Күйеуіңізге жаныңыз аши ма?
Күйеуіңізге жаныңыз аши ма?
5 жыл бұрын 4370
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Күйеуіңізге шынымен де жаныңыз ашыса әрі өзіңіздің де, күйеуіңіздің де жәннаттан құр қалмауын қаласаңыз, төмендегі насихаттарға көңіл бөліңіз және өмірде жүзеге асыруға тырысыңыз.

– Күйеуіңіз бен әулеті алдындағы міндетіңізді ұмытпаңыз. Сіздің күйеуіңіздің әулеті алдындағы міндетіңіз – оларға құрмет көрсету. Әсіресе ата-анасына, туған бауырларына ерекше құрметте болыңыз. Осы нәрсе күйеуіңіз бен араңызды жақындата түседі.

–  Ешқашан олар жайында жаман сөз айтпаңыз, керісінше, жақсы жақтарын еске алып, күйеуіңіздің көзінше оларға Алладан дұға тілеңіз. Жақындарымен танысқаныңызға қуанышты екеніңізді күйеуіңізге айтып, сездіріп отырыңыз. Сонда күйеуіңіз де қуанып қалады. Өйткені күйеуіңізді тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген солар, күйеуіңіздің балғын балалық шағы олармен бірге өтті, сол себепті олар оған әрқашан да ыстық.

–  Есіңізде болсын, күйеуіңіз кейде өз туғандарына ренжіп, олар жайында ауыр сөздер айтуы мүмкін, алайда дәл осы кезде сіз де бірге қосылып кетуден сақтаныңыз. Себебі ол өз туғандары жайында қанша ауыр сөз айтқынымен, жүрегінің түбінде бәрібір жақсы көріп тұрады.

–  Ұмытпаңыз! Күйеуіңіздің әулетін жақтырмайтыныңызды білдіру, әсіресе ата-анасы жайында жаман сөздер айту сізге пайда бермейді. Керісінше, араңыздың бірте-бірте сууына әкеп соғады. Ол әулеттің үлкенін де, кішісін де барынша құрметтеуге тырысыңыз.

–  Жақындарының кемшілігін қазбалауға тырыспаңыз, себебі қателіксіз адам жоқ. Бәрі қателеседі. Кешірімді болыңыз! Негізі, басқаның емес, өз кемшілігіңіз сізге өмір бойы шұғылдануға жеткілікті.

–  Жақындарын жайдары көңілмен қарсы алыңыз. Себебі үйге келген адам ең әуелі келіннің қабағына қарайды. Шамаңыз келсе, сыйлық беру арқылы жүректерін жібітуді көздеңіз. Күйеуіңіз жақындарына бармай жүрсе, барып тұруға ынталандырыңыз.

–  Енеңізге өз қызындай болуға тырысыңыз. Ол кісі тарапынан бір қателік кетсе, анаңыз егер сол қателікті жіберсе не істер едіңіз, әрине, байқамаған сыңай тынытып кешірер едіңіз ғой, дәл солай енеңізді де кешіре біліңіз, себебі ол – сіздің екінші анаңыз, өмірлік серігіңіз болған жарыңыздың анасы!

–  Енеңізбен арада болған жайттың бәрінен күйеуіңізді хабардар етпеңіз және кейбір келіндер секілді болмашы нәрсеге бола долданып, жылау арқылы баласын анасына қарсы қоймаңыз.

–  Күйеуіңіз анасына жақсылық жасауда, сөзін тыңдауда сараңдық танытып жатса, бұдан тыйылуына апаратын жолдарды қарастырыңыз.

–  Күйеуіңіз анасына сыйлық аламын десе қарсы келмеңіз, керісінше, сыйлықтың жақсысын таңдауға көмектесіңіз.

–  Ақылды әйел әрдайым көркем мінезімен, ибалығымен енесінің көңілін таба біледі.

–  Балаларыңыздың жүрегіне ата-әжесіне деген махаббат дәнегін еге біліңіз. Жастайынан ата-әжесін құрметтеуге баулыңыз.

–  Сіздің өтініш пен енеңіздің өтініші бір уақытқа сәйкес келген жағдайда, күйеуіңізге анасының өтінішін бірінші орындауға мүмкіндік беріңіз. «Бірінші болып мен сұрадым немесе неге бірінші менің өтінішімді орындамадың?!» – деп, айғайға басудан аулақ болыңыз. Біліңіз! Бұл жерде өтініштің орындалғаны емес, отбасы тыныштығының сақталғаны маңызды!

0 пікір