Жаны жайсаң, жомарт жандар жайында не білесіз?
Жаны жайсаң, жомарт жандар жайында не білесіз?
9 жыл бұрын 4536
Бақ БЕР

Ислам қай кезде де жомарттықты мақтап, мұсылмандарды кедейлерге қарасуға, сараң болмауға үндеген. Сахабаларымыздың жомарттығына қарағанымызда, тіптен таңғалмау мүмкін емес.

Яхьия ибн Жуда (р.а.) әңгімелеуде:

Хаббаб ибн Әрат (р.а.) ұзақ уақыттан бері науқас еді. Расулалла бірнеше сахабасын ертіп, оның қалын сұрап барды. Келгендердің бірі сөз арасында:

- Сүйінші, әй, Әбу Абдулла! Расулалламен (с.а.у.) Кәусар хауызында жолығатын болдың.

Хаббаб болса үйі мен заттарын көрсетіп:

- Мынандай жағдайда (ысырап жасаудамын) ол кісімен қалай жолықпақпын? Анығында Расулалла бізге: «Сендерге бір жолаушының жейтініндей ғана ас жетеді» деген болатын.  

Хаббаб ибн Әраттың науқасы ұзаққа созылды. Әйгілі сахабалардың бірі болғандықтан, қалын сұрап келушілердің  қарасы көп еді. Науқасы ауыр болғандықтан, тақырып ылғи өлімге ойыса берді. Ажал туралы айтылған сайын ол жақсы өткізген күндері мен бай кезін еске алатын. Аллаға осы көрген қызықтарымның, нығмет-несібелердің есебін қалай берер екенмін деп тұнжырайтын. Сол үшін де бір жағы май ішкендей мазасыздана берді.

Хариса ибн Мүддариб (р.а.) болса, өзі куә болған оқиғаны былай деп әңгімеледі:

«Бір күні Хаббаб ибн Әраттың қалын сұрап бардық. Қарнына жеті жерден күйдіріп от басыпты (емдік мақсатта). Қатты қиналып жатты. Оны көргендер де қатты қиналды. Бізге:

- Егер Расулалла (с.а.у.): «Ешбірің өзіңе өлім тілеуші болмаңдар» демегенде, өліп-ақ қалғым келеді, - деді.

Жолдастарымыздың бірі оны жұбатып:

- Жақында Расулламен қауышасың, бірге боласың, соны ойла, - деді.

- Қолымдағы мына байлығым Расулалламен қауышуыма кедергі келтіре ме деп қорқамын. Расулалламен танысқан кезімде қолымда ештеңем жоқ еді. Қазір болса үйімде байлық бар».

Сол уақытта Хаббабтың қырық не сексен дирхам ақшасы бар еді. Ол бұл ақшаны ашық бір жерге қойып, өзін танитын кедейлердің келіп сол жерден алуына жағдай жасаған. Кедейлер келіп, иесінен сұрамай-ақ, қанша қажет болса, сонша ақша сол жерден алатын.   

Әңгіме барысында біреуі барып Хаббаб әкелші деп өтінген кебінді әкелді. Кебінді көргенде, жылай бастады. Жанындағылар:

- Неге жыладың? - деп сұрағанда, былай деді:

- Хазірет Хамза (р.а.) шейіт болғанда, үстінде тек ақ, қара түсті жолақты шапаны ғана бар еді. Шапан тым қысқа еді. Басына жапқанымызда, аяғына жетпеді. Аяғын жапсақ, басына жетпеді. Соңында Расулалланың айтуымен басына жауып, аяғын шөппен ораған болатынбыз».(1)

 

Берекелі ас

Жомарт кісі ретінде танылған Сүхайб ибн Синан (р.а.) үнемі Расулалланың жанынан шықпай, сый-сияпат жасап тұрғанды ұнататын.

Сүхайб ибн Синан әңгімелеуде:

«Бірде Расулаллаға ас әзірледім. Апармақ болғанымда, ол кісінің бір топ адаммен әңгімелесіп отырғанын байқадым. Асым аз болғандықтан, өзін ғана шақырғым келді. Жақындап барып, ишара жасап, асқа шақырдым. Расулалла маған жанында отырғандарды көрсетіп:

- Мына кісілер де ме? - деп сұрады. Мен қолыммен көрсетіп:

- Жоқ, тек өзіңіз келсеңіз.  

- Жоқ!

Бұл сұрақ үш рет қайталанғанда: 

- Бопты, - дедім. Расулалла жанындағыларды да ертіп үйіме келді. Тамақ өте аз болғанына қарамастан, барлығы тойды. Тіпті артылып қалды». (2)

 

Осынша құрмет жасау ысырап емес пе?

Бір күні хазірет Омар Сүхайб ибн Синаннан (р.а.):

- Әй, Сүхайб! Яхьия атты ұлың жоқ қой, неге сені жұрт Әбу Яхьия (Яхьияның әкесі) деп атайды? - деп сұрады.

- Расулалла маған саған «Әбу Яхьия» деген лақап ат жарасады деп айтқаны үшін.

- Сен Византиялық емессің бе, неге жұрт сені араб деп айтады?

- Өйткені мен Мусул халқынан, Намр ибн Қасыт тайпасынанмын. Қолға түсіп, Римдіктердің аймағына бардым. Ол кезде отбасым мен тайпамды білетін жаста едім.

- Неге ысырап болатындай мөлшерде жұртқа ас бергенді ұнатасың?

- Өйткені Расулалла (с.а.у.): «Сендердің ең қайырлыларың жұртқа тамақ бергендер мен сәлемді қабыл алушылар» деген болатын.

 

Жомарттығымен жұрттың көңілін жаулады

Жомарттық – мұсылмандардағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Мұсылмандар осы қасиетті бойға сіңіріп, әрдайым ұстануға тырысады. Расулалланың (с.а.у.) қызы хазірет Зейнептің күйеуі Әбул-Ас тұтқынға түскенде, мұсылмандарға қарап барынша әсерленген болатын. Ол өзі көрген жақсылықтарды былай деп әңгімелеген:

«Мұсылмандар бізді тұтқындаған кезде, Расулалла (с.а.у.) оларға:

- Тұтқындарға жақсы қараңдар! Өз жегендеріңнен оларға да беріңдер!» деді. Бұны естіген бүкіл сахаба бұны артығымен орындады. Ол кезде мен бір топ Мәдиналық мұсылмандармен бірге отыр едім. Кешкісін ас үшін әзірлік жасады. Ас дегенде сол, біраз нан мен құрмалары бар екен. Нандары бірақ аз еді. «Тұтқындарға жақсы қараңдар» деген бұйрыққа сай сахабалар қолдарындағы онсыз да аз нан үзімдерінің бәрін маған берді».

 

Әбу Хұрайраның жомарттығы

Әбу Хұрайра да (р.а.) өте жомарт жан еді. Бір кісі әңгімелеуде:

«Әбу Хұрайраның үйіне қонақ болдым. Өзге сахабалардың ешбірінің дәл Әбу Хұрайрадай қонақ күтуге барынша жанын салғанын байқамаппын».

Бір күні Мәдина әкімі Мәруан Әбу Хұрайраға жүз динар ақша жіберді. Ертесі күні оған біреуді жіберіп:

- Кешегі ақшаны қателесіп саған беріп жіберіппін. Ақшаны қайтар, - дегенде Әбу Хұрайра:

- Ол ақшадан қолымда қалмады, - деді, - кейін бір реті келгенде ол ақшаны менен ұстап қаларсыңдар, - деді. Жолыққан кісі:

- Mәруан ол ақшаны сен кедейлерге таратты ма, әлде өзі алып қалды ма екен, соны көрейік деп осылай істеді, - деді (3)

Расулалла (с.а.у.) өмірден озғаннан кейін Әбу Хұрайра (р.а.) Mәдинада өзіне бір үй салдырды. Қайтыс боларына жақын қалғанда, бұл үйді өзі азат еткен құлдарына берді.  

Әбу Хұрайраның қолында өзі асырап отырған жетім балалар болатын. Бұл балаларды өз үйінде ұстап, барлық керектерін мойнымен көтерген. Бұл балалардың бірі Мұғауия ибн Муаттыбты үлкен ғалым етіп өсірді. Мұғауия одан көп хадис үйреніп риуаят етті. Тіке өз еңбегімен жомарттық жасағанды ұнататын Әбу Хұрайра маңдайынан аққан терді көрсетіп:

- Мынадан берілген бір дирхам садақа мен үшін басқа біреудің дүниесінен берген мың дирхамнан артық, - дейтін.

        

Жүректе дүниеге деген махаббат болмады

Мейлінше дәулетті Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) өте жомарт жан еді. Өзіне қатты ұнамды нәрсені қолында көп ұстамайтын. Румайса атты күңін ерекше жақсы көретін. Бір күні ойланып тұрып сол күңге:

- Жаратушы иеміз кітабында «Сүйген нәрселеріңді қайырға жұмсамайынша, жақсылыққа жетпейсіңдер» деген. Мен сені қатты жақсы көруші ем, бұдан былай басыңа азаттық бердім, сен енді өз жолыңды тап» деді (4)

 

Өзінен гөрі өзгені артық көрді

Нафи әңгімелеуде:

«Абдуллаһ ибн Омар науқастанған кезінде бір уақыт аңсары жүзімге ауды.  Базарға барып бір дирхамға бір бас жүзім сатып алып апардым. Мен үйге кіре сала ізімше бір қайыршы есікті қақты. Қайыр сұрады. Абдуллаһ ибн Омар маған:

- Әкелген жүзіміңді мына кісіге бер, - деді.

- Ең болмаса дәм ауыз тисеңізші.

- Жоқ, бәрін бер.

Айтқанын істеп, жүзімді қайыршыға бергеннен кейін қайта базарға бардым. Тағы бір бас жүзім алдым. Бірақ бұны да дәм татпастан есігінен кетпей тұрған қайыршыға бергізді. Осындай жағдай үш рет қайталанғанда, мен әлгі қайыршыға қабақ шыттым. Қайыршының кеткенін көргенде барып алдырған жүзімінен жеді».

Жағфар ибн Қари әңгімелеуде:

«Абдуллаһ ибн Омарға біршама уақыт қызмет еттім. Әркез онымен жолаушылап шығатынбыз. Ас ішіп әлдену үшін су бар жерге тоқтаған уақыттарымызда міндетті түрде маңайындағыларды дастарханға шақыратын.  Сөйтіп бірге ас ішетін. 

Жетімдерді жақсы көретін. Дастарханынан жетімдер үзілмейтін. Бір күні тамақ ішетін кезде бір жетімді шақыртты. Бірақ ол табылмады. Тамақтан кейін тәтті әлдене жегенді я ішкенді ұнататын. Тамақтан кейін осы тәтті шырынды енді ішпек болғанда әлгі шақыртқан жетімі келді.  Бұл кезде тамақ бітіп қалған еді. Абдуллаһ ибн Омар саспады. Қолындағы тәтті сусынды балаға беріп тұрып:

- Мынаны алып іше ғой, сені алдап шақырғандай болмайын, - деді.

 

Мәймун ибн Михран (р.а.) әңгімелеуде:

«Бір күні Абдуллаһ ибн Омарға бір мәжілісте отырғанда 22.000 динар ақша келді. Ол бұл ақшаның барлығын табан астында таратып жіберді. Өмір бойы оның 1000 құл азат еткендігі айтылады.

 

Қадамдарының өзін санады

Уасила ибн Әсқа (р.а.) да мейлінше жомарт кісі еді. Дастарханынан қонақ үзілмейтін. Тіпті кейбіріне асты өз қолымен асататын.

Амр ибн Ләйси (р.а.) әңгімелеуде:

«Уасила ибн Әсқаның  жанында болған кезімде үйге бір қайыршы бас сұқты. Уасила ибн Әсқа дереу орнына тұрып, біраз нан мен ақша алды. Оларды апарып қайыршыға берді. Мен:

- Әй, Әбу Әсқа! Отбасыңдағылардың біріне айтсаң да апарып берер еді ғой, - дедім.

- Иә, сөйтсем де болар еді. Бірақ кім бір нәрсе алып кедейге өз қолымен апарып берсе, әр қадамы үшін бір күнәсі кешіріледі. Садақаны кедейге ұстатқаннан кейін кері қайтса, басқан әр қадамы үшін он күнәсі кешіріледі» деп түсіндірді».

Ибн Үбайд (р.а.) әңгімелеуде:

Ирбаз ибн Сарияның былай дегенін естідім:

«Әбу Нажих былай істепті делінбесе, бар малымды Алла разылығы үшін жұмсап, артынан Ливия аңғарына барып, өлгенімше сол жақта құлшылыққа берілер едім»

Пайдаланылған әдебиеттер:

1- Бұһари, Жәнаиз, 27, Мәнақибул-ансар, 45, Мағази, 17, 26, Mарда, 19; Mүслим, Жәнаиз, 44, Зикр, 12.
2- Әбу Нуайм, Хилия, 1/154.
3- Ибн Манзур, Mұхтасар, 29/210.
4- Ибн Жаузи, Сыфатус-Сафа, 205. 

0 пікір