Қажылыққа деп жинаған ақшадан зекет берілу керек пе?
Қажылыққа деп жинаған ақшадан зекет берілу керек пе?
2 ай бұрын 1122

Әссәләму ғәлейкум уә рахмәтуллоһи уә бәракәтуһ! Алла Тағала істеріңізге қайыры мен берекесін бергей! Сұрағым бар еді: «үлкен қажылыққа баруға деп жинап жүрген қаражат доллар түрінде сақталған ақшадан зекет беріле ме? Толық түсіндірме бар ма? Алла Тағала разы болсын!

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Егер өзінің және отбасының қажеттілігінен артылып және қарыздарынан артылып нисаб мөлшеріне жетіп тұрса (85 грамм алтын), құрылысқа немесе үйленуге жиналған ақшадан да зекет берілу керек, егер арадан бір жыл өткен болса» дейді қазіргі заманның фиқһ ғалымдарының бірі мархұм Мұстафа Зарқа (рахимаһуллаһ)1. 

«Қажылыққа деп немесе үйленуге деп жиналған ақшасы «көбеюші дүние» сипатында, сондықтан арадан бір жыл өтіп, нисаб мөлшеріне жетіп тұрса, зекеті берілу керек» дейді тағы бір қазіргі заманның фиқһ мамандарының бірі Али Мухиддин әл-Қарадағи.

Осы тұрғыда, кейбір фиқһ ғалымдары «зекеттің бір шарты - негізгі қажеттілігінен артылған болуы керек, сол себепті үй, көлік, қажетті үй жабдықтары сияқты адамның тіршілігіне аса қажетті негізгі қажеттіліктеріне жиналған ақшадан зекет берілмейді» деген. Олай болған күннің өзінде қажылыққа бару - негізгі қажеттілік болып есептелмейді, сол себепті қажылыққа деп жинаған ақшадан зекет берілу керек, әрине, егер оның құны «85 грамм алтынға» жетіп тұрса және онысына бір жыл толған болса.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Мұстафа Зарқа: «Фәтәуә». 133 бет.

Абдусамат Қасым