Дүбәра
Дүбәра
10 жыл бұрын 6010
Құмарбек Қалиев

– Ассалаумағалейкум, аға, - деп қосарлана жамырай шыққан дауысқа бұрылғанда, оң жақ бүйінінде төрт-бес қадам жерде тұрған үш жігітті көрді. Сәлемді ала бере әлгілердің жүзіне таңырқай көз жүгіртіп шықты. Үшеуі де ақ тақия, ақ туфли, ақ шалбардың сыртына бос қоя берген ұзын етек ақ көйлектің үстінен қара желеткі киіп, сақалдарын қоя берген. Жас шамасы жиырманың о жақ, бұ жағындағы мына жігіттердің сырт тұрпаты бұған оқшау көрінді.

- Аға біз уағыз айтамыз, сіз сияқты үлкен адамдар мұсылмандықты біле бермейді, алдымен бес парызды үйретеміз, бірінші иманнан бастаймыз, – деп, дөңгелек сақалды жүзіне салиқалық беруге барынша тырысқан толықша қараторы жігіт:

- Мына серігім, – жанындағы ұзындау арық сарыны иегімен нұсқап, - Қазір иман айтады, сіз ілесе қайталайсыз, – деп бұның аузын ашуға келтірмей жөн үйрете жөнелді. Бағанадан кешігіп жатқан трамвайды тоса-тоса аялдамада тағаты таусыла бастаған бұған мына жәйт әрі қызық, әрі ермек көріне бастады.

-Аға, мен буынға бөліп, созып айтам, сіз қайталайсыз, - арық сары иегіндігі бес-алты қылды бір шымшып, тамағын кенеп ап, - Лә-иллаҺа илла аллаҺ, - деп, бұған иек қақты, «қайтала» дегені болар, бұл үндемеді.

- Жайлап айт, - деді арық сарыға толықтау басшысы.

- Лә-иллаҺа илла аллаҺ..., - деп, анау қайта созғанда бұл:

-...Мұхамадүр расул-аллаҺ-деп жалғады.

- Аға, сіз біледі екенсіз ғой, бағанадан неге айтпайсыз, - шоқша сақалын барынша өсіріп, төсіне түсіріп жіберген үшінші жігіт араласты.

- Оған мына бауырларым мұрша берді ме, - бұл аңырып қалған алғашқы екеуін нұсқап күлді, - Мені екі айналымға келтірмей мұсылман жасауға кірісті емес пе... Осы арада өздеріңнің кім екендеріңді сұрап үлгірейінші, қайдансыңдар, көше аралап уағыз айтқанды сендерден көрдім бірінші рет...

- Біз осындағы университеттенбіз, сабақтан кейін мешітте дәріс аламыз, - толықтау жігіт бастапқы қалпына келіп, маңғаздана сөйледі, - Содан соң осылай уағыз айтамыз.

- Мақсат не сонда?

- Мақсат адамдарды дін жолына бұру, оларға мұсылмандық тәрбие беру, кеңестік дәуірде тұралап қалған дінді қалпына келтіру. Жігіт жаттанды сөздерді кітаптан оқығандай заулатып тұр.

- Онда... Маған мынаны түсіндіріп беріңдерші, Лев Толстойдың «Казактар» деген хикаятын оқыған шығарсыңдар?.. – Бұл үшеуіне барлай қарағанмен, олардың түрінен «оқыдық.., оқымадық»- деген нышанды байқамаған соң, одан әрі қызулана қаузай берді. – Сонда, «...өзеннің ар жағынан “Лә иллаһа илла аллаһ...”-деп қосылып салған шешен күзетінің діни өлеңі естіледі» - деген. Мен мазмұнын айтып тұрмын, сөзбе-сөз емес, түсінесіңдер ғой, ә..?, - аналар дүдәмәлдана бастарын изеген соң, - Енді сендер маған ұғындырыңдаршы, сонда шешендер тіріде имандарын үйіріп жүре ме, әлде, бар мұсылман осылай істеу керек пе?..

Сәл мүдірістен кейін толық жігіт тағы да жол тауып кетті:

- Аға жүріңіз мешітке барайық, онда имам бар, кезекші молдалар бар, кеңінен отырып әңгімелесеміз, сіздің сұрағыңызға толық жауапты сонда береміз.

- Жоқ, бауырым, мешітке мен онсыз да барам қажетінде, ал қазір, қалаға келген шаруамды бітіруім керек, - деп, тарс-тұрс етіп кеп тоқтаған трамвайдың артқы есігіне ұмтылған көпке қосыла беріп, бұларға қайта бұрыла – «Дүмше молда дін бұзар» - дегенді естеріңде ұстаңдар, - деді.

... Одан бері де жылға таяу уақыт өткен осы уақиғаның бүгін еске түскені – бағана моншадан келе жатып Науанды көрген. Иә, бұнымен бір кеңседе, бірақ, басқа бөлімде екі жылдай қатар істеп, биыл наурыз тойының  алдында жұмыстан шығып, қалаға кетіп қалған Науан. Бір бөлімнің есеп-қисабы, компьютерлік операциялар, мемлекеттік мекеменің толып жатқан іс-қағаздарының үлкен үлесі Науанның мойнында екенін және басқалар қажып істейтін сол шаруаларды оның ойнап бітіретінін бұл көріп жұретін. Оның іскерлігі жоғарыдағылардың да назарына іліге бастаған. Бұған әсіресе ұнайтыны – Науанның мінезінің жұғымдылығы мен ойының ұшқырлығы еді. Бірер рет онымен бірге істейтін Әнипаның «Он в кабинете намаз читает, госучреждение в богодельню превратил, придурок...» - деп бұрқылдап жүргенін естіген. Сөйтсе... қазірше айтқанда, Науан дін жолында екен... Жас жағынан бұл оның әкесінен де үлкен болғанмен, екеуінің әңгімесі жарасатын-ды. Қандай мәселені Науан бұл пәнидің баянсыздығына, мәңгілік шын ғұмыр бақида екендігіне жеткізіп қорытындылайтын да, «... Аға, бұл дүниеде кішкентай бір жақсылық жасасақ, ол біздің бақилық ғұмырымызға салған депозитіміз, сондықтан байлық, қызмет, отбасы деп асыра сілтеуге болмайды, ол – күнә. Күнәдан таза болсын деп, Аллаһ тағала бізге сана берген, сол үшін де мұсылманның бес парызын әрқайсымыз өтеуіміз керек» - деп көсілетін. «Аға, мешітке келіңіз, сонда сізден үлкен адамдар да уағыз тыңдап жүр қазір, өзіңіз тазарып, жеңілдейсіз» - деп бұны да, басқаларды да үгіттейтін. Бұл жиырма беске толмаған балаң жігіттің осы сөздерін алғашында қызық көрген. Соңынан көңіліне күдік кіре бастаған. Неге бұл жап-жас бала өз кезеңінің қызығынан жерінеді, неге үй болуды, қызметті ойламайды, намаз оқығаны, ораза ұстағаны жөн-ақ, неге ылғи пәниді тәрк етіп, бекетте көлік тосқан жолаушыдай, о дүниеге аттанып кетуге әзір сияқты жүреді. Бірдеңе дұрыс емес-ау, сірә... Сонан да Науанның діни деңгейін барламақ болған. Бұның бір жаман әдеті – ойға алған нәрсесін қажеті болсын, болмасын түбіне жетіп, қарсы жақты мүдіртуге ұмытылатын сыңарезулік еді.Оның үстіне қазір ғаламтордың заманы, кез-келген ақпаратты сәтте тауып береді, тек басына сидыра біл де орнымен пайдалан. Ал, жадының мықтылығына бұның өкпесі жоқ-ты. Содан бұрын өзі қашқақтап жүретін осы салаға қойып кетсін. Сөйтсе, бұл дін дегеніңіз – ғылым ба, саясат па, қиял-ғажайып па, экономика-ма, әлде осының бәрі ме, қсықасы, мынау жалғанға өзі де білмей келіп қап, өлшеулі ғұмырын жер басып өткізіп жатқан біз сияқты міскін пенделердің қолы жетпейтін, тісі өтпейтін тылсым дүние екен. Ал, Науан сияқты уағыз айтушылардың қайсысымен болсын дауға түсетіндей ақпар жинағаны анық-тын. Бұл өстіп жүріп қыстың аяғы, қолайсыз уақытта екі жылғы демалысын зорға алып, толассыз боран-шашыннан ешқайда шыға алмай, Интернетке телміріп үйде жатқанда, Науан жұмыстан шығып, қалаға тартып отырыпты-ау.

Сол Науан қалаға кеткен соң жұрт «Ойбой, ол оқуға Аравияға кетіпті, жоқ оқуға емес, ғазауат жүріп жатқан бір елге соғысқа кетіпті, олай емес екен, Қазақстанды аралап кісілерді мұсылмандықтың теріс ағымына тартады екен, қызметінің аты далауатшы, бұрынғыша – диуана, дәруіш сияқты...» - деп біраз дүрліккен де басылған...

...-Ассалаумағалейкум, аға, - Науан қашанғы ақжарқын көңілімен мұны құшақтай кетті – Қалайсыздар, көрмегелі көп болды, денсаулығыңыз жақсы ма, апайдың жағдайы қалай?

Бұл да өз ретінде хал-жай сұрап қауқылдасып қалған, Науанды көргеніне қуанғаны рас-ты, «үйге жүр, шәй іш» - деген.

-Аға, сізге әдейілеп амандасу өзімнің ойымда да болған. Қазір мынау үйде бірге келген жолдас жігіт тосып отыр, – қарсы алдындағы екі қабатты үйді нұсқады, - Бір шаруаны бітіріп тастайын да барайын сіздердікіне.

-Жолдасыңды да ерте кел, - деген бұл.

... Науанның серігі одан  ересек көрінеді. Аты – Амангелді, өздері Аман дейді екен, бұл тәптіштеп сұрағанда айтқаны, өзі біздің ауданнан, қалада заңгер боп жұмыс істеген, екі жоғарғы білімі бар, үйленбеген. Бұдан әрі «Балаларға шәй ішкіз тергей бермей, үлгересің әлі...» - бәйбішесі тежеген соң барып, бұл да қонақ жігіттерді дәмге шақырып, күтуге кіріскен.  Шайдан соң есік алдындағы биік алма ағаштың түбіндегі сәкіге жайғасқаннан кейін ғана жай сұраған. Сөйтсе, елге тараған қауесет, шындыққа саятындай. «Ауыл аралап, уағыз айтып жүрміз»-дейді екеуі де сенімді үнмен. Сөздері қалада кезіккен ана жігіттердікінен ауса-шы... Бұл қарсы уәж айта алмай сәл тосылды да,

-... жазушы Толстой, саяхатшы Кусто, боксшы Мұхамед Әли мұсылмандыққа келгенде оларға кім уағыз айтқанын білесіңдер ме? – үндемей қалған жас достарына насаттана қарап ап, - Ал уағыз айтушылардың әр ағымда өз атаулары бар, сендердікі далауатшы деп естідім, сонда қай ағымдасыңдар -  деп, екпіндей тоқтады. Ана екеуі сол жігіттердің жаттанды жауаптарын қайталады.

- Ендеше, маған мынаны ұқтырыңдаршы, менің кеңестік қоғамда коммунистік идеямен жарақталған басыма мынау сыймайды. Сендерді ғой, өкімет бес жыл оқытып, маман ғып шығарды, дауласпаңдар, - аналардың бірдеңе айтпақ кейіптерін көріп дауысын қатайтты, Аманға қарап: -Сен екі жоғары білім алдым деп отырсың, тіпті ақылы-ақ оқыған шығарсың, бірақ, оны өзің тапқан жоқсың ғой, әке-шешеңнің ақшасын шаштың. Мұсылман дінінде «Қарызды қайтармаған – кәпірден әрі» деген, солай ғой (Аналардың дінде мұндай сөз барын, не жоғын білмейтіндігіне сенімі кәміл еді). Біздің кезімізде «отработка» деген болған. Оқу бітірген соң өкімет жіберген жеріне барып, кемі үш жыл қызмет атқаруың керек. Міне, қарызды қайтарудың қарапайым мысалы, одан кейін сол мамандығың сенің өміріңнің азығы болады, бір жағынан қоғамға пайдаң тиетін керек кірпішсің ұлы адам айтқан. Ал сендер бітірген оқуды тастап, істеп жүрген жұмсты тастап мұсылмандыққа бет бұрдық дейсіңдер. Қай дін саған кәсіп қылма деді, қай қызметте саған дінді ұстанба деді, ал, айта қойшы? – сонан соң жауап күтпей, - Енді мынаны қараңдар, бірің заңгер, бірің қаржыгерлікті тастадыңдар ғой, тастадыңдар, жоғары білімді тәрк еттіңдер де, әп-сәтте дін қызметшісі болып шыға келдіңдер, ә? Өздерің арабша түсінбек түгілі, қаріп танымайсыңдар ғой, кириллицадан оқисыңдар, сонда сендердің діни өрелерің бастауыш мектеп көлемінде ғана болып шықты ғой. Шыны сол ғой енді. Жарайды, иман айтасыңдар, намаз оқып, ораза ұстайсыңдар, садақа беру болса да бар. Одан әрі кімге не дәріс үйретесіңдер, ә?.. Бес жыл оқыған академиялық білімдеріңді іске жарата алмаған сендер, бес парызды естіп-ап, мұсылмандыққа тұлға бола қояр ма екенсіңдер? – бұл шаршап тоқтады.

-Аға, уағызды бізге сіз айттыңыз ғой, - Амангелді зорлана күлді. Науан қолындағы шыбығымен жерді сызып әлдене ойлап отыр. Мұның сөзін мүлде тыңдамаған сыңайлы.

-... Бағана Толстой, Кусто дедім ғой, олар ешкімнің уағызынсыз-ақ, мұсылмандыққа өз жүректерінің қалауымен келіпті. Ал, қазақ қашан исламға кірген, онда қай ағымды қалай ұстанған, оған дейін қай дінде болды – ол сөз алдына бір үлкен тарих. Менің ойымша – бұның бәрімен айналысуға жалқы адамның миы да, ғұмыры да жетпейді. Бір құдай, екі дүние бар екені пендеге аян. Ендеше, әркім өз өресінде жаратушыға құлдық етіп, өз тірлігін тыныш жасаса, сол жарап жатқан шығар. Осы бүгінгі кәпірге қарсы ғазауат жариялап жатқандар, анау ұсақ балаларды жиып ап зікір салып жүргендер, әй, осылардың қай-қайсысы да хақ дін жолындағы мұсылмандармыз дейді ғой өздерін, діннен хабары жоқ сарыауыз балапандар ермейді деймісің, солардың далауатына, ал, сол балапандардың обалына ана дүниеде емес, бұ дүниеде жауап беру керек қой біреу...

Әңгіме бұдан әрі өрбімеді.

- Аға, сіздің сөзіңізден кейін уағыз айтқаннан уағыз тыңдаған қиын ба деп қалдым ғой, бүгін Аман екеуміз тыңдаушы болып ауысқанымыз қандай жақсы болды, - Науан орнынан тұрды, - Сіздің осындай әңгімелеріңіз адамды сергітіп ширатады, кейде осы сәттерді сағынасың.

- Онда сағындырмай жиі келіп тұрыңдар...

Олар қош айтысып қақпадан шыққанда түн қараңғыланып қойған. Бұл үйге кіріп, телевизор қарап отырған бәйбішесінің жанына диванға жайғасты. Соңғы жаңалықтарда исламның теріс ағымына түсіп, лаңкесіткке қатысқан қазақ балаларының үстінен қозғалған қылмыстық іс турасында айтып жатыр екен.                                               

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.7
135 дауыс
23 пікір
  • қоғамда бар жағдай екені рас. бірақ мына суретіңіз тақырыпқы мүлдем сәйкес келмейді. "Сақалдыдан сақтан!" деген сияқты....ал сіз сақалсыз Абай атамызды, Жамбыл атамызды, Жыршы-жыраулар мен батырларымызды, хандарымызды елестетіп көрдіңіз бе?!....Сақал біріншіден сүннет болса, екіншіден ер адамның көркі. қазақтар сақалсыз еркекті "қатын бет" деп жақтырмаған....суретіңізді ауыстыруыңызды өтінем....
    10 жыл бұрын
  • Сақал ханафи мазхабында
    уаджиб
    10 жыл бұрын
    • Уаджиб, Мұстақап, мубаһ, мәкрүһ деген нәрселер шариғатта жоқ. Сақал үкімі сүнет қана.
      10 жыл бұрын
  • Негізі әңгіме өте жақсы жазылған, қоғамдағы бірқатар проблемалардың беті ашылған екен.
    10 жыл бұрын
  • Написано очень добротно, вспоминаю похожие случаи
    10 жыл бұрын
  • Уаджиб, Мұстақап, мубаһ, мәкрүһ деген нәрселер шариғатта жоқ. Сақал үкімі сүнет қана.
    10 жыл бұрын
    • Алибек! Сандырақтама. Жетпегені енді сен едің. Өзін бірінші Құранды дұрыс оқи аласың ба? Уаджиб, Мұстақап, мубаһ, мәкрүһ ұғымдардың мәніне барып ал әуелі. Ұйй, Ислам дұшпандарының қол шоқпары болған өншен қиқым.
      10 жыл бұрын
      • Құранды оқи алатын болсаңыз сол Құраннан мұстақап, мұбах, мәкрүһ дегендерді тауып беріңізші. Я болмаса қадистен. Жоқ нәрсені жоқ деп айту керек емес пе? Пайғамбарымыздың салалахуалейкусалам аузынан шыққан 4 сөз ғана, ПАРЫЗ, СҮНЕТ, ХАЛАЛ, ХАРАМ. Қалғанының барлығы ойдан шығарлыған. Аз ғана харам (харамға жақынырақ бірақ харам емес) немесе тура сүнет сияқты бірақ мұстақап деп айту надандық.
        10 жыл бұрын
        • "Рұқсат" деген сөзді тауып берші Құран Хадистен! Оларда жоқ деп "Рұқсат" сөзін қолданбайсың ба сонда? Үлкен Ислам заңнамасын әлгіндей төрт терминмен шектеп қою надандықтың дәл өзі, қараңғылық, дін бұзарлық. ... Пайғамбарымыздың кейде істеп кейде істемеген дүниесін не деп атайсын? Үнемі істеп жүрген, тастамай орындай жүрген амалдарын не деп атайсын? Ара жігін қалай ажыратасын? Біріншісін кішкене әріппен "сүннет" екіншісін үлкен әріппен "СҮННЕТ" дейсің бе?)))
          10 жыл бұрын
  • "Рұқсат" сөзі шариғатта "халал" делінеді, "тыйым" - "халал" деп аталады. Пайғамбарымыздың салалахуалейкусалам өмірінде бір рет те болса істегені, не бір рет те болса "істеңіздер" деп айтқаны сүнет болады. Ал тыйғандары сәйкесінше харам болады. Мұстақап пен нәпілдің СҮНЕТТЕН еш айырмашылығы жоқ. Бұл өмірге Рақым болып келген екі әлем Падишасы салалахуәлейкусалам жасаған нәрсенің барлығы СҮНЕТ. 23 жылдық Пайғамбарлығында бүкіл үмбетінің ғұмырына жететіндей өнеге қалдырды. Сол өнегелі істерін кейде істеп, кейде істемеген деп бөлу нағыз надандық.
    10 жыл бұрын
    • Түкіру харам ба, халал ма?
      10 жыл бұрын
      • Үшіншіден: "Тыйғандары сәйкесінше харам болады" деп айттыңыз, пайғамбарымыз кейде бір әрекетті тыйған, бірақ басқа хадисінде оған рұқсат берген, оны қалай атаймыз?
        10 жыл бұрын
      • Пайғамбарымыздың салалахуалейкусалам көзі жұмылғалы бері, талас-тартыс тоқтамай келеді. Бұған да ғалымдардың әртүрлі көзқарастары кінәлі. Яғни ойдан шариғатқа өз пікірлерін қоссуы. Түкіру халал ма, харам ба депсіз. Қойдың еті халал ма харам ба? деген сұрақ секілді екен. Қойдың еті жалпы халал, ал Аллахты атымен бауыздалмаса еті түгелдей харам болып кетеді. Түкіру орынды жерде халал, орынсыз жерде түкіру харам болады. Ал Сіз тұрған жер орынды ма емес пе күдіктенсеңіз түкірмеген дұрыс. Өйткені хадисте де келеді "Халал мен харам ажыратылған, арасындағы күмәнді нәрседен аулақ болу мұсылманға парыз (міндет ).
        10 жыл бұрын
        • Тукірік харам деп отырсыз. Оны қайдан шығардыңыз? Қандай хадисте бар "түкірік харам" деген. Дүмше молдалар "ойдан шығарады" дейсіз. Сіз де ойдан шығарып отырсыз ғой. Ешқандай хадисте "түкірік харам" деген жері жоқ. Қалай сонда "харам" деген терминді айтып отырсыз.
          10 жыл бұрын
    • Екіншіден: Асыр намазының алдыңғы сүннетін әрдайым оқыған ба әлде кейде оқыған ба?
      10 жыл бұрын
      • Бұндағы ойыңыздан тағы сүнетті "бекітілген", "бекітілмеген" деп екіге бөлген ғалымдардың ойдан шығарған дүмше пәтуасын алға тартып отырсыз. Жоғарыда айтқанымдай өмірінде бір рет болсада Пайғамбарымыздың салалахуалейкусалам істеген нәрсесін сүнет дейміз. Оны бекітілген, бекітілмеген деп бөлу кейін шыққан. Бұлда бір надандықтың белгісі. Тіпті асыр намазының алдындағы сүнетті Пайғамбарымыз салалаху алейкусалам өмірінде бір рет оқыған болса да, соған амал еткен болсақ иншаллах сауапқа кенелеміз. Ақырзаман тақалғанда бір сүнет тірілткен адамға 10 000 шахидтің сауабы беріледі деген де руаяттар бар, Ендеше Сіз айтып отырған "бекітілмеген сүнеттер" бүгінгі таңда "ұмытылған сүнетке" айналып бара жатыр.
        10 жыл бұрын
    • Үшіншіден: "Тыйғандары сәйкесінше харам болады" деп айттыңыз, пайғамбарымыз кейде бір әрекетті тыйған, бірақ басқа хадисінде оған рұқсат берген, оны қалай атаймыз?
      10 жыл бұрын
      • Хадисте келеді "Халал мен харам ажыратылған, арасындағы күмәнді нәрседен аулақ болу мұсылманға парыз (міндет ). Егер қайсы руаят бұрын қайсысы кейін келгеніне нақты көзіңіз жетпесе істемеген дұрыс. Адам табиғатына харам нәрсе о бастан ақ жиіркенішті болып программаланған. Оны өзіңізде сезесіз. Бірақ харам бойға сіңгесін жиіркену сезімі жоғала бастайды. Мәселен Адам баласы сәби күнінде өтірік айта алмайды, алданғанын сезсе алдаған адамдға жиіркенішпен қарайды, кейін өсе келе өтірік күнделікті үйреншіті болғасын бұл жиіркену сезімі жойылады.
        10 жыл бұрын
        • Алла өзі хидаятын нәсіп етсін, бауырым. Әйтпесе "қараңғылықтасың" бір сөзін екіншісіне сай емес. Сенің сөздеріне тек күліп өту керек.))))
          10 жыл бұрын
          • Түкірік халал болса, Сіз жеп отырған тамаққа біреу түкіріп жіберсе жей бересіз бе? Жалпы бауырым дүмше молдалардың артынан ере беру де дұрыс емес. Араб тілін жақсы білу де дінде адастырмайды деген миф екені көпе көрнеу білініп жатыр. Араб тілі ана тілі болған, бүкіл жазылған ғалымдардың кітапттарын оригиналдан қатесіз оқитын Сауд Арабиясы вахабизмнің ортасы болмас еді. Және осы сайттың бас редакторы араб тілін жетік білетін Қ. Жолдыбайұлы да "әмин" Құранның сөзі емес деп пәтуа бермес еді (Дәлел ретінде қараңыз: Қ.Жолдыбайұлы, Дін мен діл, 1-кітап, Алматы 2010, 47 бет.) Қ. Жолдыбайұлының кітабын мына жерден қарасаңыз болады: http://muftyat.kz/kz/book/view?id=42. Себебі әмин сөзі "Тин" сүресінің 3 аятында келеді. (Дәлел ретінде Құранды ашып Тин сүресін қараңыз). Болмаса менің қараңғылығымды дәлелдейтін нақты факт келтіруіңізді сұраймын. Тек сырттай жала жабу дұрыс емес.
            10 жыл бұрын
  • Екіншіден: Асыр намазының алдыңғы сүннетін әрдайым оқыған ба әлде кейде оқыған ба?
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын