Бөліп төлеуге (рассрочка) тауар сатуға бола ма?
Бөліп төлеуге (рассрочка) тауар сатуға бола ма?
11 жыл бұрын 13258

Ассаламуғалейкум! Мен су фильтрін сатумен айналысамын. Сатып алушылар да аз емес. Алайда, кейбір тұрақты клиенттерге тауарды қарызға да беріп жатамын. Бірақ негізгі бағасын қымбаттатып қоямыз. Сұрайын дегенім, сол негізгі бағасының үстіне қосқан ақша риба, яғни өсім болып санала ма? Саламат.

Уағалейкумуссалам! Саламат мырза, негізгі бағасына қосып тауарды қарызға сату шариғатқа теріс емес. Мұны ғалымдар бір ауыздан мақұлдайды[1]. Өйткені Алла тағала Құранда: «Ей иман еткендер! Егер мерзімін келісіп, өз ара қарызға (тауар немесе ақша) беріссеңдер оны жазыңдар»[2], - дейді.

Сондықтан сіз су фильтрлеріңізді елге негізгі бағасына қосып қарызға сатуыңызға рұқсат. Тек ескере кететін жәйт, алушы тауарды қарызға алуға нақты келісімін білдіруі шарт. Оның келісімі – қарызға беретін тауардың бекітілген құнына ризашылығын білдіргені болып табылады. Сондай-ақ, мұнда ақшаны төлеу мерзімі айқын көрсетілуі керек. Бұл жазбаша болғаны абзал. Егер алушы бір себептермен ақшасын кешіктірген жағдайда қосымша үстеме ақы (пеня) жүрмеуі тиіс[3].

Тауарды қарызға сату турасында Ханафи ғұламасы Шәмсуддин әс-Сәрахси өзінің «Мәбсүт» атты еңбегінде былай дейді: «Егерде сауда кезінде сатушы: «Қолма-қол болса пәлен ақшаға, бір айға не екі ай болса түгенше ақша» десе,  алушы қолма-қол ала ма, жоқ қарызға ала ма бәрі сол жерде нақты айқындалуы шарт. Осылай болған жағдайда рұқсат. Ал бір бағаға нақты келісілмесе бұл сауда дұрыс емес»[4].

(Дүкеннен несиеге тауар алу жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/sauda-sattyq/dukenderden-nesiege-zat-aluga-bola-ma-760/#gsc.tab=0)

 [1] У.Зухайли, Фәтәуә Муғасыра – 98 бет. Дамаск.;
       Әбу Ғудда, әл Бәйғуль Муажжәл
[2]  Құртуби, әл Жамиғуль Ахкамуль Құран, Бақара 282 аят – 3/377
[3]  Проф.Доктор Хисамуддин Ғифана, Ясалунак – 1/100-102 бет.
[4]  Шамсуддин әс-Сәрәхси, Мәбсут – 13/8 бет. 

Абдусамат Қасым