Дағдарыс туралы Ислам не дейді?
Дағдарыс туралы Ислам не дейді?
9 жыл бұрын 5775
Марфуға Шапиян
Экономикалық дағдарыс

Девальвация, бағаның өсуі, жұмыстан қысқару қаупі, банкрот болу, экономикалық дағдарыс секілді сөздер бүгінгі күннің басты тақырыбына айналғанына біраз уақыт болды. Қайда барсақ та айлығының қысқарғанын немесе жұмыстан шығып қалғанын айтып мұңайған жүздерді көреміз. Араларында алдағы бірнеше жылын ойлап күйзеліп, тіпті ұйқы-күлкіні ұмытқандар да аз емес.

Рас, өмір болғаннан кейін қиындық болмай тұрмайды. Бірақ біздерді тамақтандыратын да, ризық-несібе беретін де Алла екенін ұмытып кететін сияқтымыз. Тек Ол ғана – Ар-Раззақ қой! Оның бізге берер ризығы өмірден өткенімізше таусылмақ емес. «Онда неге байлық бізді айналып өтіп, дағдарыс келді?» деп сұрауыңыз мүмкін. Заңды сұрақ. Құран біздің бұл жағдайымызды былай түсіндіреді.

Алғашында Мәдина яһудилері өте бай болатын. Кейіннен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұсынысынан бас тартқаннан кейін кедейлік қамыты олардың да мойнына киіле бастады. Олар Алла тағаланы кінәлап, Оның сараңдығын айтып, қайта-қайта шағымдана берді. Сол кезде Алла тағала: «Егер олар Тәурат, Інжілді және Раббылары тарапынан өздеріне түсірілгенді толық орындаса еді, әрине олар үстіңгі жақтарынан (ағаштардың жемістерінен) әрі аяқтарының астынан (жердің өсімдіктерінен) жейтін еді. Олардың бір орташа тобы бар. Дегенмен олардың көбінің істеген істері жаман еді» (Мәида, 66) деген аяттарды түсірді. Аяттардың мағынасы ап-айқын болатын. Аллаға толығымен мойынсұну, Оның бұйрықтарын орындау жақсылыққа алып келеді де, Оның айтқандарынан бас тарту кедейлікке, қайғы-қасіретке жақындататын еді. Мұнысымен Алла: «Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған» (Талақ, 2-3) деп тұрған еді.  

 

Атақты адамдар кризистен құтылудың жолдарын былай көрсетеді:

Бүгінгі әлемдік кризис туралы Еуропаның атақты экономикалық журналы «Challenge» басылымның редакторы Бофис Винсенттің «Папа мен Құран» атты кейіннен шу тудырған мақаласын жариялады. Мақала авторы осы күнгі әлемдік дағдарыстың себептерін талдай келе, католиктік шіркеулердің ұстанған саясатын сынға алып: «Бізге бүгінгі дағдарыс кезінде Інжілден гөрі Құранды көбірек оқу керек. Сонда ғана банктерімізге не болғанын түсінеміз. Егер біздің банктердің басшылары Құранда айтылған қағидаларға сай жұмыс істесе, дәл бүгінгідей үлкен экономикалық, қаржылық апат алдында тұрмас едік. Ақша ақшадан тумайтыны белгілі», – деп жазған болатын.   

Ал «Le Journal des Finances» журналының бас редакторы Ролан Ласкин басылымның алғашқы бетінде әлемдік дағдарысты тоқтату үшін Ислам шариғатының қағидаларымен жүру туралы ұсыныс тастайды. Солай дағдарыстан шығатынымызға сендіреді. 

Француз экономисі, осы сала бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Морис Алле болса: «Дағдарыстан шығу үшін өсіммен несие беруді жою керек, салықты 2 пайыз ету керек», – деген болатын. Ал оның бұл сөздері шариғаттағы өсімге тиым мен зекет беруге қатысты қағидалармен сай келіп тұрғаны белгілі.

Белгілі ғалым Альберт Эйнштейн болса, дағдарыстың тек жақсы жақтарына үңіледі. Ол: «Барлық дағдарыстың соңы прогресс болғаны себепті, ол кез-келген адамды да, мемлекетті де шынайы жақсылыққа әкелуі мүмкін», – дейді. Немесе дағдарыс кезінде көптеген жаңалықтар ашылатынын, өнертапқыштар жаңа технологиялар ойлап табатынын айтады. Эйнштейн: «Кризисті жеңген адам – ешқандай қиындыққа қарамай өзін жеңген адам», – дейді. Яғни, адамдарды құр қарап отырудан гөрі жұмыс істеуге шақырады. «Әрекетте – берекет бар» деген осы болса керек. Сондықтан мұсылман атымызға сай, дағдарыс келсе, онымен қатар келген қиындықтарға сабыр етелік, ісімізге береке тілейік. Бұрын жай жұмыс істеп жүрген болсақ, бұл кезде жұмыс өнімділігін екі есе арттырайық. Ақырын уәдесінде тұрушы Алладан күтейік.    

      

Қаржыны Пайғамбарша (с.а.у.) басқару

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) үмбетіне финансты қалай басқару жолдарын да үйреткен. Шығынға ұстамдылықпен қарап, ысырапқа жол бермеуге үндеген. Қаржылық қиындық көре тұрып, қолда барды бей-берекет шаша берудің өзі ессіздік емес пе? Ұстамдылық пен қарапайымдылық әр мұсылманның жолдасы болуы тиіс. Даңғарадай үйді сатып, қарапайым пәтерде тұрғанның да еш ерсілігі жоқ. Немесе қымбат көліктің орнына жағармайды аз жейтін көлік мінгенде де еш айып жоқ. «Айналамдағылар мен туралы не ойлап қалады?» деген нәрсе қаржылық қиындық кезінде сізді мүлде мазаламауы керек. Шамаң жетпесе де өзің көтере алмайтын қымбат жағдайда тұруға тырысу – ақымақтық. Қаржылық қиындыққа ұшыраған жан өзінен де жағдайы төмендерге қарап, шүкіршілік етуі керек.    

 

Кризис кезінде дүниеге келген атақты компаниялар
Аdidas пен Puma

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германияның экономикалық жағдайы тым төмен еді. Жеңіске жеткен елдерге репарация төлеумен-ақ мемлекеттің қазынасы босап қалған болатын. Жұмыссыздық, шектен шыққан инфляция, аштық... Міне, осы кезде көп балалы Дасслер отбасының мүшелері ақылдаса келе аяқ киім тігуді қолға алады. Алғашында қолда бар заттардан үйде киетін жеңіл тәпішкелер, соғыс мүгедектеріне ортопедиялық аяқ киімдер тігеді. Ал 1925 жылы ұлдардың бірі – Адольф әлемде алғаш футбол ойнауға киетін табанында бұдыры бар бутсы ойлап табады. Бұдырды ол жасаған аяқ киімге жергілікті ұста орнатып береді. Бұдырлы бутсы спортшылар ортасында үлкен танымалдыққа ие болып, Дасслер отбасының атағы шыға бастайды. Ал 1928 жылы Дасслер фабрикасынан шыққан аяқ киімдермен неміс спортшылары Олимпиадаға қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Дасслерлердің екі үлкен фабрикасы бар еді. Олар бұл кезде неміс солдаттарына арналған аяқ киімдер шығарды. Соғыстан кейін бұл брэндтің тауары Америкаға жетіп, онда да үлкен сұранысқа ие болады. Дәл осы тұста ағайынды Рудольф пен Адольф Дасслерлердің арасы бұзылып, бірі аяқ киімдерді Adidas, екіншісі Puma маркасымен шығаруға көшеді. Бұл екі бауыр өмірлерінің соңына дейін татуласпапты, екі марка да жарысуын күні бүгінге дейін қоймай келе жатқан көрінеді.


Pepsi

Pepsi-дің екі туған күні бар. Бұл сусынды 1893 жылы Калеб Брэдхем атты фармацевт ойлап тапқан. Pepsi компаниясы қант нарығы құлдыраған 1921 жылға дейін ғана жұмыс істеп, кейін банкрот болды. Арада 7 жыл өткенде, елдегі үлкен дағдарысқа қарамастан Чарли Гут компанияны қайта құрды. Ең қызығы, Coca-Cola секілді үлкен қарсыласына қарамастан, кризис Pepsi-дің оң жамбасына келді. Олар бар болғаны Pepsi-дің бөтелкесін сәл үлкейтті де, «Бұрынғыдай ақшаға екі есе аласың» деген жарнама жасады. Бұл не нәрседен болса да үнемдегісі келген халық үшін тамаша стратегия еді... Coca-Cola мен Pepsi қазірге дейін бәсекелесіп келеді. Тек ара-арасында стратегияларын өзгертіп қойғаны болмаса, халық қандай кризиске ұшыраса да, бұл екі сусынға сұраныс жоғалған емес.

 

Burger King

Дағдарыс – жылдам тамақтануға арналған мейрамханалар ашуға ең қолайлы уақыт. Бірақ нарықта McDonald’s секілді мықты қарсылас болса не істеу керек? 1957 жылы Америка кезекті үлкен кризисті бастан өткеріп жатыр еді. Ол кезең тіпті «Эйзенхауэр дәуірінің рецессиясы» деп те аталды. Осы тұста McDonald’s өзінің сапалы қызметімен нарықты жаулап тұрды. Бірақ Burger King те қарап қалмады. Ол өз тұтынушыларына гамбургердің құрамын таңдауға рұқсат берді. Мысалы, адамдар қиярды немес сэндвичті қосу, қоспауды өздері таңдайтын еді. Нәтижесінде McDonald’s нарықтан ысырылып, Burger King-тің тұтынушылары көбейді. 

 

Қарызға батсаңыз...

Экономикалық дағдарыс кезінде көптеген компаниялар, адамдар қарызға батып, тіпті банкрот боп қалып жатады. Мұндай жағдайда мына мәселелер ойыңызда болсын: қарыз берген адаммен тығылыспақ ойнап, қашудың қажеті жоқ. Тіпті «Әне қайтарам, міне қайтарам» деп жалған, бос уәдені де бермеңіз. Бұл – адамды өтіріктің жолына бастайтын қадам. Қарыз беруші адаммен кездесіп, басыңыздағы қаржылық қиыншылықты айтп, түсіндіріңіз. Мүмкіндігіңізге қарай қарызыңызды қайтарудың жаңа уақытын белгілеңіз. Әрине, қарыз берушінің алдына барып, жағдайыңызды айту сізді мойныңыздағы қарыздан құтқармайды. Сіз алған бір тиыныңыз үшін де жауапты боласыз. Қарыз беруші қарызын кешірсе жақсы, кешірмесе, осыдан былайғы өміріңізде сол қарыздан құтылудың барлық жолдарын қарастырыңыз. Қарыздан құтылу үшін айтылатын дұғаларды оқыңыз, Алладан ризығыңызды молайтуын сұраңыз. Қарызыңыздан құтылып алғанша, уақытша қайырымдылық шараларымен айналысуды, сыйлықтар жасауды тоқтата тұрыңыз. Өйткені, қарыздан құтылу – міндет, ал қайрымдылық, мешіт, медреселерге қаржылай көмектесу – ізгі істер. Сондықтан, алдымен өзіңізге Ақырет күні қымбатқа түсетін істі бірінші орынға қойғаныңыз дұрыс.

2 пікір