Бату ханға неге «Сайын хан» лақабы берілген?
Бату ханға неге «Сайын хан» лақабы берілген?
2 жыл бұрын 2344
Мұхан Исахан

Ортағасырлық әлем тарихында Алтын Орда мемлекеті орасан зор күш-қуатқа ие алып империя ретінде суреттелгенімен, әу баста бұл иелік тек Шыңғыс хан құрған қағанаттың метрополиясы – Жошы ұлысы болып құрылды. Яғни, Жошы ұлысы Шыңғыс хан құрған Ұлы империяға бағынышты доминион субьекті еді. Жошы ұлысының қарамағына Ертіс өзені мен Орал тауларына дейінгі жерлер, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі аумақ, Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдарияның сағасы кіретін. Бір сөзбен айтқанда, тұтас Дешті-Қыпшақ Жошы ханның ұлысы саналатын. Сондай-ақ, Шыңғыс хан өз өсиетінде үлкен ұлы Жошы ханға Дешті-Қыпшақтан күнбатысқа қарай «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтарды да» енші етіп берді. Бірақ Джузжани «өте батыл, айбарлы» деп сипаттаған Жошы хан Шыңғыс ханның өсиетін жүзеге асыра алмады. Ол 1227 жылы 30 жастан аса берген шағында, Шыңғысханнан бірнеше ай бұрын аң аулап жүрген кезінде қапияда қаза тапты. 

 

Еуропаның төсінде ат ойнатқан

Алайда, Ұлы Қағанның Батысты бағындыру өсиеті мүлде аяқсыз қалған жоқ. Шыңғыс ханның «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтарды» бағындыру туралы өсиетін негізге алған Жошының мирасқоры Бату хан Ұлы Құрылтайдың шешімімен 1236 жылы Шығыс Еуропаға жорық жасады. Осы жорық хақында Плано Карпини өз жазбасында Бату ханның Еуропаны бағындыруды 18 жылға жоспарлағанын жеткізеді. Моңғол дереккөздерінде Бату хан осы қанды жорығында Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Азау (Қырым), Сазау (Суздаль), Мажар (Венгрия), Кәшімір, Шеркес (Кавказ), Бұлғар, Келер секілді он бір елді бағындырғандығы айтылады.

Десек те Бату хан ғұндардың ұлы патшасы Атилланың ізімен жүріп, Еуропаны тұтас бағындыра алмады. Үгедей ханның 1241 жылы қайтыс болуына байланысты, Жошы ұлысының билеушісі жаулап алуды кілт тоқтатты. Дегенмен, Шығыс Еуропа жорығынан кейін Жошы ұлысының құрамына Дешті-Қыпшақ, Батыс Сібірмен қоса Дунайға дейінгі аралықтағы ұланғайыр аумақ, яғни, солтүстік Хорезм, Кавказ, Қырым, Молдавия, Еділ Бұлғарлары, Орыс кньяздықтары, Мордва жерлері енді. Көп ұзамай Қарақорымнан еншісін бөліп әкететін субьектінің Еуразия кеңістігіндегі осыншама ұланғайыр аймақты иемденуі, келешекте Жошы ұлысының алып империяға айналуына баспалдақ еді. 

 

«Сарай әл-Махруса» – Еділ-Жайық өркениетінің бастауы

Алтын Ордадағы алғашқы ірі өзгерістердің бірі империяны құрушы көшпелі түркілердің біртіндеп отырықшылық мәдениетке бейімделуі еді. Ал, Алтын Ордадағы урбанизация үдерісі Бату ханның билік құрған тұсында басталды. Бату хан 1242 жылы Еділ өзені сағасынан Алтын Орданың кіндігі ретінде Сарай-Бату қаласын тұрғызуды қолға алды. 1254 жылы салынып біткен Сарай-Бату қаласы алғашқыда Алтын Орданың әкімшілік орталығы һәм әскери ордасы қызметін атқарды. Сарай-Бату кейін 75 мыңнан астам тұрғыны бар, сәулеті жарасқан байтақ қалаға айналды. Қалада билеушілердің резиденциясымен қатар, тұрақты әскердің ордасы, алыс-жақын елдердің сауда керуендері тоқтайтын керуенсарай, қалың бұқараның қажеттілігін өтейтін әмбебап сауда-саттық орындары жұмыс істеді. Шаһар тұрғындарының денін саудагерлер мен қолөнершілер құрады. Алтын Орда билеушілері «Сарай әл-Махруса» (Тәңірдің қорғауындағы қала) тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырларын және бұрқақтар салдырды. Тазалық сақталуы үшін жерасты кәріз жүйесі мен су ағатын арықтар жүргізді. Қоғамдық моншаларды іске қосты. 

Жошының мирасқоры Бату хан Алтын Орда астанасын салдырып қана қойған жоқ, жаулап алу кезінде қираған көптеген қалаларды (Мысалға: Бұлғар, Хорезм, Дербент) қайта қалпына келтірді. Осының нәтижесінде империя құрамындағы аймақтық-әкімшілік орталықтарда қалалық өнеркәсіп дамыды. Біртіндеп жаулап алушы көшпенділер тек мал шаруашылығымен ғана емес, қалаларға қоныстану арқылы қала мәдениетін де игере бастады. Мысалы, Сарай-Батуда қолөнер кәсібі қарқынды түрде дамыды. Бату ханның тегеурінді билігінің арқасында орныққан саяси тұрақтылық Алтын Орда мемлекетінің шаруашылығы мен экономикасының күрт өсуіне екпінді ықпал етті. 

Жалпы, тарихта Алтын Орда билеушілері Еділ мен Жайық өзендерінің сағасына Сарай-Бату, Сарай-Берке, Хажы-Тархан, Сарайшық секілді бірнеше қалаларды тұрғызды. Cол кезеңнің шартты жағдайымен қарағанда, осындай ірі-ірі шаһарлардың салынуы өркениеттілік құбылыс болатын. Ал, Алтын Ордадағы өркениетке деген ұмтылыстың басында сөз жоқ қираған қалаларды қалпына келтірген, империяның жаңа астанасын салуды қолға алған Бату хан тұрды. 

 

Толеранттылықты ту қып ұстады

Бату хан орнатқан саяси режим экономикалық ахуалдың жақсаруына ғана емес, Алтын Ордадағы этносаралық татулықтың сақталуына һәм діни төзімділіктің нығая түсуіне тұғыр болды. Мысалы, тарихшы В.Егоровтың айтуына қарағанда, Сарай-Бату қаласында біруақытта моңғолдар, қыпшақтар, асылар, черкестер, орыстар, византиялықтар қатар тату өмір сүрген. Сондай-ақ, алғашқыда Жошы ұлысы билеушілерінің белгілі-бір діни сенімге қолдау білдірмей, бейтарап ұстанымда болуы, Алтын Орда құрамындағы діни конфессиялар арасында төзімділіктің қалыптасуына игі ықпал етті. Тегінде, Алтын Орданы құрған көшпелі халықтың діни наным-сенімі бір текті болған емес. Олар тәңіршілдік пен несториандықты, православ және ислам дінін ұстанатын. Тіпті, Кавказды мекендейтін хазарлар иуда сенімінде еді. Осылай бола-тұра: «... татарлар қай кезде де болмасын өздерінің діндерге деген төзімділігімен ерекшеленетін», – деп Ш.Монтескье айтпақшы, Бату хан билік құрған тұста Алтын Орда мемлекетінде конфессияаралық толеранттылық орнады. Алтын Орда империясы христиан дініндегі славяндық, тәңіршілдікке негізделген көшпелі түркілік, Әмудария алқабында парсылық, иудалық сипаттағы хазарлық мәдениеттерді тоғыстырған жаңа саяси-мәдени платформа еді. Яғни, Жошы ұлысындағы діни еркіндік Шығыс пен Батыстың өзара бейбіт түрде рухани һәм мәдени пікір алмасу үдерісіне жол ашты. 

 

Түйін:

Көзінің тірісінде-ақ «Сайын хан» (қайырымды, әділетті) деп аталып, халықтың ерекше құрметіне бөленген Бату хан 1256 жылы науқастан қайтыс болды. Оның билігі тұсында Қытай қорғанынан шыққан сауда керуені сонау Еуропаға дейін ешбір қиындық көрмей, діттеген жеріне қауіпсіз аман-есен жете алатын. Плано Карпинидің айтуына қарағанда, Бату ханның кезінде мұсылмандар Сарай Батуда мешіт-медресе тұрғызған. Яғни, Алтын Ордада мұсылмандардың өз ғұрып-рәсімдерімен өмір сүруіне толық мүмкіндік қарастырылды. Джузжанидің дерегіне илансақ, Бату хан Алтын Орда империясын Шыңғыс ханның «Ұлы Иаса» заңымен басқарса да, жасырын түрде Ислам дінін қабылдаған көрінеді. Әлбетте, Бату ханның мұсылман болған, болмағаны бір Аллаға аян. Дегенмен, Ислам тыныштықта өркен жаятын дін. Ал, осыған мол мүмкіндік тудырған һәм Алтын Орданы гүлдендірген «Сайын хан» сөз жоқ – ұлы билеуші!

0 пікір