Көзіңе қара, қара көз..!
Көзіңе қара, қара көз..!
3 жыл бұрын 2596
Мәриям Әбсаттар

«Көзіңнің қарашығындай сақта» деген сөз бар қазақта. Расында, қарашық кетсе, бітті, дөңгеленді не, сығырайды не, барынша бақырайса да бәрібір, көз енді ештеңе көрмейді деген сөз. Соқыр болдым дегенше, жарық дүниемен қош айтыстым дей бер. Ішімдегі бұл ызалы ой маған кенет бір қазақ қызының суретін көрген сәтте келді. Ол сау жанарын місе тұтпай, «жасанды жанар» яғни, түрлі-түсті линза салып алыпты. Сән үшін.

Көзінің көру қабілеті нашар адамдар жайлы сөз бөлек, бүгінде сау кө­зін соқыр қылуға құмартушы­лар­дың көбейіп келе жатқанын қалай түсінсек болады? Қазір контактілі лин­заның өзі медициналық және сәндік деген екі түрге бөлінуі соның айғағы емес пе? Яки, біздің айтып отырғанымыз – сәнқойлықтың шегіне шығып, қа­ра­шығын қалқалай «жа­сан­ды жанар» салып алушы­лар­дың қылығы.

 

  

 

Шарасынан шыққан көз немесе Шаринган деген не?

Біздің әке-шешелеріміз заманында көзі ауырса да, нашар көрсе де, онысын жасыруға тырысатын, себебі көзілдірік тағуға ұялатын. Ал қазір... жалпы, бүгінгі буынға түсті көз қай­дан келді? Бар кілтипан телеарналардан күн сайын жүріп жатқан кино, мультфильм, сериалдарда жатқан­дай. Әлемде әртүрлі адам болса, соның әрқайсысында әрқилы қылық бар. Киімді қойып, енді көзді сәндеу­ге көшкен қауымға да сол қара жәшік­ әр үйде әмірін жүргізіп отыр. Қа­зақтың қара көзі де бүгінде түсінен өзі жаңылатын ала көзге айналған. Қарапайым ғана дәлел, бүлдіршіндер сүйіп көретін жапон мультигі Нарутодан неше түрлі көз көруге болады. Соның ішінде ең атақтысы –Шаринган секілді. Бұл қандай көз деңізші?

Көз алмасы қып-қызыл, ортасын­да­ғы қарашық орнында ақ үтір. Үтірі көбейген сайын көздің кереметі де күшейіп, ол кө­зіне қараған қарсыласының бар құпия ақпаратын тартып алады, сондай-ақ жылдамдығы да үдей түседі. Міне, осын­дай қиялға талайлар имандай ұйиды ғой. Еліктеу жасындағы тинейджерлерді қойып, тіпті оны ұдайы пайдаланатын теле­­жүр­гізушілер де кездеседі. Басқа елде емес, қазақта! Әр эфир сайын көз құбылып тұрсын дейтін шығар. Небір әншілер жүр клипінде жасанды көзін жарнамалап.

 

Көз – көйлек емес!

Линзаның бүгінде түр-түрі бар. Суреті, түсінің әр келкілігінен бөлек, жарамды­лық мерзіміне қарай да неше түрге бөлінеді. Бір күндік, бір айлық, үш айлық, түрлері бар. Бағасы 4000 теңгеден басталатын линзаларды оптикаларда еркін сата бере­тін болған. Сатушы – дәрігерлердің өздері. Сосын тұтынушы сенбей қайтсін? Әр өткен өнімнен оптика дәрігеріне белгілі бір пайыз мөлшерінде пайда түсіп отырады. Нәти­жесінде, қалыпты клини­кадағы әріптесінен әлдеқайда жоғары жалақы алады. Солай­ша, жасанды жанар қып-қызыл сауда көзіне, ал «көз дәрігері «көз сауда­геріне» айналып шыға келген.

Өз кәсібіне адал офтальмологтар түрлі-түсті линзаға қатты құмартудан сақ болуды ескертеді. Себебі, линзаны құлпыртқан сайын көз әлсіреп, қандай да бір инфек­цияны жұқтырып алуы мүмкін, оның соңы жанардың суалуына, яғни соқырлыққа апаруы ғажап емес. Сондықтан бүгіннің өзінде шетелдік және ресейлік мамандар түсті линзаның қарсыласына айналып отыр. Өйткені линзаның кесірінен көз ау­руына шалдыққандар саны қазірдің өзін­де жүздеген мыңнан асып жығылса керек.

Мәдина ҚҰРАЛОВА, көз микрохирургі:

Қазір, өкінішке орай, оптикаларда сапасы төмен, арзан түсті линзалар ашық сатыла беретін болған. Соның кесірінен бүгінде көздің жұқпалы вирусты инфек­циясы, көздің су мөлдір қабығының лайлануы (вирусный конюктивит) көбейіп кетті. Бір күнде дәрігерге 10 адам келсе, соның бесеуінде осы ауру, яғни 50 пайыз деуге болады. Жастар арасында көзінің көру қабілеті төмендегендер жыл санап артып келеді, оның да бір себебі осы болуы ғажап емес. Себебі Күн сәулесі көзге дұрыс өтпейді ғой, көз бейнебір клеенканың ішінде тұрғандай болады. Ал клеенканың ішіндегі заттың Күн көзінен терлеп, суланып кететінін өздеріңіз білесіздер. Былайша айтқанда, көз терлейді де, содан түрліше ауру пайда болады. Көздің талып ауруы да аз емес. Екінші жағынан ол линзаларды оптикаларды әр көзге лайықтап егейді ғой, сол егеуі дұрыс болмай, көзге тар не кең болса да, соның өзі қалыпты көруді нашарлатуы мүмкін. Көздің нұры линзадан жақсы өтуі үшін линза кристалл секілді мөлдір болуы керек қой. Сондықтан көз дәрігері, көз жанашыры ретінде айтарым, тіпті көзінің көруі нашар болса да, мүм­кіндігінше көзілдірік киген дұрыс. Өйткені күн сайын ауыстыра берген көздер ары кеткенде төрт-бес жылда шаршап, одан түрлі ауру тауып алады, тіпті соқырлыққа да ұрынуы ғажап емес. Сондықтан жас жанар­ларға айтарым, көз – көйлек емес, ұнамайды екен деп шешіп тастай ал­майсыз.

 

Мұсылманның көзімен қарағанда...

Бұл – астамшылық, Алланың өзіне бергеніне адам көңілінің толмауы. Қасиетті Құран Кәрімде «Ниса», яғни қазақшаға аударғанда әйел деген арнайы сүре бар. Сонда Алла тағала Ібілістің әйелді азғыру үшін айтатын мына сөзінен біздердің сақ болуымызды ескертеді: «Мен оларға бұйырсам болды, олар міндетті түрде Алланың бергенін өзгертеді». Сондай-ақ Құранда жұмақ әйелдері жайлы айтқанда оларды қара көзді деп сипаттайды... Басы артық сөз айтпастан, осыдан-ақ көп нәрсені ұғуға болады.


Көз-дерек

Көз – жарық дүние. Өмір сүруімізге қажет ақпараттың 80 пайызын көз арқылы аламыз;

Адам әр 10 секунд сайын кірпік қақса, әр кірпік қағым уақыты секундтың үштен бірін құрайды. Бұл – тәуліктің 50 минуты көзді ашып-жұмуға кетеді деген сөз.

• Жаңа туған сәби шамамен 6 айға дейін кірпік қаға алмайды;

• Қос қарашығымыз шамамен 10 миллионға жуық түсті ажырату қабілетіне ие. Алайда адамдар жәндік секілді ультракүлгін сәулені көре алмайды.


Түйін

Біле білсек, күлудің өзі – бір ғанибет құбылыс. Күлгенде көзіміздің қалай от шашатынын біз сезіне бермейміз. Көзіңіз соқыр болсыншы, оның оты сөніп қалмай ма? Сол сияқты жылау да – ағзаға керек құбылыс. Жас тамшылау үшін де жанар сау болуы қажет. Себебі соқыр көзден жас та тамбайды. Ендеше, сондай қастерлі, сондай қымбат, сондай ғажап көзіңді неге қадірлемейсің, құрбым?! Көзіңе неге қарамайсың?!

1 пікір