Құран Кәрім және ағымға бөліну
Құран Кәрім және ағымға бөліну
10 жыл бұрын 6577
Смайыл Сейтбеков

Мұсылмандар ең алдымен қасиетті Құран кәрімді басшылыққа алады. Құран – мұсылмандарды тура жолға бастайтын ұлық кітап. Оның ақиқаттығына күмән жоқ. Мұсылмандар әрбір істе Құран үкіміне жүгінгендей, ағым мәселесінде де Алланың әмірі жазылған кітап аяттарына құлақ салары сөзсіз. Ал Құранға зер сала қарағанда ішінде ағымға бөліну немесе «Әй, мүминдер, бөлініңдер!» деген мағынада айтылған ешқандай аятты кездестіру мүмкін емес. Керісінше, Құран аяттары мұсылмандарды бірлікке, ынтымаққа, бауырмалдылыққа шақыра отырып, басшыға бағынуды бұйырады. Бұл жайында Алла Тағала:

«يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ»

«Әй, мүминдер, Аллаға бойұсынып, Елшіге және араларыңдағы әмір иелеріне бағыныңдар», – дейді (4. «Ниса» сүресі, 59-аят).

Өткен мен келешектен, жасырын мен жариядан түгел хабардар Ұлы Алланың Өзі жаратқан пендесінің жағдайларын өздерінен артық білетіндігі шүбәсіз. Пенденің қателікке бой алдырып, күнәһар, яки діндар болатындығын да бұл дүниеге келместен алдын шексіз ілімімен біледі және біз солай сенеміз. Адам ет пен сүйектен жаратылғандықтан, нәпсі шіркін өз қалауын жасатпай қоймайды. Азғындық пен алауыздық әрбір қоғамда орын алатыны ешкімге жасырын емес. Мұндай кемшілік пен пендешіліктен мұсылман қоғамы да жырақ қала алмайды. Мәселен, мәдиналық Әус пен Хазжар тайпалары Ислам діні келмей тұрып ұзақ жылдарға созылған тайпа аралық қақтығысты бастан өткізді. Мұсылмандықты қабылдағаннан кейін де ескі жараның беті ашылып қалатын. Бірде екі тайпа өкілдері өзара түсінісе алмай құрманың кеуіп қалған шыбықтарымен шекісіп қалады (Бухари, Сулх бабы). Осы оқиғадан кейін мына аят түседі:

وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا فَإِن بَغَتْ إِحْدَاهُمَا عَلَى الْأُخْرَى فَقَاتِلُوا الَّتِي تَبْغِي حَتَّى تَفِيءَ إِلَى أَمْرِ اللَّهِ فَإِن فَاءتْ فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا بِالْعَدْلِ وَأَقْسِطُوا إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

«Егер мүминдерден болған екі топ бір-бірімен соғысып қалса, тездетіп оларды татуластырыңдар! Егер олардың біреуі екіншісіне зұлымдық етсе, онда Аллаһтың әміріне қайтқанша сендер зұлымдық істеген топпен күресіңдер. Енді, егер ол топ (зұлымдық етуден) қайтса, сендер тездетіп олардың арасын әділетпен татуластырыңдар. (Әрдайым) әділдік жасаңдар. Өйткені Аллаһ әділдік етушілерді сүйеді», (49. «Хужурат» сүресі, 9- аят). Шындығында хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде мұсылмандар бір-біріне қару кезейді десе, сену қиын еді. Дегенмен қоғам болған соң кейбір жандар пенделікпен қателік жасауы әбден мүмкін. Ондай келеңсіздік жағдайында осы аятты басшылыққа алу керек. Ал діни әрі дүниелік мәселеде өзара түсінбеушілік орын алған жағдайда Аллаһ Құранды басшылыққа алуды мына бір аятымен әмір етеді:

«وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُوا

Барлығың Аллаһтың жібінен (дінінен) ұстаңдар да бөлінбеңдер», (3. «Әли Имран» сүресі, 103-аят). Егер мұсылмандардың көзқарастары бір арнаға тоғыспай жатса, Құранды негізге ала отырып қана тура жолды таба алатындығы анық.

Бір жағынан Алла мұсылмандарға тура жолдан адаспауды, ынтымақта болуды әмір етсе, екінші жағынан Құран мұсылмандарға ойлануды, әлемдегі теңдесі жоқ заңдылықтарды көріп, Алланың шеберлігіне назар салып, пікір өрбітіп, тіпті терең сырларын зерттеп, ақиқат жолын ізденуді талап етеді. Өйткені діннің түрлі әмірлері мен тыйымдарын түсініп, талқылап, қорытындылау үшін адам ақылға сүйенеді. Алайда ойлану деген осы екен деп Алланың парыз еткен әмірлеріне адамның «неге олай, неге былай болмайды?» деп наразылық білдіріп, келте оймен тон піше алмайтындығын ұмытпайық. Мәселен, «неге намазды бес уақыт оқимыз, оразаны 30 күн ұстаймыз, әйел заты неге орамал тағуы керек?» деген секілді сұрақтар талқыланбайды, парыз болғандықтан орындалуы тиіс.

Құранда Алла Тағала әлемдегі болып жатқан жағдаяттарды, кейбір мәселелерді ой таразысынан өткізуге рұқсат беріп, екі жүз жетпіс бес жерде «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» деп мұсылмандарды ойлануға шақырады. Екі жүз жерде «түсіну мен ойлану» бұйырылса, он екі жерде «әлемді шарлап ғибрат алуды» бұйырады және алты жүз жетпіс жерде «ілім мен ғылымға» шақырады. Тіпті кей аяттарда «мұны ақыл иелері ғана түсінеді» деп, саналы да ақылды пенденің Құранда бұйырылған мәселені түсінетінін баян етеді. Сөзімізге дәлел ретінде бірнеше аятты мысалға келтірейік:

يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تُحَآجُّونَ فِي إِبْرَاهِيمَ وَمَا أُنزِلَتِ التَّورَاةُ
وَالإنجِيلُ إِلاَّ مِن بَعْدِهِ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ

«Әй, Кітап иелері, Ибраһим жайында не үшін таласасыңдар? Негізінен Тәурат та, Інжіл де одан кейін түсірілген. Ойламайсыңдар ма?!» (3. «Әли Имран» сүресі, 65-аят).

......خَيْرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ وَالدَّارُ الآخِرَة

«Негізінде, ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» (7. «Ағраф» сүресі, 169-аят).

إِنَّ فِي اخْتِلاَفِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ وَمَا خَلَقَ اللّهُ فِي السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ لآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَّقُونَ

«Расында, түн мен күннің ауысуында, көк пен жердегі Алланың жаратқан нәрселерінде, әрине, сақтанатын ел үшін дәлелдер бар» (10. «Юнус» сүресі, 6-аят).

إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلاَفِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ وَالْفُلْكِ الَّتِي تَجْرِي فِي الْبَحْرِ بِمَا يَنفَعُ النَّاسَ وَمَا أَنزَلَ اللّهُ مِنَ السَّمَاءِ مِن مَّاء فَأَحْيَا بِهِ الأرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَبَثَّ فِيهَا مِن كُلِّ دَآبَّةٍ وَتَصْرِيفِ الرِّيَاحِ وَالسَّحَابِ الْمُسَخِّرِ بَيْنَ السَّمَاء وَالأَرْضِ لآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَعْقِلُونَ

«Күдіксіз көк пен жердің жаратылуында, түн мен күннің ауысуында адам баласына пайдалы нәрселер мен теңізде жүзген кемеде және Алланың көктен жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін оны қайта жандандыруында, түрлі хайуанды өсіп-өндіруінде, желді, көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында, әлбетте, ойлаған елге белгілер бар» (2. «Бақара» сүресі, 164-аят).

«Сендерден бұрын түрлі оқиға өткен. Жер бетін аралаңдар. Өтірікке шығарушылардың ақыры не болғанын көріңдер» (3. «Әли Имран» сүресі, 137-аят).

 قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُوْلُوا الْأَلْبَابِ

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?Мұнан тек ақыл иелері ғана ғибрат алады», – деп айт (39. «Зумәр» сүресі, 9-аят).

«Сол жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы!...» (96. «Алақ» сүресі, 1-5-аят).

Демек, Құранның талабы көзді жұмып, надандық жолын таңдау емес, ақылын дұрыс қолдана отырып білім іздену, жаратылыс сырын білмекке, Аллаһтың бұйырған әмір-тыйымдарын түсінуге талпыну керек екен. Тарихқа үңілсек, шын мәнінде мұсылман ғалымдар Құран арқылы, Исламның ғылымға деген талабы арқылы көптеген жаңалықтар ашып, әлемге әйгілі болып, есімдерін тарих беттеріне алтын әріппен қалдырған тұлғалар еді. Еуропалық ғалымдарға түрлі салада жол көрсетіп, ұстаздық еткендер Құраннан нәр алған мұсылман оқымыстылары болатын.

Ислам иман ету мәселесінде кісіге толық еркіндік берген. Себебі Құран бізге былай дейді: «Бұл ақиқат Раббыларың-нан де. Сонда қаласа ғана сенсін, қаламағаны қарсы келсін» (18. «Кәһф» сүресі, 29-аят) және де «Дінде зорлық жоқ» (2. «Бақара» сүресі, 256-аят). Ақыл – төреші және дұрысты бұрыстан айыратын Алланың пендесіне берген артықшылығы. «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп те сол себепті айтылған. Ақылға салған жерде мәселелер шешілгенімен, кейде түрлі пікірлердің айтылып қалары да заңды.

Дін ілімін меңгеру мен үйретуде ғалымдар өздерінің парасат-пайымына, зеректігі мен алғырлығына, ақылдылығы мен көрегендігіне сәйкес пәтуа береді немесе жол сілтейді. Сол ғалымның берген пәтуасы мен шешімін дұрыс деп тапқан қарапайым мұсылманның соны жетекшіліке алары сөзсіз. Кейде ғалымдардың пәтуалары мен шешімдері өзге ғалымдардың көзқарасына қайшы келіп жатады. Олар мұндай мәселеге көбіне түсіністікпен қараған. Себебі, мәселені түрлі қырынан қарап, дәлел келтіру барысында әркім өз әдісін қолданады. Олардың артынан ерген қарапайым мұсылмандар болса, біздің имамның дәлелі қуатты, өзгелері әлсіз, дұрыс емес деп, өзара бәтуаға келе алмай жатады. Мұндай келеңсіздіктің ақыры мәшһүр ғалымдардың артынан ерушілер мен саяси топтардың жетегінде кетушілердің қатары көбейіп, түрлі ағымдардың пайда болуына алып келді. Нәтижесінде ағымдар арасында келіспеушілік туындап, бір-бірін сөгу, адасты деп айыптау белең ала бастады. Бірақ бұл мәселеде Құран мұсылмандарға былай деп бұйырады: «Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып, мүмин емессің демеңдер» (4. «Ниса» сүресі, 94-аят).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) да бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Біреу біреуді пасық немесе кәпір демесін. Егер анау адам пасық та, кәпір де болмай шықса, айтылған сөз айтушының өзіне тиеді» («Риязус Салихин», ІІІ-том, 1591-хадис).

Абдуллаһ ибн Мәсғудтың риуаяты бойынша хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мұсылманға тіл тигізу – пасықтық, соғысу – күпірлік» (Муслим, Иман 28).

Өкінішке орай, Ислам тарихынан белгілі болғандай, қазір де мұсылмандар өз ойын құптамаған өзге мұсылмандарды кінәлаудан әлі де болса арыла алмай жүр.

1 пікір
  • Аллаға шүкір, мұсылманбыз. Суннитпіз. Ханафи мазхабындамыз. Осы төрт мазхабты ( Ханафи, Малики, Ханбали, Шафиғи ) мойындамайтын топтар бар. Олар " Хадиспен жүреміз " дейді. Осындай ағымнан аса сақ болу керек. Раббым Алла осындай адастырушы топтардан сақтап, бір өзің тура жолыңа сала гөр! - дейік.
    9 жыл бұрын