Туылмаған сәби
Туылмаған сәби
10 жыл бұрын 10090
Мейірмангүл Аманғалиқызы

Кеш қарайған шақ. Шамның әлсіз жарығынан ба, палата іші сүреңсіз. Жалғыз керуетте бір келіншек жатыр. Ыңырсиды, ыңыранады. Бір уақытта қинала көзін ашты. Дүние төңкеріліп жатқандай. Қозғалайын деп еді, - әлі жоқ. Көзін қайта тарс жұмып алды. Ештеңе түсіне алар емес. Бір кезде еміс-еміс есіне түсе бастағандай. Ішін ұстап көрді... Келіншек дауыстап жылап жіберді. Медбике келіншектің оянғанын күтіп отырған, даусын естіген бойда темір ыдысқа салынған дәрі-дәрмегін ала ішке ентелей кірді.

- Е, тұрдың ба? Бір жерің ауырып жатыр ма?

Жауап жоқ. Келіншек егіліп жылай берді. Дәрісін егіп, қан қысымын, температурасын өлшеген медбике есіктен шығып бара жатып, бойын аяныш сезімі биледі ме…

- Сабыр ет, жассың ғой әлі, әлі талай балалы боласың. Уайымдама! - деп өксігін баса алмай жатқан келіншекті жұбатқандай болды да, шығып кетті. Сол күнгі келіншектің зарлы үні өзге палаталардағы науқастарға да естіліп жатты.

Әлияның тұрмыс құрғанына біраз болған, алайда балалы болу бұйырмай жүрген еді. Күйеуі Жандостың да көңілінде бір алаң болған. Бірақ сүйіп қосылған жарына ештеңе білдіргісі келмейтін.  Алайда күйеуінің де, енесінің де көңілдерінде әлдебір күдіктің барын Әлия сезбейді емес, сезеді. Кей кездері қатты қиналғанда, күйеуіне “басқа әйел ал” деп айтқысы да келетін. Сүйіп қосылған жарының ұрпақсыз қалғанын да қаламайды, өзі жатқан ақ төсегін өзгеге беруге де қимайды. Алланың қалауынан асып кім кете алсын, қандай амал жасамасын, құрсақ көтере алмай біраз жүрген еді…

Әлия бар әл-күшін жинап тұрмақ болып еді, басы айналып, тұра алмады. Денесінің ауырлығын сезініп, құлап барады. Қайта жатты. Жылайды, біресе ыңырсиды. Біресе оң бүйіріне, біресе сол бүйіріне аунақшиды. Әрбір қозғалған сайын темір керуеттің сықырлаған дыбысы палата ішінде жаңғырып, оның қайғысымен бөлісіп тұрғандай.

Әрлі-берлі жүрген адамдар. У-шу. “Досаева, Қалиева” деп медбике әлдекімдерді шақырып жатыр. Күбір-сыбыр. Оянып кетті. Таң атыпты. Кешегі жағдайға қарағанда, бүгінгі күйі әжептәуір жақсы. Дәлізге шықты. Көрші палатадан өзі секілді бір келіншекті көзі шалып қалды. Әрлі-берлі жүрген сайын көзі түсе берді. Шыдай алмай, медбикенің жанына кеп:

- Бұл да түсік тастады ма? - басымен келіншекті меңзеді.

- Иә!

Әлияның одан бетер қабағы түсіп кетті.

- Бұның да баласы дамымай қалған емес пе?

- Жоқ, а, өз еркімен алдыртып тастады баласын.

- Не???

Әлияның көзі шарасынан шығардай бақырайып, өңі бозарып, сол жердегі орындықтың біріне отыра кетті. Ойы аласапыран. Көңілі алабұрқан. Бойындағы аяушылық сезімі бірден жеккөрушілік сезімге ұласып, “неге, не үшін?” дей берді.  “Өмір-ай… Мен ғой бір балаға зар болдым. Кең сарайдай үйімнің барын қайтейін, таңның атысы күннің батысы қу тіземді құшақтаумен болдым. Берген баласын Құдай өзі алды. Ал мына әйел… мына әйел баласын алдыртып тастапты. Ай, көгермегір-ай. Дүниеге келмеген сәбидің не кінәсі бар ед? Бар болғаны анасының құрсағында демалып, тебінгені ме?..” Әлия ауыр ойға шомып кеткенін өзі де білмей қалды.  "Оған не себеп болды екен, а? Мүмкін отбасылық жағдай ма?.. Бірақ әр баланың өз несібесі бар емес пе?” Ой шіркін жүйрік қой… Әп-сәтте ойы сан-саққа жүгіріп кетті. “Мүмкін баланы туып, далаға тастағаннан, жарық дүниенің есігін аштыртпай-ақ қойғаны да дұрыс па еді?” Кенет өзінің ойынан өзі шошып кетті. “ Жо-жоқ, қай-қайсысы да жақсы емес! Адамның жүрегі сондай әрекетке қалай барады екен, а? Сонда оларда жүрек жоқ па? Сезім жоқ па? Қорқыныш жоқ па? Неткен безбүйрек жандар ед…”

Көп ұзамай әлгі келіншек аяғынан тұрды. Әлия онымен қайта-қайта ұшырасып қала берді. Жүзінде қандай да бір өкініштің лебі жоқ. “Алла-ааааай, мына бейбақ қандай күнә жасағанын білмейді-ау” - деді ішінен.

Баласынан айрылып, қабырғасы қайысқан Әлия төрт қабырғаға қарап жата алмады. Көзіне жас тығылып, әр нәрсені бір ойлай береді. Әне-міне балалы боламыз деп күйеуінің алып-ұшып жүрген жүзін елестетті. Әрі аунады, бері аунады. Тағы да күйеуін ойлады. “Балалы бола алмай қалсам ше… Осы жағдай тағы қайталанса…” Маңдайы терлеп кетті. Өзінің ауыр ойынан  жүрегі қысылды. Жата алмады. Дәлізге шықты...

Көп ұзамай Әлия үйіне оралды. Арада біраз уақыт өтсе де, күйеуінің де, енесінің де бұрынғыдай ыстық ықыласы байқалмайды. Болған жайға Әлияны кінәлайтын сияқты. Үй ішіндегі көңілсіздік Әлияның еңсесін баса берді. Ақыры шыдай алмады.

- Сенің маған деген көңілің бұрынғыдай емес сияқты.

Жандос үндемеді. Теріс қарап жатып алды. Жандостың бұл әрекеті жанына батқан Әлия ашуға булықты.

- Осының бәрі маған да оңай деймісің? Осындай ауыр күнде маған қолдау білдіріп, демеу болудың орнына, сенің бұның не? Баланы мен бе өлтірген? Неге мені кінәлайсың?

- Ия, сен! Сен! Сен менің баламды өлтірген. Сол күні мен саған шешеңнің үйіне барма дедім. Тыңдадың ба сен мені? А? Не болды ал ақыры? Осы перзентті қанша күттік біз?! - Жандос ойындағысының бәрін айтты.

- Доғар!

Ұрыс үлкен жанжалға айналды. Әлия қолына ілінген затын алды да, киініп, үйден шығып кетті. Оны тоқтататын ешкім болмады.

Жандос түнімен ұйықтай алмады. Таң қылау бере көзі ілініп барады екен, есіктің қоңырауынан оянып кетті, одан соң анасының ойбайлаған даусын естіді. Тұра салып, оң жағына қарады, әйелі жоқ. Жүрегі бір жамандықты сезіп, алып-ұшып дәлізге шықты. Пагонды ұзын бойлы жігіт анасына сөйлеп тұр екен:

- Бекем болыңыз! Бұл оқиға бойынша тергеу жүргіземіз. Әзірге көлік астына өзі түсті деген жорамалымыз бар. Қазір оны ауруханаға алып кетті…

Жандос пен анасы алып-ұшып ауруханаға жетті.

- Шотаева Әлияның жұбайысыз  ба?

- Іііііі-іиә, - Жандостың даусы әрең шықты. Көзіне жас тығылып, денесі дір-дір етеді.

- Әйеліңіздің аяғы ауыр болған екен. Өкінішке қарай, әйеліңіз сәбиімен ана дүниеге бірге аттанып кетті. Қайғыңызға ортақпын. Бекем болыңыз!

Жандостың үні шықпай қалды. Тізерлеп жерге отыра кетті.  Көзінен жас бірінен соң бірі тамып жатты. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдар. Бірақ ешкім Жандосқа да, оның сол кездегі күйіне де мән берген жоқ. Алайда Жандос үшін өмір тоқтап қалғандай еді…

- Жаз, – деді бір медбике бір өрімдей қызға. – “Дәрігерлерге қояр арыз-талабым жоқ…” Әлгі қыз мектепте диктант жазғандай, қайта-қайта сұрап қояды. Бұл жасанды түсік жасатудың алдында дәрігерлердің алып жатқан қолхаты еді. Көп ұзамай жарық дүние есігін ашпаған тағы бір сәбидің тіршілігі тоқтамақ...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.0
54 дауыс
16 пікір
  • Иманигул, осындай тамаша туындыларынмен жии болисип туршы!
    10 жыл бұрын
  • Жарайсың Мейірмангүл, өте жақсы жазылған, қазіргі жастарымыздың үлкен проблемасы боп тұр ғой бұл мәселе! Осындай мақалалардан кейін сабақ алса екен деймін.
    10 жыл бұрын
  • Иманигул, мына шығарма көзіме жас алдырды. Тамаша жазылған екен, өте әсерлі. Жүрек деген дір ете түсті... Расында, бір сәбиге зәру жандар қаншама! Қаншама бала жасанды түсіктің құрбаны болғанын бір АЛЛА ғана біледі... Бірақ, бәрінен де жұбайлар арасындағы сенімнің, үміттің болмағаны ойландырды...
    10 жыл бұрын
  • Әсерлі екен. Мен де үлкен қызымды босанып перзентханада жатқанда, менен екі-үш жас кіші келіншек өз еркімен дүниеге балпанақтай болып келген баласын тастап, көз жасын бұлап, жылай-жылай шығып кетті. үлкендердің "кейін өкінетін боласың" дегеніне де тыңдамады. Сонда тастатқан енесі мен күйеуі. Келіншектің бірінші күйеуінен көтерген баласы екен....
    10 жыл бұрын
  • Керемет жазылган!
    10 жыл бұрын
  • Сонгы кездеги байкаудагы ангимелердин коби не баласын, не акесин тастаган, не жетим, не мугедек жандар туралы болып кетти. Бирден окига желисин тусинип турасын. Туган жер, Отан, дастуримиз туралы шыгармалар коринбейди. Бир адамнын шыгармасын окыганнан кейин екиншисине конилин сокпайды. Мазмуны бирдей. 3 балл.
    10 жыл бұрын
    • Отан жер дегендер - балабақшадан бастап айтылатын тақырыптар ғой. Баласын не әкесін тастау - қазіргі қоғамның ащы да болса шындығы. Қазақ қоғамың өзекті мәселесі боп тұрғаны ақиқат. Бәрі бір-біріне ұқсаса, ол - қазіргі жастарды осы жағдай ойландырады деген сөз.
      10 жыл бұрын
      • Қосыламын. Отан сүйгіштікке балабақшадан бастап баулып, үйретеміз. Оқу бағдарламасында да бар дүние. Бірақ, дәл қазір біздер үшін маңызды болып тұрған, баршамызға ортақ үлкен проблема - қоғамдағы рухани құндылықтардың әлсіздігі. Жасанды түсікті көп жағдайда зинаның нәтижесі екенін түсінеміз, денсаулық жағдайларын айтпағанда, әрине. Сол себеп дәл осындай әңгімелердің көбірек жазылғаны, көтерілгені дұрыс.
        10 жыл бұрын
      • Отанды сую отбасынан басталады деген казагым. Балабакша Отанды суюге тарбиелейди дегенге оз басым сенбеймин. Казир коп адамдар бала тарбиеси ушин журген жок сол балабакшада. Нагыз тарбие ата-ананын тарбиеси. Егер оларда бала тарбиелей алатын билими болса гана. Оздериниз сол журектеринизге бир унилип кориниздер... Сонда байкайсыз каншалыкты журегинизде Отанга деген махаббаттын бар екенин. Алла тагала журектегини биледи.
        10 жыл бұрын
    • Қайдан білесіз, бұл біреуге сабақ болар. Бұнда "күйеудің айтқанын тыңдау керек", "күйеудің рұқсатынсыз кетуге болмайды" деген ойлар астарлы жеткізілген.түсінген адамға..Қайта біз ол үшін қуанып,жоғары ұпай қоюымыз керек.
      10 жыл бұрын
  • Иманигул ангимениз жаксы жазылган.Казирги ен озекти маселе болгандыктан артыктыгы жок деп ойлаймын.Керисинше осы такырыпты ангимени окыган бир адам оз райынан ашуынан кайтса сауаптылыгы сонда деп ойлаймын.Шыгармашылыгыныздын шындалуына тилектеспин!
    10 жыл бұрын
  • Иманигул, оте асерли ангиме екен. Расында да осындай жагдайларды корип, естип таубемизге келемиз. Алла 2рет Ана атану бакытын буйрганда сансыз шукиршилик етип едим. Адеми ангимелеринмен болисе бер, каламын уштала бергей!!!
    10 жыл бұрын
  • Әдебиетте паралеллизм деген бар еді. Мына әңгімеде сол тәсіл қолданылған. Бала үшін біреудің шаңырағы шайқалып жатыр, ал біреулер ойланбастан баласын алдыртып тастап жатыр. Сосын мындағы коментте айтылғандай, күйеудің айтқанын тыңдау керек. Не ана дүниеде, не мына дүниеде арты жақсылық болмайды.
    10 жыл бұрын
  • Иәә, өте әсерлі және өте жақсы жазылған туынды.Рахмеет
    10 жыл бұрын
  • Керемет! Арбир адам баласын ойландыратын нагыз керемет ангиме екен, егерде журек тубимен тусине билсе... Биздин жас болашагымызга калай осы маселени жеткизип, кулактарына синдирсек екен...! Осындай акыл-кенес беретин жаксы, жан тебирентер ангимелериниз коп болсын! Мумкин биреулерге пайдасы тиип кетеди деген нык сенимдемин!
    10 жыл бұрын
  • CSM
    Ресми деректерге сүйенсек, елімізде өткен жылы 84 мың жасанды түсік жасалыныпты. Соның ішінде, 20 мыңы 15 пен 19 жас аралығындағы қыздар. Бұл біздің білетініміз ғана. Ал, қаптаған қытайлық дәрілерді пайдаланып, немесе интернеттен әртүрлі түсік жасату жолдарын үйреніп алып жасырын жасап жүргендері қаншама. Бұл өте қорқынышты жағдай! Сонда біз 100 мың баланы тірідей өлтіріп қайда барамыз? Солар біздің салғарттығымыздан, білімсіздігімізден болып жатқан дүние емес пе? Сондықтан, жасанды түсік жасату - адам өлтіремен тең өте ауыр күнә және әйелдердің денсаулығына да тигізетін қауіп қатері мол екенін түсіндіру керек. Жазылған мақала өте керемет мақала деп ойлаймын. Еліміз үщін маңызды осындай мәселені көтергендеріңіз үшін алғысым шексіз.
    10 жыл бұрын