Көз жомарттығы деген не?
Көз жомарттығы деген не?
5 жыл бұрын 4335
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Халқымыздың дəстүр тəрбиесі ел ішіндегі білікті адамдар мен билер, мектеп-медреселер арқылы жүргізілген жəне олар үлгі-өнеге болып, салт-дəстүрдің мазмұнын байытып, халықтық сипатын арттырған. Алайда, отбасы тəрбиесі басты орында тұрған яғни халықтық салт- дəстүр тəрбиесінде əрбір ата-ана ертелі-кеш ұрпақтарына жомарттық, кешірімділік, обал-сауап, ар-ұят, адал-арам, əділет-шапағат, ізгілік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, бұзақылық пен жанашырлық сияқты істердің бəр-бəрін егжей-тегжейлі ұғындырып, көпшіл, халықшыл болуға, салт-дəстүр мен наным-сенімге түсінікпен қарауға жəне оны құрметтеуге; ел намысы мен Отан даңқына дақ салатын жаман істерден аулақ болуға; «малым – жанымның садағасы» дейтін үлкен кісілік қасиет қалыптастыруға жетелеп, өмір бойы ізгілік, ізеттілік, тектілік, тəрбиелілік, ұлылық, даналық танытып, ұсақшыл, бықсықтық, пендешілік сияқты нашар қылықтардан аулақ болуға тəрбиелеген. Сондай-ақ, əрбір ұрпақтың, тіпті күллі адам баласының бойында төмендегідей бірнеше жомарттық қасиет сөзсіз, болу керек деп қараған.

Қазақ халқы адам баласында көз жомарттығы, сөз жомарттығы, көңіл жомарттығы, қол жомарттығы, жол жомарттығы сынды бес жомарттық болу керек деп қараған. Сондай-ақ, көз жомарттығы жоқ адамнан ешқашан жақсылық күтіп, ұлылық туады деп есептемеген, қайта, күллі жомарттық пен ізгілік көз жомарттығынан бастау алады деп есептеген. Бұл тəрбиеде əрбір ата-ана ұрпақтарына көз жомарттығын қалыптастыру үшін күллі адамзаттың табысын өз табысындай көру, иненің жасуындай ізгілік болса да «құтты болсын, қуаныш ұзағынан сүйіндірсін; жақсы екен, əдемі екен, құттықтаймын, жарасыпты, сұлу екен, көркем екен, тамаша» деген сияқты жан жадыратып, көңіл жібітер жақсы сөздерге жомарт болып, намысқа тиетін, жанды жаралап, өштік қасиетін тудыратын жаман сөздерге сараң болып, əдеттегі аман-сəлемнен тартып, барша адам баласына жылы шырайлы мəміле жасау, жанашырлық, жақындық таныту, барша жақсылығына сүйініп, артықшылықтарына көз жұмбау, қызғаншақтық пен менмендіктен аулақ, əрқашан кішіпейіл, əдепті, ибалы болу керек екендігін егжей-тегжейлі ұғындырып, қандай кезде де көз жомарттығынан ауытқымауға баулиды.

Көз жомарттығы адамдарды түрлі психикалық қысымнан аулақ қып, көңіл күйдің орнықтылығын сақтап, адамдар арасында достық сүйіспеншілік тудырады. Түрлі қайшылықтардан сақтап, қоғамдық қарым-қатынасты жақсартады.

0 пікір