Әссәләмуғалейкум! Бір-екі жерден оқып қалдым, қайтыс болған жандардың атынан құрбандық шалуға болады екен.
1.Бұған дәлел бар ма?
2.Егер болса, шарты қандай? Әр адамға жеке атап шалу керек пе, әлде бірге бола ма? Мысалы, менің анам да, акем де о дүниелік. Бір мал құрбандық па, екеу ме?
3.Бақилық адамдарың атынан құрбандық шалуға ниет қалай жасалады? Арнайы дұғасы бар ма?
4. Мұндай құрбандықтың атын әдеттегідей үшке бөліп үлестіреміз бе, әлде толығымен садақа етіп таратамыз ба? Салтанат.
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
О дүниелік ата-анаңыздың атынан құрбандық шалуыңызға болады. Тіпті, өзіңіздің атыңыздан шалынған құрбанның сауабына мархұмдарды ортақ етуге де рұқсат. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:
«Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) құтпасын оқып аяқтағаннан соң, мінберінен түсті. Сонда оған бір қошқар əкелінді. Пайғамбарымыз оны өз қолымен құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл менің атымнан және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандардың атынан» - деді»[1].
Имам Тирмизидің хадистер жинағында орын алған риуаятта былай делінген:
«Әзіреті Әли екі қошқар құрбандыққа шалатын. Оның бірін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атынан, екіншісін өз атынан шалатын. Оның мәнін сұрағандарға Ол (р.а.): «Алла елшісі маған осылай әмір етіп кетті. Бұнымды ешқашан доғармаймын», - деп жауап беретін»[2].
Ендеше, қайтыс болған ата-анаңыздың әр қайсысына жеке-жеке құрбан шаламын десеңіз өз еркіңіз. Дегенмен, хадистен де байқағанымыздай әр біріне атап, жеке-жеке шалу шарт емес. Бір құрбандық шалсаңыз да Алла қаласа, сауабын жеткереді.
Дұға-ниет
Ал, дұға-ниетті малды сояр алдында алақан жайып: "Аллаһым, сенің ризалығың үшін осы құрбандықты мархұм боп кеткен ата-анамның атынан қабыл алғайсың. Сауабын оларға жеткергейсің", - деп тілек білдірсеңіз болады. Немесе малды сояр алдында үш рет: «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп, хадисте айтылғандай: «Уә Жаратушы Ием, бұл құрбандық менің және мархұм боп кеткен ата-анамның атынан», - десеңіз де қате емес. Дұғаңызға мына төмендегі Құран аятын қосып оқыған жақсы:
قُلْ إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ ﴿١٦٢﴾ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ وَبِذَٰلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
Транскрипциясы: «Қул иннә саләәтии, уә нусукии, уә мәхяйя, уә мәмәәтии лилЛәһи раббиль ъАләмиин. Лә шәриикә ләһ. Уә бизәәликә умирту. Уә әнәә әууәлуль муслимиин» .
Мағынасы: «Оқыған намазым, шалған құрбаным, өмірім мен өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Осы нәрсеге бұйырылдым. Мен мұсылмандардың алғашқысымын». (Әнғам сүресі – 162-163 аяттар)
Алла тағала барша мұсылмандардың шалған құрбандарын қабыл етсін!
Абдусамат Қасым