Көңіл сұрай бардыңыз ба?
Көңіл сұрай бардыңыз ба?
10 жыл бұрын 18829
Әбілқасым Сүлейменов

Атамыз қазақтан «Аурудың емі – саудың сәлемі»  деген  жақсы сөз қалған. Шынында да, тәнін дерт шалып, қиналып жатқан адамның көңілн сұрап бару – оған үлкен демеу, рухани жәрдем болатыны даусыз. Қиналып, шыбын жаны үшін арпалысып жатқан адам қасына бір бауыры келгенде: «Мені де елеп, ескеріп келді ғой» деп марқайып, көңілденіп қалатыны рас. Сондықтан болар, Ислам діні аурудың көңілін сұрап баруға мұсылмандарды үндейді. Пайғамбарымыздың өзі күн сайын кешке жақын сахабаларын жинап алып: «Бүгін қанша жетімнің басын сипадың, неше аурудың көңілін сұрадың» деп сұрап отырады екен. Мұсылмандарға ісімен үлгі болу үшін Мейірім пайғамбарының өзі де бұл іске ерекше көңіл бөлетін.

Тіпті өзге дін өкілдерінің көңілін сұрағаны Ислам тарихынан мәлім. Мысалы, бірде йаһудий дініндегі бір бала ауырып қалады. Алла елшісі (с.а.у.) оның көңілін сұрап, зиярат етіп барады. Баланың жанына жақын келіп отырды да: «Қалқам, мұсылман бол!» деді. (Өзі шешім қабылдауға   жүрексінген) бала әкесіне көзін салды. Әкесі: «Әбул Қасымға (Пайғамбарымызға) бағын, балам» деп жауап қатты. Ауру бала сол мезет Исламды қабылдады. Бұл үйден шыққаннан кейін Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Менің себебіммен оны тозақ отынан құтқарған Аллаға мадақ болсын», - деп дұға етті. Бұл, әрине, бүгінгі мұсылмандарға да үлгі. Бұл ісіміз жұмаққа кірудің де тамаша бір мүмкіндігі екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады: «Кімде-кім бір ауруды немесе бір мұсылман бауырын Алла үшін зиярат етсе, бір үндеуші (періште) оған былай деп дауыс қатады: «Тіршілігің қош болсын, барған жолың да қош болды. Жұмақтан өзіңе үлкен бір сарай салдың».

Көңіл сұрай барғанда не айту керек деген сауал болса, оның жауабын да пайғамбар хадисінен табамыз. Расулулла (с.а.у.): «Ауру адамның қасына барғанда, оған денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, рахаттандырыңдар. Бұл оның көңілін өсіреді», - деп кеңес берген.

Әбу Һурайра деген сахабаның жеткізген хадисінде Мұхаммед Пайғамбарымыз былай деген: «Алла Тағала Қиямет күні былай дейді: «Уа, адам баласы! Мен ауырдым. Сен неге мені зиярат етіп келмедің?» Сонда адамдар: «Сен бүкіл ғаламдардың Раббысы болсаң, сені қалай зиярат етер едік?» дейді таңдана. Алла Тағала: «Пәлен құлым дертке шалдықты. Оны зиярат етпедің. Соған барғанда, мені сол жерден табар едің. Осыны білмейсің бе?» - дейді.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Сендердің біреулерің дертке шалдыққан бауырының қасына зиярат ету мақсатында барған кезде онымен қол алыссын. Қолын маңдайына қойсын және оның жағдайы қалай екенін сұрасын». Бұл хадистен зиярат етуге байланысты үш сүннет келіп шығады:

  1. Қол алысу. Екі мұсылман бір-бірінің қолдарын екі қолмен ұстап, ұстасқан қолдарды жай ғана жоғары төмен қимылдатуын араб тілінде «мусафаха» деген терминмен атайды. Бұл жағдайда қолдардың арасынан күнәлар төгілетінін білдірген хадистер де бар.
  2. Аурудың маңдайына алақанымызды қою. Ол кісіге деген көңілімізді білдіру. Маңдайдан сипауда медицина, анатомия жағынан қандай пайдасы бар екенін толық біле бермейміз. Бірақ бастан сипап, маңдайдан ұстаудың бір сыры бар екені анық. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз басқа да хадистерінде жас балалардың, жетімдердің маңдайынан ұстап дұға ететіні туралы деректер бар.
  3. Аурудың жағдайын сұрау. Бұл да кісінің көңілін аулаудың әсерлі бір түрі.

Науқастың көңілін сұрап бару сан ғасырдан бері ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан өміршең ғұрыптарымыздың бірі.  

 Әйгілі ақын Кемпірбай Бөгенбайұлы төсек тартып жатып қалғанда, Әсет ақын оның көңілін сұрап барады. Барған бойда былай деп жырлап кетеді:

Ассалаумағалейкүм, нар Кемпірбай,

Науқасқа шипа берсін патша Құдай.

Аспанға айнала ұшқан ақ сұңқарым,

Кез келіп жайған торға бопсың мұндай.

Науқастың меңдеу тартты дегеннен соң,

Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай.

Дауысым танимысың, атым-Әсет,

Мен келдім әдейі іздеп көңіл сұрай.

Тек бұл емес, қазақтың тарихи әдебиетінен көңіл сұрау дәстүрін өте мол кездестіруге болады. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Абылайдың ақырғы күндері» деген хикаятынан мынадай оқиғаны келтіре кетейік: «Тұла бойға жайылған дерт күн өткен сайын күш алып, Абылай бірте-бірте әлсірей берді. Ханның көңілін сұраған халық толастамай, үсті-үстіне үймелеп келіп жатқан. Бастабында шұбырған жұртты бір жерге топтап, Абылайдың өзі көрініс беруші еді. Кейінгі күндері оған шамасы келмей, жиналған жұртты Әділ сұлтан қарсы алып, жолға салатын болды».

Ендеше, қанша жерден заман өзгерді десек те, бүгінгі таңда да осы бір игі дәстүрді ұмыт қалдырмай, өмірде іске асырып жүрудің маңызы зор деген ойдамыз.

1 пікір
  • Ассалаумағалейкүм! Осы біз жақта бір адам қайтыс болса , немесе ауырып жатса "көңіл сұрауға кешке , түнде баруға болмайды" деп жатады . көңіл сұрауға жұмыс бабымен күдіз уақыт жоқ болып жатса не істеуімізге болады? Осы жайт яғни кешке барып көңіл сұрау шариғатымызға қайшы келмейді ме?
    7 жыл бұрын