Пайғамбарымыздан (с.а.у.) басшылар үйренетін 3 қасиет
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) басшылар үйренетін 3 қасиет
5 жыл бұрын 3489
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА

Мәдинаға һижрет етумен қатар басталған жаңа қоғамдық құрылыстың өзіне тән қиындықтары бар болатын. Бұл қиындықтарды жеңу белгілі бір ұстанымдарды негізге алуды қажет етті. Осы ұстанымдардың бірін Құран Кәрім: «Алла сізге жеңілдік тілейді, қиындықты қаламайды», (1) − деп белгілейді.

Әлгі ұстанымдардың ішінде ең маңыздысы – жеңілдікті таңдау болатын. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.а.у.) үнемі қолайлы жолды қалайтын. Оның осы таңдауы пайғамбарлық міндетінің сәтті жүзеге асуына жағдай жасады. Алла Елшісі (с.а.у.сахабаларына үнемі шамалары келетін міндетті жүктейтін. Хазірет Айша анамыз:

«Расулаллаһ (с.а.у.) сахабаларға бұйрық бергенде әрдайым атқарылуы оңай істерді әмір ететін», (2) − деп баяндайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде:

«Сіздерге бір нәрсені тыйым салсам міндетті түрде одан қашыңыздар, бір нәрсені бұйырғанымда шамаңыз келгенше оны орындауға тырысыңыз», (3)деген.

Алла Расулы (с.а.у.) үнемі айналасындағы адамдардың жағдайын ойлап жүретін. Әнәс б. Малик бұл жайында:

«Расулаллаһ (с.а.у.) адамдардың ішінде намазды өте жеңіл оқытатыны еді. Расулалла намаз оқытып жатқанда анасының жанында жылаған бір баланың даусын естісе қысқа сүре оқитын», (4) − деп айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл ұстанымдымұсылмандарға: «Оңайлатыңыз, қиындатпаңыз; қуантыңыз, жерітпеңіз», (5) − деп өсиет еткен.

Алла Елшісінің (с.а.у.) басшылық қасиетін бекіте түскен тағы бір ерекшелігі – оның әділ болуы еді. Адамдардың арасында мал-мүлік, атақ-даңқ, тегі мен ұлтына, нәсіліне, тіпті дініне қарамастан бәрін тең санап, аққа жақ болып, кінәліні керегінше жазалау – оның әділеттілігінің көрінісі болатын. Мысалы, бір күні сахаба Әбу Зәрр (р.а.) ашу үстінде тіліне абай бола алмай, қара нәсілді сахаба Білалға (р.а.) «Ей, қара әйелдің ұлы», – деп айтып қалады. Сонда сахаба Әбу Зәррге Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сенде әлі қараңғылықтың қалдығы бар!» – деп қысқа да нұсқа бір ескерту жасайды. Бұл Исламның шуағымен нұрлы бір өмірге кенеліп, қараңғылық тұзағынан құтылғанына күніне мың мәрте Аллаға шүкірлігін айтатын саңлақ сахаба үшін өмірінің соңына дейін жетерлік бір ескерту еді.

Пайғамбарымыз өмір бойы мұсылман қоғамында ақиқат пен теңдіктің туын тігуді мақсат етіп алға қойған. «Уәда» құтпасында: «Ей, адамдар! Бәріңнің Раббың бір, аталарың бір. Бәрің де Адамнан тарағансыңдар. Адам болса топырақтан жаралған. Алланың алдында ең қадірлі, ең ұнамды – Одан қорқып, аяқ тартқандар. Бір арабтың араб еместен ешқандай үстемдігі жоқ, бар болса бұл тек қана тақуалық жөнінен ғана», – деген (6).

Жомарттық, жәрдемге асығу, бір істі бастағанда соңына дейін жеткізу, қажымай еңбек ету – оның (с.а.у.) басшылық қасиетінің көркем жақтары. Мұсылмандар мен мүшіріктердің арасында өткен соғыстарда ардақты Пайғамбар (с.а.у.) Өзінің кемеңгер қолбасшы екенін де көрсеткен. Алайда соғысты, соғысуды жаны жақтырмайтын. Амалы таусылғанда ғана соғысқа шығуға шешім қабылдайтын. Жалпы Ислам діні бойынша соғыс мұрат емес. Бірақ, кей жағдайларда соғысты айналып өту мүмкін емес кезеңдер болады. Осындай жағдайларда Алла жолында жиһад ету – шамасы мен күш-қуатына қарай әрбір мұсылманға парыз болған. Сонымен қатар, алғашқы мұсылман қауымында соғыс тек қана қорғаныс үшін жасалған. Ешқашан қылышпен, қан төгу жолымен діндерін жайып, оны қабылдатуға тырыспаған.


 

1. Бақара сүресі, 185

2. Сахих-и Бухари ве тежрит тержемеси, I, 36-б.

3. Бухари, Итисам, 2.

4. Бухари, Азан, 65.

5. Бухари, Илм, 11.

6. Муснәд, V, 441-б.

0 пікір