Мінезді түзетудің асыл сыры
Мінезді түзетудің асыл сыры
10 жыл бұрын 18910
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Бірде бір адам Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдынан шығып: «Иә, Алланың Елшісі, дін дегеніміз не?» – деп сұрайды екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жақсы мінез-құлық», – деп жауап береді. Әлгі адам Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оң жағынан шығып сұрағын тағы да қояды: «Уа, Пайғамбарым, дін деген не?» – дейді. Ардақты Елшіміз (с.а.у.) тағы да: «Көркем мінез», – деп жауап қайтарады. Сұрақ қоюшы басқа жағынан шығып тағы да сол сұрағын қайталайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сұрақты қайта-қайта қоя берген адамға бұрылып, бұл жолы да: «Түсінбедің бе, дін дегеніміз – ашуланбау», – деп көркем мінезбен, еш ашуланбастан жауап қатады.

Демек, Ислам дінінің негізі, асыл тірегі, берік тұғыры көркем мінездің үстінен құрылуы тиіс екенін білдік. Ислам діні көркем мінезсіз – тұзсыз асқа, тұздықсыз етке ұқсайды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Әдеп – діннің қақ жартысы. Әдепсіз болған соң, дін жарты  болып қалады екен. Бүтін болмай, жарты болған нәрсе іске жарай ма?», – дейді.

Көркем мінез иманның нұры, берік тұғыры. Пайғамбарымыз: «Алла Тағала иманды жаратқанда, иман Алладан «мені қуаттандыр» деп сұрайды. Алла да оны жақсы мінез-құлықпен және жомарттықпен қуаттандырады. Ал күпірлікті жаратқанда, ол да Алладан өзін қуаттандыруын сұрайды. Оны Алла жаман мінез-құлықпен және сараңдықпен қуаттандырады», – дейді.  

Сондықтан да, дініміздің ерекшелігі – мұсылман мінезінің көркемдігінде. Алайда, өкінішке қарай, көбіміз көркем мінезге салғырт қараймыз. Намаз оқығанымызбен арсыздықтан тыйылмаймыз. Пайғамбарымыз «мұсылман өтірік айтпайды» десе де, кейбір жерде өтірікті де соғып кеп жібереміз. Өсек те, ғайбат та ауыздан шығып жатады. Сөйтеміз де, бойға біткен мінез ғой, қанға сінген әдет қой деп, мінезі қисық біреуді көрсек «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мақалмен ақтауға үйір тұрамыз. Тіпті, бетімен кеткенді көрсек, «Бүкірді көр ғана түзейді» деп одан үміт үзе салуға жақынбыз. Асылында солай ма? Мінез түзелмейтіндей нәрсе ме?

Хәкім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – дейді. Абай Құнанбайұлының айтуынша, түзелмейтін мінез болмайды. Қандай мінез болсын, ол түзеледі.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да «адамның өзін-өзі жақсы мінезге салу қолдан келетұғын іс» деп есептейді. Ол: «Аспанда ұшып жүрген құсты саятшылар ұстап алып, шақырса, қолға келіп қонатұғын қандай жұп-жуас, мүләйім қылып қояды. Ат үйретушілер қандай асау атты соңынан еріп жүретұғын қылып қояды. Мініскерінің үйретуімен ит қандай үйренеді? Тілсіз хайуан мұндай мінезін түзеп ұстағандықтан, құнды, пұлды болып қолқаға жүреді», – деп хайуан екеш хайуанды да үйретуге болғанда, адам мінезін қайтып түзетуге болмас деп санайды.

Төрт шадиярдың бірі Хазіреті Омар: «Адам бойында болмысынан келе жатқан он мінез бар, оның тоғызы – жақсы, біреуі – жаман.  Жаманының басын бос қоя берсең, басқаларын бұзады»,– дейді. Демек, жаман мінезді жақсы мінезге қойға қасқыр шапқандай шаптырмай, күзетіп, тізгіндеу адамның қолындағы шаруа екен.

Ендеше, көркем мінезге қалай қол жеткізуге болады, жақсы мінез-құлықты қалайша үйренуге болады?

Көркем мінездің кілті – әйеліңде... Жаныңдағы жарыңда... Яғни, әйелің – көркем мінездің ұстаханасы.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – дейді.

Адамға қай уақытта «мінезі жақсы екен» деп айтатын едік? Айналасымен жақсы қарым-қатынаста болған, ешкімге тілімен де, қолымен де зарар бермеген, әркіммен көркем мәміле құра білген адамды «көркем мінезді адам» дейміз. Солай емес пе? Ал ең жиі қарым-қатынас жасайтын жан кім? Әйеліміз. 24 сағат болмаса да, кемінде 12 сағат жанымыздан табылатын да әйеліміз. «Көзімді жұмсам да көрем сені...» демей ме бір әнде. Сол секілді жартымыз болған соң көбінде жанымызда болатын әйелімізбен жақсы қарым-қатынаста болғанда ғана адам жақсы адамның санатына кіреді екен.

Көбіміз үйленген соң әйелдерімізбен «өзіңдікі ғой, өзекке тепсең де кетпейді енді» деген қарым-қатынасқа көше бастаймыз. «Үйленгенше жаным деймін, үйленген соң жаныңды жеймін» деген көбіміздің көрген әзіліміз жүзеге асып жатады. Қосылған соң бір-екі ай өтер-өтпестен дөрекілікке көшеміз. Бет ашылған соң арада ұрыс-керіс те болып алады. Кейбіреулер тіпті қол жұмсауға дейін барады. Ал көшеге шыққан соң мүлдем басқа адам бола қалады. Өзгеге көркем мінезді боп көрінуге тырысады. Бірақ, бұл кезде ол екі жүзділік болып саналады.

Сондықтан да, Пайғамбарымыз әйелдерімізбен жақсы қарым-қатынаста болу арқылы ғана жақсы мінез-құлыққа қол жеткізетінімізді айтады.

Әйелімізге әрдайым күлімдеп қарайықшы. Күлімдеудің өзі – садақа емес пе (Хадис)? Үнемі жылы сөз айтайықшы. Ол да – садақа. Қателіктеріне ашуланбайық. Кемшіліктеріне сабыр қылайық. Жақсылыққа шақырайық. Жамандықтан тыяйық. Иман нұрын арттыру үшін күніне кемі жарты сағат дәріс оқиық, уағыз айтайық. Сүйіспеншілігімізді арттыру үшін жиірек сыйлық жасайық. Өз-өзімізді осыған әдеттендірсек, бұл көркем қарым-қатынас дағдыға айналады. Ең жақыныңмен бұлай қарым-қатынас құрып әдеттенсең, бөтен біреумен еш уақытта жаман қарым-қатынасқа бармайсың.  

Ал егер ет жақыныңмен жаман қарым-қатынаста болсаң, онымен дұрыс мәміле етпесең, ол да жүре келе әдетке айналады. Ондай адам басқаларымен де ұзақ уақыт жақсы қарым-қатынаста бола алмайды. Қанша болуға тырысса да, онысы шынайы шықпайды. Бәрібір үйреншікті әдетіне басады.

Міне, Пайғамбарымыздың «Ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы болғандарың» деген хадисіндегі хикмет осы.

Көркем мінезге ие болғанның иманы бүтінделеді. Басына ғылым да, бақ та, тақуалық та келеді. Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!», – дейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Ғылым аспандағы күн сықылды жарығы зор-дүр. Әркімнің терезесіне қарай сәулесі түседі. Ғылым — ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең дария. Әркімнің ыдысына қарай су құйылады. Аспандағы күннің сәулесі түндігі ашық, терезесі үлкен үйге түсетұғын болды. Түндігі жабық, терезесі жоқ үйге күллі дүниені алып тұрған күннен иненің жасуындай да сәуле бұйырмады. Су да қара жердің көрікті, шырайлы жерінде ағып, түбі бүтін ыдысқа тоқтайтұғын болды. Тақыр, сортаң жаман жерден сыр етіп өте шығып, түбі тесік ыдыстан сау етіп жерге бір-ақ төгілетұғын болды. Ғылым да әдепті, ибалы, мүләйім жақсы мінезлі адамға орнығатұғын болды. Жынды көбелек сықылды көрінген отқа барып, жалп ете түсетұғын қулардан не алсын? Ондай адам оқыған оқуының қайда кетіп қалғанымен жұмысы да жоқ. Оқымаған наданнан күні жаман болып, тойған жерден кете алмайтұғын болған соң, жүре береді» – дейді.

6 пікір
  • Мақалада жақсы ойлар бар. Мінезді түзетуге болатындығы уә һәм көркем мінезіңнің безбені жанындағы жарың.
    Мінезді қалай түзетуге болады? Өзіңнен осы тақырыпта мақала күтеміз САЛТАН бауырым!
    10 жыл бұрын
  • Иншаллах иаманымыз берік болса, мінезіміздің көркем болары хақ. Сабыр да мінездің жақсы қалыптасуына септігін тигизеді.
    10 жыл бұрын
  • Макаланызга улкен рахмет. Тагыда жаксы макалалар кутемин!
    10 жыл бұрын
  • Шынымен де жақсы ойлар бар екен. Рахмет!
    10 жыл бұрын
  • шыныменде оқыған адамға ой салады. жақсы жазылған ! рахмет.
    10 жыл бұрын
  • Мінезді құртатын нәрсе - нәпсі. Нәпсіні ауыздықтамай мінезді түзеймін деу бос әурешілік. Атақ-даңқ, дүние, қызмет талай көркем мінездерді "сындырып" жібергенін өзім талай көрдім. Күні кеше қос қолдап амандасатын бауырларымның, қолына мал, астына тақ біткенде "ернінің ұшымен" сәлем алғанын көргенде, бұл қызметке отырмағаның жақсы болар ма еді деп ойлап қаламын. "Әйелмен жақсы қарым-қатынас" - әйелдің айтқанын істеу емес екені белгілі нәрсе. Жалпы айтпағым мінезді түзеу емес, жақсы мінезді бұзбау мәселесі ашылып жазылу керек еді.
    10 жыл бұрын