Досымның өкініші
Досымның өкініші
2 жыл бұрын 2549
Жұмаділ Жарқынбек

Шілденің шыжыған шіліңгір ыстық күні. Май еритіндей күйіп тұр, бітік өскен бітеу талдармен сыйда өскен қызыл үйеңкілердің арасымен Ертіс өзені жар жағалап, баяу кілкіп ағып жатыр.

Өзен жағасынан сайраған бұлбұл, торғайдың жағымды үні естілді. Үнсіз тыныштықпен ауыр ойға батып, толқып жатқан өзен бетінде анда-санда ақбауыр балықтар шолп етіп секіріп, қайта жоқ болды. Өзеннің осы суретін тамашалап, досым Қайдарбек екеуміз жағаға жақын құм қайраң шетінде отырмыз.

– Адам есейіп ер жеткен сайын әр нені ойлағыш болады екен, ә?! – деп қара шашты, көккөз сары досым есіне түскен бір жайды әңгіме еткісі келді маған.

– Сен немене, ой үстінде отырсың ба? Әлде бірдеме есіңе түсті ме? – деймін мен оған.

– Иә, кейде адам мүлде ұмыта бастаған шақтары аяқ астынан еске оралатыны бар емес пе? – деп Қайдарбек толқын ұрған өзен жағасына қарап сөйлей бастады:

 − Уақыт емші дейміз кейде, бірақ  жүрекке түскен жараны мезгіл өте келе емдеп сауықтырғанмен орында тыртық қалмақ, ал оны қанша заман өтсе де өшіре алмайды екен. Есімде қалуынша, 14-15 жастағы кезім. Жетінші сыныпта оқитын едім. Үйде әке-шешемнен қорқып тыныш жүргеніммен мектепте менен асқан тентек жоқ болатын. Бір күні сабақтан тарағасын, бір топ достарыммен  үйге қайттым. Көшеде теңдестеріммен алысып-жұлысып, жағаласып келеміз. Арлы-берлі зулаған машиналардан жасқанып, жаяу жүргіншілер жолына түсіп алдық. Мен басқаларынан оза жүріп, бір-екі қадам алда келе жаттым. Түскі демалыс уақыты болғандықтан, көшедегі адамдар сирек еді. Кенет, анадай жерде қарайып жатқан кішілеу нәрсеге көзім түсті. Барлығын тастай салып, жүгіре басып жетіп бардым. Кәдімгі үлкен кісілер ұстайтын, ақша қапшығы екен. Қолыма алдым да, асығыс ішін ашып ақтара бастадым. Ішінен жиырма мың теңгедей ақша шықты. Қуанғаным сонша, тұрған орнымнан секіріп-секіріп кеттім. Бұл кезде достарым да келіп қалған екен, менің қуанышты жүзіме қарап барлығы ентелеп:

– Не болды? Не нәрсе екен? – деп айнала қоршай кетті. Мен қолымдағы ақшаны көрсеттім. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ. Жол бойы ақшаны қалай, неге жұмсайтынымызды ақылдасып келеміз. Біреу киім-кешек алайық десе, енді бірі керекті нәрселер алайық дейді.

– Осы табысымызға жеп-ішіп, құмарымыз қанғанша ойнап қайтайық, - деді арамыздағы ұзын бойлы сотқар Ермек.

– Бұл біреудің қажетті ақшасы болып жүрмесін. Одан да иесіне берейік, ақшасы жоғалып алаңдап отырған болар, - деді өзі жуас сабақты да жақсы оқитын досым Қайсар.

– Иесін қайдан табамыз? – деп бәріміз оған жабылып қарсы шықтық. Тағы бірдеңелер айтқысы келіп еді, біз оны естімеген кейіпте Ермектің айтқанын құптап, көңіл көтерейік деп жүріп кеттік.

«Ақша болса қалтаңда, талтаңдасаң – талтаңда» деген емес пе? Көшедегі ең жақсы дәмханалардан тоя тамақтанып алып, электронды ойын орына кіріп, Құмарымыз қанғанша ойнадық-ау!

Ақша деген су емес пе, әп-сәтте жиырма мың теңгеміз жеті бала қолымен  қалай таусылғанын да сезбей қалыппыз. Қалған ақшамен аста-төк дастархан дайындап, тамаққа тойып алып түн жарымында үй-үйімізге беттедік.

Үйдегілер әлі ұйқтамаған екен. Анам мені күтіп отырыпты. Есіктен кіре бере ашу шақырып, ұрыса жөнелді.

– Қайда жүрсің? Неге кешіктің? Әкеңе көрінбей бөлмеңе барып жата қал, ол ашулы.

– Неге? – дедім мен.

– Бүгін әкең мені емдетуге ақша керек болғандықтан банктен жиырма мың теңге несие алып, жолшыбай сенің жағдайыңды білу үшін мектебіңе соға кетейін деп барған жолында әмиянын түсіріп алыпты. Үйге келген соң бірақ білді. Қайта барып іздеп таба алмай келдік, - деп күрсінді шешем. Мен бір орында қатып қалыппын. Есім шығып кетті. Не істерімді білмедім. Шыдай алмай өкіріп жыладым-ау кеп. Сол кезде әкем де келіп, шешем екеуі үдірейіп маған қарады. Мен жылап отырып болған жағдайды айттым. Әкемнің ашуланғаны сонша, мені шапалақпен тартып жіберді. Еденге құлап түстім. Жылап жатырмын, шешеме не болғанын білмедім, әкемнің ашуы басылар емес. Ашуланбай қайтсін, біз үшін жиырма мың теңге ерекше мол ақша еді. Өйткені біздің үйдің тұрмыс жағдайы нашар болатын. Анам науқас. Сол кезде есіме Қайсардың айтқаны түсті. Өкінгенім сонша, оның айтқанын неге тыңдамадым деймін. Анам қанша қайғырғанымен әкем қанша ашуланғанымен, мен өкініп басымды жерге тоқпақтасам да, кеткен жиырма мың теңгенің орны толар ма?

Қайдарбек сөзінің осы арасына келгенде жанарына жас іркіліп, үнсіз отырып қалды. Содан бір сәтте алдағы толқын ұрған өзен жағасына көз алмаған күйі:

– Анам кейін сол науқастан қайтыс болды. Нағыз жетімдік тартқан қасіретті өмірді сол кезде сезіндім-ау. Қайран анашым, кейде осы оқиғаны еске алсам өліміне себепші болдым ба деймін. Қайран анам, ақшаның жоқтығынан дұрыс емделе де алмады-ау, - деді күрсініп.

Мен досымның әңгімесін қимылсыз күйде, алдыма телміре қарап әлі үнсіз тыңдап отырмын. Ана өзен Ертіс тұп-тұнық қалпымен баяғысындай әлі толқып жатты.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.2
20 дауыс
4 пікір