Кәріліктің ғана емі болмайды
Кәріліктің ғана емі болмайды
2 жыл бұрын 1960
Құдайберді БАҒАШАР

Ислам дінінде емделудің маңызы жоғары. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ауырған жандарды емделуге шақырып, әрбір кеселдің шипасы бар екенін жеткізеді: «Алла тағала дауасыз дерт жібермеген. Әрбір ауру үшін шипасын да жіберген», «Уа, Алланың құлдары, ауырсаңыздар, шипа іздеңіздер! Себебі, Алла әрбір дерт үшін шипа жаратқан. Емі жоқ дерт – кәрілік».

Өзі науқастарға дәрігерге қаралуды өсиет еткен. Ауырып қалған сахабаларына кейде адам жібертіп дәрігер шақыртқан. Өзінің де дәрігерге қаралған кездері болған. Егер екі дәрігер болса, екеуінің ішінен ең білімдісін таңдауды айтып, мұсылмандарға жол көрсеткен. Сол кезеңде кең таралған кейбір ем-шараларды қолдануға сахабаларға рұқсат беріп отырған. Бірақ өзі шипа үшін көбіне Құранға жүгінетін. «Ең қайырлы ем – Құран», «Сендерге екі емді өсиет етемін: бал және Құран» деген сөздері осының айқын дәлелі.

Ем-шараларға жүгінумен қатар ауырған адамдарды сабыр сақтауға шақыратын. «Кісіге келген қиыншылықтардың бәрін Алла тағала сол кісінің күнәларына кәффарат (өтем) етеді, тіпті табанына бір тікен батса да». Енді бірде көз жанарынан айрылған адамға сабыр сақтаған жағдайда, сабырының сыйы ретінде жаннатқа қол жеткізетінін айтып қуантқан. Сондай-ақ, ауырған адамдардың хал-жағдайын білу үшін үйіне барғанда ауруларының күнәларының төгілуіне себеп болатынын айтып, көңілдерін тыныштандыратын.

Ауырған сахабаларын емдеу барысында жейтін тағамына көңіл бөлетін. Мұны қазіргі тілмен диета сақтау десек те болады. Егер біреудің ыстығы көтеріліп ауырса, оған дереу ұн, су және май қосып сорпа жасап ішкізуді туыстарына ескертетін. «Сорпа аурудың жүрегіне қуат береді, бейне бір сумен бетті тазалаған секілді сорпа да ауруды кетіреді» – деген. Осы айтылғанды бұлжытпай орындаған алғашқы мұсылмандар үйлерінде біреу ауырып қалса, дереу сорпа қайнатып ішкізетін. Хазірет Айша (р.а.) отбасында ауырған жан болса, сол жазылғанға дейін немесе қайтыс болғанға дейін ошақтарында үнемі сорпа қайнап тұратынын айтқан. Пайғамбарымыз ауырған адамдарға «тәлбинә» деген, сүт, ұн, бал қосылып жасалған сорпаны ішкізуді де бұйырған. Ол жайында: «Тәлбинә ауырған адамның жүрегіне тыныштық беріп, уайым-қайғысын басады» деген. Ал енді ғана ауруынан айыққан жандарға тәттіге көп әуес болмауды ескерткен.

Ауырған адамның диетасы жайлы айтқан келесі хадис те терең мазмұнды: «Ауруларды ішіп-жеуге қинамаңдар. Себебі, Алла оларды қоректендіруде». Осы хадиске байланысты мұсылман дәрігерлер: «Науқастың тәбетсіздігі дененің аурумен күресуіне, бойда күш-қуаттың азаюына байланысты туындайды. Ауру адамды тамақ жеуге қинау ағзаның табиғи жұмысына кедергі келтіреді. Ағза аурумен күресуді тоқтатып, күшін тамақты сіңіруге жұмсай бастайды. Бұл пайда емес, қайта керісінше зиянын тигізеді» деген.

Пайғамбарымыздың ауру адамдардың диетасы жайлы айтқан келесі өсиеті – мүмкін болған жағдайда олардың жаны нені қаласа, сол тамақтан аздап болсын жегізу. «Үйлеріңдегі ауырған адам бір нәрсе жегісі келсе, сол нәрседен жегізіңдер». Бұған қоса, кейбір науқастарға бір уақыттарда қалаған нәрсесін көп жеуге тыйым салғаны да бар.

Пайғамбарымыздың көп қолданған ем-шараларының бірі – оқыту. Егер кішкентай балалардың ауырып жылап жатқанын көрсе, ата-аналарына оларды көз тиюге қарсы оқытуды ескерткен. Тіпті хазірет Айшаға (р.а.) да осы жөнінде әмір берген. Өзі де көз тиюге қарсы Муаууиззатәйнді (Фаләқ және Нас сүрелері) оқып, үстіне үпіретін. Бірақ оқитын адамдардың не оқитынына қатты мән берген. Оқыған кезде күпірлікке қатысты сөздердің болмауын жіті қадағалаған. Пайғамбарымыздың осы әрекетін басшылыққа алған ғұламалар Құран аяттарын, белгілі дұғаларды және зікірлерді оқи отырып дем салуға рұқсат бар екенін айтады.

Пайғамбарымыз кейбір науқастарға басқа үйге, ал кей жағдайда ауа ауыстыру үшін басқа елді мекенге көшуге кеңес беретін. Ыстығы көтерілген кезде суық сумен дененің ыстығын басуды бұйыратын. Адамдардың жартылай көлеңке, жартылай күн болып тұрған жерде отырмауын, аш қарынға су ішпеуді, улы жәндіктер шаққан кезде де дем салдыруды, асқазан ауырғанда ішті айдайтын дәрілер қолдану арқылы ішектерді тазалауды, іш өткенде бал жеуді, аяғы ауырғандарға қына жағуды, басы ауырғандарға қан алдыруды т.б. дәрігерлік насихаттарды айтатын.

Кезінде балалардың тамағы ауырғанда кейбір әйелдер саусақтарына мата байлап, тамағындағы бездерді сығып жұлып алатын. Бұны көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Балаларыңды (тамақ бездерінің қабынуынан құтқару үшін) бездерін сығып, оларды қинамаңдар. Уд бахримен (шөптің аты) емдеңдер» – деп, балалардың жанын қинауға тыйым салған. Ауырған балалардың жанын одан сайын азаптамай, шөп дәрілер арқылы емдеуді дұрыс көрген. Өзі де немерелері Хасан мен Хұсейіннің денсаулығына қатты мән беріп, оларды шайтанның, улы жәндіктердің, көздің кәрінен сақтау үшін дұға жасап, кейде оларға өзі дем салып отырған. Басқа балалардың да ауырғанын көрсе, дереу емдетуді айтатын.

Бір күні Умму Сәләмәның қасынан жүзі солғын тартқан бір қызды көрген. Іле оған көз тигенін сезіп, дереу оқытуды бұйырған.

Ем-шараларда үнемі тек адал нәрсені қолдануды дұрыс көрген. «Алла харам нәрселерде шипа жаратпады», «Ем ретінде харамға жүгінбеңдер» деген өсиеттері арқылы мұсылмандарға емделу барысында харам нәрселерден бойды аулақ ұстауды ескерткен. Ем ретінде араққа жүгінетіндерге «Арақ шипа емес, қайта ауру» деп тыйым салған.

Әркез мұсылмандарға денсаулыққа көңіл бөлуді өсиеттеген. Керек кезінде дәрігерге қаралуды, кей жағдайда ауруларға өзі жөн сілтеп, халық арасында қалыптасқан емдік шараларды қолдануды өсиет ететін. Ауырған жандарға сабыр сақтауды, Аллаға дұға жасау керектігін де әркез ескертетін.

2 пікір
  • Алла разы болсын! Біраз нәрсеге көз жеткізіп,біршама білмейтінімізді ұғып алдық, баршамызға қайырлы істер нәсіп етілсін!
    2 жыл бұрын
  • БАРАКАЛЛАХ...............

    2 жыл бұрын