Аңсардың жомарттығы
Аңсардың жомарттығы
10 жыл бұрын 3672

Әбу Хурайраның (р.а.) риуаяты бойынша мұсылмандардың бірі Алла Нәбиіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулалла! Мен сілкіп салар тулағы жоқ сіңірі шыққан пақырмын» деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) жарына оны құр қол қайтармауын әмір етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жары: «Раббымның атымен ант етемін. Үйде қара судан басқа ешнәрсе жоқ!» деді. Алла елшісі екінші жарына хабар салады. Ол да үйде тіске сыздық қылар нәр қалмағанын айтады. Сонда пайғамбарлар Пайғамбары (с.а.у.): «Мына адамды бүгін кім қонақ ете алады?» деді. Аңсардың бірі орнынан тұрып: «Мен қонақ ете аламын» деді. Үйіне келіп әйеліне: «Үйде ішіп-жейтін не бар?» дейді. Сахабаның әйелі: «Тек балаларға ғана жететін азық бар» деді. Сонда аңсар: «Сен балаларды ертерек жатқыз. Не бар, соның бәрін дастарханға әкел. Қонақ дастарханға жақындағанда шамды бір ыңғайын келтіріп байқаусызда өшіріп алған бол. Қараңғыда кімнің ауқаттанғандығы, кімнің ауыз тимегені белгілі бола қоймас. Келген қонақ та бізді өзімен бірге тамақ алып отыр екен деп ойлап қалсын» дейді.

Келген қонақтың ішіне ел қонып, әл жинап алады. Алайда, сол түні үй иелері аштықтан бұратылып, көрер таңды көзбен атқызды. Таң атып әлгі қонақжай аңсар Пайғамбарымызға (с.а.у.) жолыққанда екі әлем Сардары (с.а.у.) оған: «Алла Тағала жасаған игі амалыңа разылық танытты» деді. Осы оқиғаға орай: «Сондай-ақ өздері таршылықта бола тұра оларды өздерінен артық көреді» (Хашыр, 59/9) деген аят түскен еді[1].

[1] Мүслим, Сахих, 3/1624 (2054)

2 пікір