Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанұясы жайында не білеміз?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанұясы жайында не білеміз?
2 жыл бұрын 2399
Алдаберген Үсен

Ислам дінінде әр отағасы өз шаңырағына жауапты бірінші тұлға. Ол жанұя мүшелерін жақсылыққа тәрбиелеуге міндетті. Қарамағындағыларға имандылықты, ибаны, адамгершілікті және басқа да ізгі қасиеттерді үйретуші. Сүйікті пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (с.а.у.) өміріне қарағанымызда, осы тұрғыда көптеген жақсы қасиеттерді көреміз.

Расулдың шаңырағында терең құлшылық жасалатын. Хазірет Айша анамыздың айтуынша, жеке намазында Расулалла қиямда ең ұзақ деген сүрелерді қатарынан оқитын. Рукуда да қиямнан аз тұрмайтын. Ал сәждесі рукудан аз болмайтын. Рамазаннан тыс кей айларды да көп оразамен өткізетін. Үйде жейтін еш нәрсе болмаған кездерде, әр айда үш күн қатарынан, аптаның Дүйсенбі және Бейсенбі күндері ауыз бекіткенді жөн санайтын. Түнгі тахажжуд намаздарын үзбейтін. Оның тысында Сәске, Әууабин секілді нәпіл намаздарын да үзбейтін. Айша анамыз осы нәпіл намаздардың көбіне қосылып бірге оқитын.

Ол шаңырақта садақа көп берілетін. Бар байлығын Хадиша анамыздың ислам жолында түгескені белгілі. Исламға шақыру үшін жиі дастархан жайып, елді шақыратын. Бір жолы Айша анамыз бір қайыршыға ақшаларда санап бермек болғанда, Пайғамбарымыздан «Әй, Айша, беретініңді санамай бер, әйтпесе Алла да саған беретінін санап береді» деген ескерту естіген. Зейнеп анамыз да садақа беруге өте құштар жан еді. Шебер болғандықтан, тоқыған, тіккендерін пұл етіп, табысынан көп садақа беретін. Тіпті Расулалла көзі тірісінде жарларына қарап «Маған бірінші болып араларыңдағы қолы ұзын кісі қауышады» деп өсиеттеген. Қолдарын қабырғаға қойып, салыстырып байқайтын жарлары хазірет Зейнеп анамыз қайтыс болғанда барып, ол сөзбен ең көп садақа берушіні меңзегенін түсінген. Тағы бірде Айша анамыз ауызашарға өзіне ештеңе алып қалмай, қолына түскенді сол күні-ақ жұртқа таратын жіберген. Ол шаңырақта ертеңгі күнім не болады деген алаңдаушылық болмайтын.

Расулдың шаңырағында өсек-аяңға жол берілмейтін. Өйткені барлық жақсылықты айтылған ғайбаттың жойып жіберетіндігін жақсы білетін. Бір жолы Айша анамыз әлдекімді сыртынан «Бойы қысқа» деп қалғанда, пайғамбарымыздан «Айша, бұндай сөзіңді қой. Мына сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен» деген ескерту алған. Яғни отағасы ретінде расулалла жанұяда өсек-аяңның айтылуына жол бермейтін. Немересі кішкене кезінде байқамай құрма алып жемекші болғанда, пайғамбарымыз «Біздерге садақа жеуге болмайды» деп, дереу құрманы аузынан алып, жегізбеген. Яғни, дін рұқсат етпеген істерге айтарлықтай тыйым болатын.    

Расулалла отбасындағылар ақыретін көп уайымдайтын. Расулалланың өзі түнде тұрып, намазында солқылдап көп жылайтын. Кейде түнде тұрып сахаба мазарына барып, көп дұға етіп қайтатын. Бір сөзінде: «Егер менің білгенімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер» деген. Сондықтан жарлары да үнемі ақыретті уайымдап өмір сүрді. Бір жолы Айша анамыз оңашада жылап намаз оқып отырды. Келіп қалған сүйікті ері «Неге жыладың?» деп сұрағанда, ақыретті, қияметтегі қиын жағдайларды еске алғанын айтқан. Тіпті «Сол кезде бізді еске аласыз ба?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз: «Рас, үш жер өте қиын. Ешкімнің өзінен басқаны ойлауға мұршасы болмайды. Амал дәптері берілгенде, амалдары таразыға тартылғанда және қылкөпірде» деген. Бірде жақындарына жекелеп және хазірет Фатимаға былай деп насихат айтқаны бар: «Қызым, Фатима, өзіңді ақирет күні құтқаратындай қайырлы істер жасауға тырыс. Пайғамбар қызы болудан саған пайда жоқ. Мен сені сол күннің азабынан құтқара алмаймын». 

Расулалланың отбасы өте қанағатшыл жандардан тұрды. Шаңырақта күнделікті тұрмысқа керектен басқа басы артық дүние болмады. Хазірет Айша анамыз киімі әбден тозғанша киетін. Керек болса бірнеше рет жамайтын. Олар көбіне құрма мен қара суды қанағат ететін. Апталап, айлап, кейде ол шаңырақта қазан көтерілмейтін. Бір күні сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) Пайғамбарымызға (с.a.с.) ыстық тамақ апарғанын айтады. Тамақты жеп әлденгеннен кейін Расулалла «Шүкір, көптен бері асқазаныма ас бармап еді» деп мұңайған екен. Тағы бір жолы Фатима (р.а.) ардақты әкесіне тамақ пісіріп алып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғашқыда «Бұл не?» деп сұрайды. Қызы «Тамақ пісірген едім, алдымен сіз ауыз тисін дедім» дейді. Сонда Расулалла «Үш күннен бері аузыма алған нәрім осы болды» дейді. Ардақты әкесі дүниеден озғанда да қалқанын бір иудейге аманатқа қалдырып, отбасына керекті азық алғаны бар.

Расулалла мұңайған жарын жұбататын. Бір жолы ұлты иудей жары Сафия анамыздың басқалармен сөзге келіп, жанары тұнжырағанын көргенде «Менің атам Мұса, көкем Харұн, күйеуім Мұхаммед, менен қайсысың артықсың демедің бе?» деп жұбатқан. 

Расулалла жарларын сыйлаған. Сапарға шыққанда да жеребе бойынша жанына жарларынан ертетін. Бірде өзін қонаққа шақырған көршісіне «Айшаны да ертіп барсам бола ма?» дегені бар. Жарларына көңіл бөлетін. Әсіресе екінді уақытында барып қал-жағдайларын сұрайтын. Әңгімелесіп, шүйіркелесіп, оларға діни хикаялар айтып, мағлұматтар беретін. Айша анамызбен бірде жүгіріп жарысқаны да бар. Әркез өзінің жақсы көргенін іс- әрекетімен сездіретін. Айша анамыз «Пайғамбарымыз дастархандағы дәмнің мен тістеген жерінен тістеп, ыдыстың мен ішкен тұсынан ішетін» деп еске алған. Бұл ол кісінің жарына деген махаббатын сездіргені еді.

Расулалла өз шаңырағында жарларының ісін бағалайтын. Хадиша анамыздың жақсылықтарын өмір бойы ұмытпағандығы соның айғағы. «Әлдеқашан өмірден өткен сол кісіні неге еске ала бересіз?» деп қызғаныш білдірген Айшаға «Ел менен теріс айналғанда, Хадиша бірінші болып пайғамбарлығымды мойындады. Жұрт маған ештеңе бермегенде, Хадиша ғана бар байлығын алдыма тосты. Әрі Хадишадан ғана мен бала сүйдім» деп алғашқы жарының жақсылықтарын еске алған. Марқұм Хадишаның туыстарын, сыйлас болған кісілерін де құрметтейтін. Сіңлісі келе қалса, өзгеше құрмет көрсететін.

Қорыта келгенде, бұл шаңырақта ең ізгі қасиеттер жинақталғанын айтуға болады. Отағасы ретінде Расулалла ислам тәрбиесін толық үлгі еткендіктен, ол шаңырақта нағыз мұсылмандық пен әдептілік көрініс берген.

3 пікір