешбірің Әбу Дамдан секілді бола алмайсыңдар ма?» деп сұрады. Сахабалар:

«Әбу Дамдам не істейтін еді?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Ол күнде таңертең: «Бүгін маған жәбір жасағандарды (мені жамандап, әділетсіздік істегендерді) кешірдім. Мені ұрғанды ұрмаймын, тілдегенді тілдемеймін, жәбір көрсеткенге жәбір жасамаймын» дейтін (Әбу Дәуіт).

Кейбір мұсылмандар жейтін азық, мінетін көлік таппағандығы үшін Tабук жорығына қатыса алмаған. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) оларға: «Сендерге мініске көлік таппадым» дегенде, жылап үйлеріне қайтқан. Бұлардың бірі Үлба ибн Зәйд (р.а.) еді. Үлба (р.а.) сол түні екі рәкат намаз оқыды, жылады, қолын жайып:

«Уа, раббым! Сен бізге жихадты бұйырдың және соған ынталандырдың. Кейіннен маған Расулыңмен бірге жорыққа шығатын мініс нәсіп етпедің. Мені міндіре қоятындай Расулыңа да ештеңе бермедің. Сенің жолыңда беретіндей заттай еш нәрсем жоқ. Бірақ мен әділетсіз түрде дүниемді тартып алған, қолымен мені жәбірлеген, тілімен намысыма тиген, артымнан мені шағыстырып, бетіме мені келекелеген барлық мұсылмандарды кешірдім, осыны садақа еттім» деп дұға етті.

Таңертең мешітке барып, көпшіліктің арасында отырды. Бір сәті түскенде Расулалла (с.а.у.):

«Осы түні садақа берген кісі қайда?» деп сұрады. Ешкім орнынан түрегелмеді. Расулалла (с.а.у.) қайтадан: «Осы түні әлгі садақа берген кісі орнынан тұрсын!» дегенде, Үлба (р.а.) орнынан тұрып, жағдайды түсіндірді. Расулалла (с.а.у.):

«Ендеше саған қуанышты хабарым бар. Мұхаммедтің шыбын жанын құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, сенің осы жасаған жанпидалығың қабыл болған зекет ретінде жазылды» деді (Ибн Хажар).

Адам еш нәрсе істей алмаса да, жақсы ниетімен осы тәрізді барлық ізгілікті істерге үлес қоса алады, үлес қосуы тиіс те. Барлық істің алғашқы бастауы – жүрек. Ниет болса – жүректің амалы әрі барлық істің негізі. Ізгілікті ниет сауап әкелуі үшін нақты шешім мен табандылық керек. Өйткені ерік пен қалау болмаса, ойдан өткен нәрселердің сауабы не күнәсі болмайды. Ниетпен сауап алу үшін бұдан бөлек жақсылық пен ізгіліктерді аңсау, жасау үшін мүмкіндік іздеу, нәсіп етші деп дұға ету әрі жасай алмаған уақыттарда іштей мұңаю керек.

0 пікір