Көкпар - ұлттық ойын
Көкпар - ұлттық ойын
2 жыл бұрын 4075 ulttyqsport.kz
Бекен Қайратұлы

Көкпар көшпенделердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық ойыны. Бұл тек үлкенді-кішілі той-томалақтарда, қуанышты сәттер мен күндерде өткізілетін ойын түрі болғандықтан, кейбір ас беру, марқұм болған адамды еске алып жылдығын өткізу сияқты рәсімдер кезінде ойналмайды. Жалпы аталмыш ойынның  шығу төркіні жайлы зерттеуші Ә. Қалиұлы: «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеументтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезіндегі «дербес жасақты» осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған» дейді.

IMG_8567

Расында, көшпенділердің өмір сүру салтында, жауынгерлік өнердің маңызы зор. Егер де, ат үсті сайыста дайындықсыз сарбаз ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы әскери-жауынгерлік дайындыққа мән берген. Айталық, қырғын шайқас кезінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін, оның денесін іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Бұл іс көкпар тартып әбден машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Демек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер.

Жауынгерлік өнер көкпарды тарту үшін сойылған ешкі түлігін қолданады. Алтай қазақтары көкпарға көк түсті ешкіні (лақ, серке) тартатын болғандықтан ол өңірде көкпарды «көксерке» немесе «көклақ»деп те атай береді. Көкпарға лақ немесе үлкен серкенің таңдалуында өзіндік ерекшелігі бар. Лақты жас балалар тайға мініп тарса, серкені сақа жігіттер тартады.

Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты-мыс. Көкпар — тек қана қазақтар емес,  Орта Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде  «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады екен. Ал Ауғанстандағы «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас болса,  Аргентина халқының да осы тәрізді  ат спорты ойындары бар.

ОКОблысы

Көкпар ойынына дайындық. Жалпы елімізде кең тараған аталмыш ойын түрін біртекті етіп жалпыластыру 1949 жылы қолға алынып, алғаш рет жаңа ереже бекітілді. Ол 1958 жылы толығып, көкпарды арнайы алаңқайда өткізу жайлы шешім қабылданды. Қысқасы, көкпар ойынын өткізу үшін жазық алаңқай таңдап алынатын болды. Ол жерде ат сүрінетін оғаш ағаш-тастар немесе жан-жануарлардың қазған іні сияқты кедергілер болмауы тиіс. Алдымен ауыл ақсақалдары жиналып тұрады. Олардың алдына көкпар ретінде тартатын малды (лақты, ешкіні, серкені) алып келеді. Аузы дуалы бір қария «Аллаһуакпар» деп бата айтып, ешкіні бауыздайды да, көкпаршыларға ақ жол тілейді. Ел арасында атақты көкпаршылар ешкі түлігін місе тұтпай тайынша тарқан кездерде ара-тұра болып тұрады.

Көкпардың түрлері. Бізге белгілі көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс т.б. Сондай-ақ көкпардың аталған түрлеріне қатысты жеке-жеке ережелері болған немесе көкпаршылар ойын үстінде жағдайға қарай келісіп алатын да үрдіс бар. Бірақ бұл біртекті емес үрдіс әр өлке де әрқилы түрлері кездесе береді.

Мысалы, жаппай таруды алатын болсақ: бұл ойын түрінде кәрі-жас, үлкен-кіші дейтін шектеу жоқ. Барлық адам қатысатын болғандықтан жоғарыдағыдай атауға ие. Көкпаршылардың тақым күшін, ептілігін, қол қайратын талап ететін бұл көкпардың ерекшелігі барлық өңірге тән екендігінде.

Ұтысып тарту. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі жақтан бір-бір адам шығып көкпарды тартады. Көкпардан айырылғаны немесе ұтылған адам ойыннан шығады. Кей жағдайда өзіне сенген көкпаршы қарсыластарын жеке-жеке сайысқа шақырып, бір өзі бәрін жеңіп ойыннан шығарып тастайтын кездері болған. Нәтижесінде қарымы мықты, күшіне аты сай жігіт іріктеліп жеңіске жетеді.

Айналма көкпар. Бұны кей өңірлерде шауып тарту деп те атайды. Ойыншылар көкпарды нақты межеленген жерге (ауылға, жеке үйге, нысаналы орынға т.б.) жеткізіа тастауы керек. Екінші жақ оларды жібермей қарсылық көрсетеді. Қарсыластарынан айласын асырып, нысанаға көкпарды апарып тастаған адам сыйлыққа ие болады.

Мәре көкпар. Ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық белгілеп, қай жеңгені көкпарды сол қазандыққа салып ұпай жинайды. Осылай межеленген уақытта қай топ көп ұпай жинайды солар жеңіске жетеді. Қазіргі таңда еліміз көкпаршылары осы мәре көкпар түрінен сайысуда.

Жалпы көкпар ойыны топтасқан жігіттердің (команданың) бірлігі мен ептілігін қажет етеді. Ертеректе көкпаршылар ауыл, ата, ру болып топтасып екінші ру, ата, ауылдың азаматтарымен сайысатын болған. Рудың азаматтары қарсыластарынан жеңіліп қалмау үшін әркез дайындықта, үнемі машық жасайтын болған. Қазақта: «Көкпар тарқандікі, қоян қаққандікі» деп тегін айтылмаған.

Көкпардың аты. Көкпаршы жігіттердің білек қарымының сыртында астындағы аты өте көп рөл ойнайды. Көкпарға мінетін аттың ерекшелігі: еті мығым, сүйегі мықты, кеуделі, омыраулау екпіні қатты, жылдым һәм жүйрік, көкпарды жерден іліп алуға икемделгіш, ақылды текті жылқы таңдап алынады. Жануарды (жылқыны) көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді және көкпардың алдында етін қатырып жаратады. Төрт аяғын таймайтын бүршікті жеңіл тағамен тағалайды. Семір немесе арық ат көкпарға жарамайды. Семіз жылқы додаға түскенде қызылмайланып, еті жінігіп кетеді де, алқынып тұрып қалады. Арық ат тез болдырады.

Көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, баптайды. Бір ай бойы атқа бидай береді. Алғашқы күннен бастап бидайдың мөлшерін жылқының жегеніне байланысты бірте-бірте  көбейтіп, кейін керісінше азайтады. Ат әбден қоңданып, жілігі майға толғаннан кейін  далаға шығарып аунатып, мінбей жүргізеді. Бұдан соң  атты суытып, іш майын қатырады.  Бабы қанған аттың күші көп болады. Бұндай атқа мінген жігіт тартыста серкені оңай іліп әкетеді. Жалпы  көкпардың аттын баптауды көкпаршылар білгені жөн.  Өйткені атты баптау  жануарға  бір уыс шөп пен жем беру емес, бұл – бар ынта-жігермен атқарылатын іс. Егер бабы келіспесе, жылқының бағы байланады.

Көкпаршы. Ат құлағында ойнайтын, көкпар таруға өте епті, қарымды жігіттерді айтады. Мысалы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының атасы Аққұл дейтін адам күллі қазақ-қырғызға аты кеткен әйгілі көкпаршы болған екен. Бұл адам жайлы әңгімелер ел аузында әлі күнге айтылады. Тіпті өзі де, аты да, кезекті бір дода тартыста ауыр апатқа ұшырап қаза болған деседі.

Негізінен көкпар қауіпті ойын түріне жатады. Ойын барысында жарақат алу ықтималдығы тым жоғары. Сол себепі де, бұл ойын нағыз ерлер қатысатын сайыс түріне жатады. Көкпар тарту барысында ойыншыларды атмен қоса жығып, сүйреп кететін жағыдайлар болып тұрады. Мұндай жағыдайды  болдырмау үшін, соңғы кездері ойын ережесіне қауіпсіздік шаралары енгізіліп, тартыс төрешінің көз алдында өтетін болды. Яғни, қауіпті жағыдай орын алмас үшін төреші тағайындалады.

Сондай-ақ соңғы жылдары халықаралық жан-жануарларды қорғау ұйымдарының талабы бойынша көкпарға ешкі түлігін емес қолдан жасалған серке пішінді «жасанды ешкі» тарту жайы да қарастырылуда.

0 пікір