Жастық та өтпелі
Жастық та өтпелі
8 жыл бұрын 4877
Алмабек Өрен

Пенде емеспіз бе, кейде болмашы нәрсемізді жоғалтып алып, я да ұмытып қап артынша іздеп әуре болып жатқанымыз. Мейлі, ұсақ-түйек затты қойшы, табылар, болмаса, жоғалар, алайда бізге бір-ақ рет берілетін бұл өміріміздегі бал балалық шағымыз бен гүл жайнаған жастық шағымызды айтсаңшы?! Ол да қанша дейсің, бір күндері жастық шақ та өте шығады құрық тастатпай. Оу, сонда не істейміз? Термеде:

Қызғалдақтай құлпырған қайран жастық,

Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен, - деп қалай керемет айтылған.

Адам баласы «жастық осылай мәңгілік тұра береді екен» деп, алаңсыз, қамсыз ойнап-күліп жүріп, бір күні бетіне түскен әжімдерді көргенде іштей қандай күйде болады десейші? «Әуелі біз де қартайып барады екеміз-ау. Әй, уақыт дегенің қоймайды екен. Кеше ғана мектеп бітіріп, кеше ғана үйленбеп пе едім?! Ой, Алла!» деп күрсінбей ме?

Иә, замана көші еш тоқтамақ емес, ол үлкен жолмен шаршаусыз алға қарай жүріп келеді. Шаршап, жол ұзақтығына шыдамай, қалып қойып отырған біздерміз, адамдар.

Бір қарт өткен өміріне көз жібере отырып, бас шайқап: «Жастық шақ тез өтпелі ме десем, кәрілік те тез өтпелі екен» демекші, бұл өмірдегі жастық шақты мәңгілік етудің бір ғана жол, ол – осы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда Ұлы Жаратушының көрсеткен жолымен жүру. Өмірде жаман қылықтарға бой алдырмай, жақсылықты үйрену.

Әрине, жас кезде, ең бір албырт жылдары адамның өз-өзін көп күнәлардан тежеп ұстауы оңай шаруа емес. Жас кезде оң-солын байқап жатпай сезімге құлай кетіп, болар-болмас өткінші ләззатқа бола, артынан бармақ тістеп, өмір бойы өкініп өтетіндер қаншама?!

Шаңгерей ақынның:

Құйрық атып құлия,

Түлкідей қаншқан зымия.

Қараңды үзіп барасың

Бізден де қайран дүния, - деп егде тартқан шағында, ағын судай тоқтамай, өз дегеніне көндіріп, ырқына бағындырып, ағып жатқан судай өтіп жатқан өмірге іштей налығанындай, өтпелі жастық шақта жастардың сезімді ақылға жеңдіре алмай, жеңіл эмоцияға беріле кететіндігі жиі кездеседі.

Сөз соңын мына өсиетпен қорытындылайық:

«Жастық шақтың да қас-қағым сәтте өте шығарына еш күмәнің болмасын. Күндіздің түнге, көктем мен жазды күз бен қаһарлы қыс алмастыратындығы секілді сендегі жастық шақтың да кәрілік пен өлімге ұласатындығы хақ».

1 пікір