Әйелін даулағанға Әбу Ханифаның тапқырлығы
Әйелін даулағанға Әбу Ханифаның тапқырлығы
9 ай бұрын 4139

Имам Ағзам Әбу Ханифаның тапқырлығы мен даналығына жұрт таңданатын. Ол халық арасында шыққан түрлі дау-дамайды қарапайым жолмен және "қара қылды қақ жарғандай" етіп әділ шешіп беретін. Ғалымның тапқырлығына қатысты баян етілген көптеген оқиғалар бар. Сондай оқиғаның бірі төмендегідей: 

Мұсылман болған өзге ұлт иелерінен біршама отбасы өздерінің елдерін тастап, Ирак өңіріндегі Куфа қаласына қоныстанады. Олардың арасында бір кісінің өте сұлу жұбайы болған екен. Сол әйелге Куфа қаласының бір тұрғыны ғашық болып, әйелдің қыр соңынан қалмай, ақыры әйелді өзіне қаратып алады. Сөйтіп не керек, махаббат буына мастанған әлгі еркек өзгенің әйелін өзінің жары екендігін халыққа айта бастайды. Әйел де әлгі куфалық кісінің сөзін қостайды. Мұны естіген күйеуі қанша шырылдаса да әйелдің шынайы күйеуі екендігін дәлелдейтін бөтен елде ешқандай айғақ таба алмағандықтан, қазы куфалық арабтың пайдасына шешкен екен.

Амалы қалмаған әлгі бейбақ әділдік іздеп Әбу Ханифаның есігін қағады. Мән-жайды естіп болғаннан кейін Имам Ағзам Әбу Ханифа қасына бір топ адам алып, жолай қазының орынбасарын да ертіп, әйелін даулаған шағымданушының үйіне келеді. Бұлар келісімен бөтенсіген үйдегі иттер әупілдеп үріп, дүрсе қоя береді.

Бұдан соң Әбу Ханифа: «Енді әлгі әйелді шақырыңдар», - дейді. Әйелді шағымданушының үйіне жіберіп, өздері сырттан бақылап тұрады. Жаңа ғана жеп қоярдай айбат шегіп, әупілдеп үрген иттер әйелді көре салысымен оны танып, құйрықтарын бұлғандатып еркелеп, күнде тамақ беріп жүрген егесіне деген сағыныштарын паш етеді. Мұны көрген Әбу Ханифа айналасындағыларға қарап: «Міне, көріп тұрсыңдар ма?! Ақиқат айқындалды», - деп өзінің тапқырлығымен өтірікті әшкере етеді. Шайтан түртіп, азғырылғандығын түсінген әйел өзінің кінәсін мойындап, ерінен кешірім сұрап, отбасына оралған екен. Ал, әлгі нәпсісіне ерік берген куфалық жігіт жазадан қашып, жасырын басқа қалаға қашып кеткен деседі.   

Аталмыш оқиғаны естіген Әбу Ханифаның замандасы Имам Мәлик Имам Ағзамның тапқырлығына сүйсініп, ұзақ уақыт бойы күлкіден өзін тыя алмаған екен.  

Дайындаған А.Қасым 

1 пікір
  • Әлемдердің Раббсы Алла Тағала біздердің жаманшылық атаулыдан ақтасын! Алладан жасырын-жария жасаған, ұмытылған-ұмытылмаған үлкенді-кішілі күнәларымыздың кешірілуін сұрайық. Өміріміздің бір мақсаты – тәубелеріміздің қабыл болуы. Алла кешірімді, мейірімді!
    9 ай бұрын