Бір мәселеге түрлі пікір неге керек?
Бір мәселеге түрлі пікір неге керек?
9 жыл бұрын 4507
Қайрат Жолдыбайұлы
Бір мәселеде түрлі пікірлердің болуының қандай пайдасы бар?

Ислам діні – белгілі бір уақытқа ғана емес, қияметке дейін жалғасатын жүйе һәм нақтылы бір қауымға ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа жіберілген ақырғы дін. Ал мұндай діннің еш өзгермейтін негізгі (кулли) ата заңдарының жанында кейбір тармақ мәселелері адамзаттың ой-өрісінің жетілуі, заманының жылжуы, шарттар мен жағдаяттардың әрқилы болуына байланысты өзгеру мүмкіншілігіне ие боп келеді. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үмбетімнің (кейбір мәселелерде) әртүрлі көзқараста болуы – рақымдылық» деген. Себебі, адам мен заман, қоғам мен ахуалдың түрлі болуы – тармақ мәселелерде біргейлікті қабылдай бермейді. Міне, сондықтан мәзһаб ғұламалары діннің ата заңдары шеңберінде қоғамның менталитеті мен жағдаятын ескере отырып, кейбір тармақ мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Ал егер тармақ мәселелерде жаппай бірегейлік болғанда, мұсылмандар кей жағдайларда қиындыққа тап болар еді.

Мысалы, жоғарыда да білдіргеніміздей, Ханафи мәзһабында екі намазды біріктіріп қосып оқу тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ басқа мәзһабтарда сапарда екі намазды қосып оқуға рұқсат. Осы мүмкіншілікті негізге ала отырып, Ханафи мәзһабындағы кісі ұзақ сапар кезінде көпшілікке арналған көлікте болғандықтан, дәрет алып намазын уақтылы оқи алмайтындай зәру жағдайға тап болса, онда басқа мәзһабтарды негізге алып екі намазды қосып оқып жатса, рақымдылық әрі жеңілдік болмақ. Сондай-ақ оқу орындарында да намаз уақытының сабақ кестесімен сәйкес келуінің салдарынан кей намаз қаза болып жатады. Мұндай жағдайда да намазды қаза қылғаннан гөрі бесін мен екінді немесе ақшам мен құптан намаздарын қосып оқуға болады. Бірақ зәру жағдай болмаса да жеңілдікті желеу етіп намаз уақыттарына салғырт қарап екі намазды қосып оқуға болмайтындығын ескерте кетейік.

Тағы бір мысал бере кетейік. Құранның: «Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар» [1] – делінген аятында дәреттің парыздары көрсетілген. Ғұламалар арасында аты аталған ағзаларды реті бойынша жуудың парыз немесе парыз еместігіне байланысты екі түрлі пікір бар. Ханафилар парыз емес дейді. Себебі, аятта қолданылған «және» деген мағынаны білдіретін «уау» әрпі белгілі бір ретті білдірмейді. Яғни, «жүздеріңді және қолдарыңды жуыңдар және бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды жуыңдар» делінген аталмыш аяттағы «және» сөзі белгілі бір ретті білдірмейді. Мысалы, «Мұхаммед және Ахмед келді» десек, олардың қайсысының бұрын келгендігі «және» сөзімен білдірілмейді деген уәж айтады. Ал шафиғиларда ағзаларды жуу ретін сақтау – парыз. Өйткені Алла Тағала аятта қолдарыңды, жүздеріңді жуыңдар дегеннен кейін аяқтарыңды жуыңдар деп үш жууды бірге қосып айтпай, арасына мәсіх тартуды кіргізген. Егер ретпен жуу парыз болмағанда, әуелі жүздеріңді, қолдарың-ды, аяқтарыңды жуыңдар, сосын мәсіх тартыңдар деп мәсіх тартуды соңына қалдырар еді дейді. Ханафилар: «Үш жуудың ортасына мәсіх тартудың кіруі реттіктің парыздығын білдіру үшін емес, керісінше, қол мен жүзге бас жақын болғандықтан, аяқтан бұрын басқа мәсіх тарту айтылған» деген қарсы уәж айтады. Бірақ ханафи мәзһабында ретпен жуу парыз болмағанымен, сүннет амалға жатады. Енді, осы мәселеде екі түрлі көзқарастың болуы мұсылман үмбеті үшін рақымдылық. Мысалы, дәрет алуда ағзалардың рет бойынша жуылуын парыз санайтын Шафиғи мәзһабын ұстайтын бір адам қоғамдық қол жуғышта аяқ жууды тыйым салатын бір мекемеде жүргенде дәретін Ханафи мәзһабы бойынша алу арқылы бұл қиыншылықтан шығуына болады. Яғни, Ханафи мәзһабында ағзаларды реті бойынша жуу парыз болмағандықтан, ең әуелі дәретханада аяғын жуып, сосын қоғамдық қол жуғышта қолы мен бетін жуып, басына мәсіх тарту арқылы дәретін тәмамдаса болады.

 

Тура тапқанға – екі, қателескенге бір сауап

Негізінде, Ислами мәселелер «Муттафақун а'лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы, Алланың жалғыздығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед (с.а.у.) екендігінде, намаздың бес уақыттығында, зекеттің парыз екендігінде т.б. осы сияқты мәселелерде жалпы мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Мұсылмандардың бір көзқараста болған осындай мәселелеріне қарсы шыққан адамға: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың»,– деп айта аламыз. Бірақ «Мухтәлафун фиһ», яғни мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам басқа бір көзқарастағы адамға: «Сендердікі дұрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жол – ақиқат жолы, сендер, адасып жүрсіңдер»,– деп айта алмайды. «Менің таңдағаным, меніңше, дұрысырақ», – деп қана айта алады. Өйткені барлық мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері болғандықтан, «тек қана менікі дұрыс» деу – мұсылмандар арасында бүлік шығарып, өзара қырқысуға әкеліп соғады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде кім ижтиһад етудің нәтижесінде ақиқатты дөп басса, онда оған екі сауап беріледі. Ал қателессе, бір сауап беріледі» [2], – деп ижтиһад етуге лайық адамдардың берген пәтуларында кем дегенде бір сауаптың бар екендігін сүйіншілеген. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл хадисінен «менікі ғана дұрыс, сен адасудасың» деген бүлікке себеп болар түсініктің де қате екенін ұғамыз.

Сахабалардың да, одан кейін келген табиғиндардың да арасында діннің кейбір мәселелерінде әртүрлі көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, Әбу Саъид әл-Худри мынандай қызық оқиғаны риуаят етеді: «Бір күні екі кісі сапарға шықты. Жолда намаз уақыты кірді. Бірақ әлгі екі кісі дәрет алатын су таба алмады. Сөйтіп, екеуі де таза топыраққа тәйәммүм соғып, намаздарын оқиды. Алайда оқыған намаздарының уақыты шықпай тұрып, су табылып қалады. Осы жағдайдан кейін әлгі екі сахабаның біреуі уақыт шықпай тұрып су табылғандықтан, тәйәммүммен оқыған намазының дұрыс болмағанын ойлап, дәрет алып, намазын қайта оқиды. Ал екіншісі тәйәммүммен оқыған намазым жеткілікті деген ниетпен намазды қайта оқымайды. Осыдан кейін екеуі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, бас-тарынан өткен жағдайды баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын қайта оқымаған адамға: «Сен, менің сүннетімді дөп бастың, оқыған намазың жарамды дейді. Ал қайталап оқыған сахабасына: «Саған екі сауап жазылды», – дейді» [3].

Жоғарыдағы оқиғадан байқағанымыздай, Пайғам-барымыз (с.а.у.) намазын қайталап оқыған адамға «сен, қателестің» демейді. Керісінше, «саған екі сауап жазылды» деп, ижтиһад нәтижесінде қателескен болса да кей жағдайда Алланың рақымымен екі сауап жазылатындығын сүйіншілеген.

Имам әл-Бухари өзінің хадис жинағында Абдулла ибн Омардан мынандай оқиғаны риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.у.) Хайбар соғысы аяқталғаннан кейін сахабаларына: «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар», – деп бұйырады. Жолда екінді намазының уақыты кіреді де, кейбір сахабалар намазды Бәни Құрайзаға барғаннан кейін оқимыз дейді. Ал енді біреулері: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» дегені – бізге тезірек барыңдар дегені. Сондықтан, біз оқып аламыз», – деп жолда намаздарын өтейді. Кейін бұл жағдай Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтылғанда Пайғамбарыз (с.а.у.) ешкімді кінәламады» [4].

Иә, Алла елшісі (с.а.у.) ешбір сахабасын кінәламады. Неліктен? Себебі, екінді намазын жолда оқымаған сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» деген бұйрығын тікелей түсінген-ді. Ал екінді намазын жолда оқығандары болса, Алла елшісінің сөзінің астары мен мақсатынан «Бәни Құрайзаға кешікпей тезірек бару керектігін» ұққандықтан, солай жасады. Намаздарын жолда оқыған сахабалардың ниеті бұйрыққа қарсы шығу болмағандықтан, Алла расулы (с.а.у.) оларды кінәламады. Ендеше, мәзһаб ғұламаларының да кейде бір мәселеде түрлі пікірде болуы – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінің тікелей мағынасын алуында немесе сөздің астары мен мақсатына бойлауында жатқанын түсіну қиын емес. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ешкімге кінә артпаған мұндай себептерге байланысты шыққан әртүрлі түсінікке ие мәселелерде «менікі ғана дұрыс, сен адасып жүрсің» деп ислам үмбеті арасында бүлік шығару сүннетке қайшы екені даусыз.

Сахабалардың арасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) миғражға рухымен бе, жоқ әлде, рухымен қоса тәнімен шыққандығы, ол жерде Алла Тағаланы көріп-көрмеуіне байланысты әртүрлі көзқарастар бар болатын. Сахабалардың кейбіреуі намазда «бисмилланы» оқыса, енді біреулері оны оқымайтын. Ал оқитындардың қайсібірі оны жария айтса, қалғандары іштей оқитын. Бірақ әртүрлі бұл көзқарастар олардың бірліктері мен ынтымақтарына зәредей де кері әсерін тигізбейтін. Кейінгі мәзһаб ғұламалары да бір-бірін қатты сыйлаған. Мысалы, ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муәззинге қаматтың Ханафи мәзһабы бойынша түсірілуін тапсырады да, Әбу Усамға имам болуды ұсынады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ өзі Ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан, намазда «бисмиллаһты» Шафиғи мәзһабы бойынша жария оқиды [5].

Имам Ахмадтың көзқарасы бойынша, мұрын қанаса немесе денеден қан алдырған жағдайда дәрет бұзылады Кейбір кісілер Ахмед ибн Ханбалға: «Сізге намаз оқытайын деп тұрған адамның денесінен қан шықса, сөйте тұра ол дәретін қайталап алмаса, ондай имамның артына тұрып намаз оқисыз ба?» деп сауал қояды. Имам Ахмед болса: «Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййаб секілді адамдардың артында тұрып қалай намаз оқымаймын»,– деп жауап берді [6]. Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййабтің көзқарасы бойынша, денеден шыққан қанның салдарынан дәрет бұзылмайды.

Міне, ғұламалардың арасындағы әртүрлі көзқарас пен мәзһаб ерекшелігі бір-біріне деген сыйластықтарына сызат түсірмейтін.

Христиандар мен еврейлер екеуі екі бөлек халық, діндері де екі бөлек. Ғасырлар бойы бір-бірімен шайқасып, қырқысып келген. Бірақ осындай діндері де, ұлттары да екі бөлек бір-бірімен ғасырлар бойы соғысып келген екі халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бір-біріне деген ыза-кектерін ұмытып, бірігіп ынтымақтаса білді. Ал енді мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерінде қызылкеңірдек болып, бір-бірін ренжітіп, бүлік шығаруларына не демекпіз. Барлық мұсылмандардың Жаратушылары – бір, Құрандары – бір, Пайғамбарлары – бір, сүнннеттері – бір, намаздары – бір, ораза-зекеттері – бір, Қағба-құбылалары – бір, тіпті, дұшпандары да – бір, осындай ортақ мәселелері бола тұра «намазда қолыңды Ханафи мәзһабы бойынша емес, біздікі сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, бұлай оқы» деу сияқты түймедей мәселелерді түйедей етіп, «менің таңдаған көзқарасыммен жүрмедің» деп жүрегін ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңізші!

Өз басым «Намазда «Фатихадан» кейін, әминді іштей айту дұрыс емес, жария айту керек», «Намазда қолды бір-ақ рет емес, рүкуғқа бара жатқанда және қайтқан кезде де көтеру керек» деп намазын енді-енді оқып жүрген діни сауаты төмен жандардың басын қатырып, қоғамда бүлік шығарып жүрген адамдарға қатты налимын. Себебі, мұндай адамдардың көтеріп жүрген бұл мәселелері ислам дінінің негізгі мәселелері емес. Бұған қоса Ханафи мәзһабы бұл үкімдерді түс көріп түсінген жоқ. Қиялға салып, ойдан шығармады. Барлық мәселеге Құран мен сүннеттен дәлел бар. Олай болса, халықтың ғасырлар бойы ұстанған мәзһабын жамандап, жаңа мәзһабты тықпылауға тырысудың жұрттың басын қатырып, шатастырудан, ел ішіне іріткі салудан өзге қандай пайдасы бар?! Қырық жыл тынымсыз күрестің нәтижесінде халыққа әминді жария айтқызып, үтірді бір рәкат оқытсақ, халқымыздың дүниелік барлық мәселелер шешіліп, ақыретте бәрі жұмақтық бола ма? Жоқ, әлде бұл мәселелер қабірде сұралып, ақыретте есеп беретін маңызды мәселелер ме екен? Құранның қай аятында, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қай хадисінде «әминді жария оқымайтындар жұмаққа кірмейді, қолдарын көтермейтіндер қабірде азап шегеді» деген жері бар?! Ал, олай болмаса, біз күш-қуатымызды қайда жұмсаудамыз?! Тәйірі, халықтың ықылым заманнан үйренген мәзһабын мәнсұқ етіп, екінші бір жаңа мәзһабты кіргізудің бүлік шығарудан өзге нендей жемісі бар?

Ханафи мәзһабы біздің кез-келген мәселелерімізді шешетіндей бай, барша қажеттілігімізді өтейтіндей қолайлы. Себебі, бұл мәзһаб бүгін шыққан тегі жоқ жаңа ағым емес. Тарихы бар, сүйенген негізі бар. Бұл мәзһабпен кезінде бірнеше ислами мемлекеттер, оның ішінде, әсіресе, жеті ғасырға жуық уақыт Осман халифаты басқарылған. Қазіргі таңда да әлем мұсылмандарының жартысына жуығы осы мәзһабты ұстанады. Сондықтан Ханафи мәзһабының сүннеттен дәлелі жоқ, болса да әлсіз деп оған атүсті қарауға, әсте, болмайды. Біз, бұл жерде басқа сүнни мәзһабтарды қателесіп, адасып жүр деуден де аулақпыз. Тек айтпағымыз – еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан, халық арасындағы ауызбіршілікті сақтау, әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауымыз қажет.

Иә, шетелден келген келімсек миссионерлерлер руханиятқа аш, адал халқымызды алай да арбап, бұлай да арбап, қаракөз қандастарымыздың иманына қол сұғып жатқан мына заманда мұндай тар түсінікке жол болсын! Жаһанданудың жалынымен, жастарымыздың батысқа ес-түссіз еліктеп жатқан осынау сұрапыл заманда біз нені күйттеп жүрміз? Отбасы құрып, шаңырақ көтерген жастарымыздың үштен бірі бір жылға жетпей ажырасып тынуда. Нәтижесінде, жесір қалған жас келіншектер. Жетім қалған бесіктегі сәбилер. Еңсесі түскен еркектер. Арасы бұзылған құдалар. Жылына екі жүз мыңға жуық сәби ресми түрде қолдан түсік жасаудың құрбаны болып отыр. Ал оның ресми емес жағы бұл саннан әлдеқайда көп екені тағы рас. Мұның бәрі халықтың шариғаттан шалыс кетіп, ғұрпымыздан қалыс кеткендігінің улы «жемісі». Ал енді қоғамымызда осындай проблемалар тұрғанда, бұлардың бәрін бір жаққа жинастырып қойып, әлгіндей ұсақ мәселелерді дау-дамайға айналдырып, қоғамның шырқын бұзған адамның ақылы мен парасатына күмәнім бар. Мұның мысалы, Меккеге қажылыққа барған Ханафи мәзһабындағы бір мұсылманның қажылық міндеттерінің бәрін бір жаққа жинастырып қойып, намазда «әминді» жария айтатын басқа мәзһабтағыларға, «сендердің бұларың дұрыс емес, әминді іштен айту керек» деп өзінше дәлелдеуге тырысып, бос әурешілікке түсіп жүрген өресі төмен сауатсыз адамнан да жаман.

Құранда бірнеше жерде «басшыларыңа бағыныңдар» делінеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – отанымыздағы барша мұсылмандардың қара шаңырағы. Сондықтан ел бірлігін сақтап, түрлі бүлікке жол бермеу үшін жеріміздегі барша мұсылмандар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының берген пәтуаларын негізге алғаны жөн.

Тарихта мұсылмандардың әлсіреулері, басқаларға жем болулары тек араларындағы ынтымақтың құлдырауынан болған. Испания, Құдыс, Вена, Бұхара секілді мұсылман орталықтары да осындай себептерден құлаған. Македониялық Ескендір Иран мен Иракты басып алғаннан кейін екі өлкенің халқын тегіс қырып тастағысы келеді. Алайда ұстазы Аристотель оған: «Бұлай істеме, екі халықты жоқ етудің тиімді тәсілі – араларына бүлік кіргізіп, бір-біріне айдап салу» деген екен. Шынымен-ақ, екі елдің арасына іріткі салу арқылы екі мемлекет те қатты әлсіреген көрінеді [7].

Міне, сондықтан енді-енді ғана тәй-тәй басып, мұсылмандық шарттарын жаңадан үйреніп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік пен ынтымақ қажет.

Сөз түйіні, ғибадатта негізгі мәселе, сыртқы форма емес, құлшылық болғандықтан, уақытымызды қолыңды алай байла, бұлай байла сияқты ұсақ-түйек нәрселерге кетірмей, тақуалыққа, көркем мінезді болуға, Жаратқанды көріп тұрғандай, кәміл сеніммен ғибадат жасауға, халқымыздың иманына себеп болуға, жалпы еліміздің негізгі мұқтаж нәрселеріне жұмсасақ, қандай жақсы. Бәлкім, кейбір мұсылмандардың маңызды мәселелерін тастап, нәтижесінде ешқандай пайдасы жоқ осындай мәселелермен айналысуының арт жағында басқалардың саяси ойыны да бар шығар, дей келе мұсылмандарды қырағылыққа, парасаттылыққа үндейміз. Күш-қуатымызды жаңа жол салуға жұмсағаннан гөрі, ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа шақырайық.

[1] «Маида» сүресі, 6-аят.
[2] Сахихул-Бұхари, 6-том, 2676-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[3] Сунану Әби Дәәуід, 1-том, 93-бет. «Дәрул-фикр» баспасы.
[4] Сахихул-Бухари, 1-том, 321-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[5] Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 45-бет «Елест» баспасы, Стамбул, 2004ж. Қосымша қараңыз; Мәурәуи, әл-қаулус-садид.
[6] Шәйх Ахмад Шаһ Уәлиуллаһ ибн Абдир-Рахим әд-Дәһлауи, Хужжатуллаһил-Бәлиға, 1-том, 296-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1995 ж.
[7] Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.

1 пікір
  • Дурыс айтасыз! Амалдын бари ниетке байланысты , сондыктан ен биринши кулшшылыкка ниет болу керек ! Оз басым 10 жылдай болды намаз окыганыма. Алгашкы саттерде коп кемшиликтер болатын, сурелерди жонди билмесем де басымды саждеге апара бердим, типти аяк пен колды калай кою керегине онша ман бермеппин, кейин бирте-бирте дурысталып кетти. Бес уакыт намазды да бир кунде окып кеткен жокпын, намаздын ракаттарын да бирте бирте костым! Кагазга карап бир еки суреден бастаганмын!Айтайын дегеним адамнын иманы ныгайган сайын кемшиликтерде азаяды екен!
    9 жыл бұрын