Асқабақ шам, ар жағынан сығалайды басқа, жат «жан»...
Асқабақ шам, ар жағынан сығалайды басқа, жат «жан»...
9 жыл бұрын 5272
Мәриям ӘБСАТТАР

Кешқұрым жұмыстан үйге кетіп бара жатқан бетім, кенет көлік терезесінен көшеге көзім түскені сол, селк ете түскенім. Өзі де күн ұясына қонақтап бара жатқан шақ, осындай апақ-сапақта бізбен параллель тіршілік иелері жүреді дегенді естуім бар еді үлкендерден. Әлгі жайт бірден соны еске түсірді. Шошып кеткенім содан. «Астапыралла» деп ішімнен кәлиманы сан мәрте қайталап, өзімді сабырға келтірдім. Жүрегім аздап орнына түсе бастаған. Бірақ, ол көпке ұзаған жоқ. Жолай сауда орталығындағы супермаркеттен үйге әлдене ала кетейін деп кіріп едім, әлгінде  көшеде көрген сыпырғы мінген мыстаным қарсы алдымнан шыға келмесі бар ма? Сосын қос мүйізді албасты. Сосын екі көзі шоқтай жанған асқабақ... тағысын тағылар. Қысқасы, қас қағым сәтте мен өзімді жын-сайтанның базарына тап болғандай сезіндім.

 

Сөйтсем, бұл «Halloween» екен!

Күзгі өнімді жинау науқаны аяқталып, қатал қыстың басталар тұсы, нақ осы қазанның соңғы түнінде байырғы кельт жұрты мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді деп сенсе керек. Сондықтан да олар осы түні әлгінде мен көшеде көргендей жын ба, пері ме, албасты ма, мыстан ба, әйтеуір өте қорқынышты кейіпке еніп, (солай киініп) беймәлім әлем қонақтарын, яғни, тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болған. Және бұл «мейрамсымақтың» басты атрибуты – ішіне жанып тұрған шырағдандар орнатылған асқабақ шамдар. Аңызға сенсек оны жасауды ирландиялық ұста Джек ойлап тауыпты.

Жә, біз бұдан артық айтып, «Halloween»ді насихаттап кетуден абайлайық. Себебі қанша жерден түсінуге тырыссақ та, бұл аузында ғана емес, жүрегінде Алласы бар мұсылман баласы үшін жат нәрсе екені даусыз. Олар (Мейірімді Алланың құлдары) өтірікке айғақ болмайды… (Құран кәрім). Бұл аятты тәпсірлеушілер басқа діндегілердің діни мерекелерінде болып қатысу туралы айтылған дейді. Және осыған қоса Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өткендердің (яхудий мен христиандардың) ізімен жүресіңдер, тіпті олар кесірткенің ініне кірсе де, сендер оларға ілесе кетесіңдер» деген. Біз осыны есепке алуға тиіспіз. Себебі ол Алла елшісінің ойынан шығарғаны емес, Жаратушы құдіреттің тыйымы. Ал, егер Алла бізді әлденеден тыйса,  демек оның бір зияны болғаны және осы тыйымға сай одан әлдеқайда абзал нәрсені беретіні анық. Ол жөнінде де Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Алла оларды сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды». Ендеше «Әулие Валентин» деп бір, қала берді «Halloween» деп солқылдақтық танытсақ, онда біз біртіндеп өз түп-тамырымыздан ажырап тынамыз. Ол туралы Қасиетті Құран Кәрімде: «Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да, неден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла, қатты азап иесі» - дейді.

 

Бәлелі бизнес

Ендеше, әлгіндей көзге қораш, көңілге жат құбыжық бейнелерді көшемізде, ірі сауда орталықтары төрінде өргізіп қоюымызға не жорық?  Ол, ол ма? Таң атқаннан қара кеш батқанша орыстілді ақпарат құралдары, тіпті бірлі жарым қазақша баспасөзде «Halloween»-мен құттықтап, еркін тойлауға көшіппіз біз. Сонда ашықтан ашық қара күш иелерін қошеметтеуіміз ешкімнің көкейіне қорқыныш ұялатпайтын болғаны ма? Әлде, көкейді тесіп бара жатқан ақша, яғни пайда ма?

Расында, бұл күні түрлі маскарадтық костюмдер мен бетперделер, асқабақтар мен түрлі шырағдандар саудасы қыза түседі. Және бұл кеше мен бүгін емес, сонау 1950 жылдан басталған үлкен бизнес. Себебі мерекелік іс-шаралар өткізетін көңіл көтеру орындары мен мейрамдарға қажетті заттарды сататын саудагерлер үшін Хэллоуин және Валентин күндері өте үлкен табыс көзі болып отырған жайы бар. Айталық, бір ғана құбыжық суреті салынған ашықхаттың ең арзаны 250 теңге шамасында. Ал түсініксіз мейрамды тойлайтын түнгі клубқа кіру құны 2000 теңгеден бастап, дәрежесіне қарай өсе түседі.

Кеш батпай-ақ күндіз әлгінде мен айтқандай «Halloween» думанына тап болған әнші Саят Медеуов ағамыз: «Мынау не сұмдық? Сауда орталығына керек жарағымды алуға барсам, онда әлгіндей бір «Хэлуин» деп бір нәрсені тойлатып жатыр жұрт?! Ай мен Күннің аманында жын-сайтан өріп кетіпті. Кішкентай бала тұрмақ, менің өзім үп-үлкен басыммен бет аузын бояп алған албастылардан шошып кеттім. Не мейрам бұл? «Әулие Валентинді» сіңіріп алғанымыз аз болды ма, енді үндемесек бүгінгі буын мынаны да өзімсініп алар түрі бар. Біз елміз ғой, жұртпыз ғой, ертеңгі ұрпағымызды ойласақ, тойтарыс берейік те кеш болмай тұрып» деп қоңырау шалды журналист қой деп бізге. Ондағы мақсат – ұлт  екенімізді білдіріп үн қату, көнбістікке салынып көрінгенді басқа шығармайық деген азаматтық, жүрегінде иманы бар мұсылмандық ышқыну!

Жалғыз Саят Медеуов қана емес, аты да, заты да жат, көзге қораш бұл жынойнаққа іштей қарсы жандар көп. Бірақ үнсіз жатқандықтан бізді бұған қарсы емес, керісінше құптайды екен деп ойлайды-ау сірә. Әйтеуір қара күш иелерінше киініп, мүйіз тағып, асқабақ шам асып алғандардың жүріс-тұрыс, көзқарастарынан еш қымсыну білінбейді. Керісінше, көшемізде алшаң басып, төрімізде сауық құрып жүргендері...

2 пікір
  • Бұрындары американың киноларынан көретін едім бұл "мерекені". Енді өзімізге келіп, тойланып жатқанына таң қалам. Сұмдық-ай!
    9 жыл бұрын
  • Казактын казактыгын умыттыратын осындай жын-ойнактын бизге кереги шамалы. Оданда казакка тан мейрамдарды колга алса гой.
    9 жыл бұрын