Намазда тұрғанда келген құсық жұтылса, намаз бұзыла ма?
Намазда тұрғанда келген құсық жұтылса, намаз бұзыла ма?
4 жыл бұрын 4995

Намаз оқып тұрып ауызға құсық келіп, қайта жұтып жіберсең, намаз бұзыла ма?

 Намаз оқып тұрғанда келкен құсықты жұту мәселесін үш түрлі жағдайға бөліп қарауға болады: 

1) Намаз оқып тұрған кезде ауызға келген құсық ауыз толы болып, оны ауызда ұстай алатындай болса, онда ол ешқандай намаз бұзатын артық әрекет жасамастан дәретханаға барып түкіріп, одан соң ауыз шайып сырт дәретін жаңалап келіп, тоқтаған жерінен намазын оқып жалғастыруына болады. Ол жағдайда дәреті бұзылғанымен, намазы бұзылмайды. Дегенмен, намазды қайта бастағаны абзал: парызда болса - парызды, сүннетте болса - сүннетті.

Осы тұрғыда, келген ауыз толы құсықты аузында ұстай алатындай күйде бола тұра, ерікті түрде жұтып жіберген жағдайда, намазы бұзылады. Дәрет алып келіп, сол оқып тұрған намазын қайта бастауы керек.

2) Намазда келген құсықтың мөлшері ауыз толы болмай, одан аз болса, оны ерікті түрде жұтып жіберген жағдайда:

  • Аз болғандықтан Имам Әбу Юсуф «намаз бұзылмайды» деген. Оған қарағанда намазын оқи береді.
  • Десе де, Имам Мұхаммед «ауыз толы болмаса да намазда тұрып жұтқан жағдайда намазы бұзылады» дейді. Бұл мәселеде Имам Мұхаммедтің пікірі «ықтияттылық» тұрғысынан абзалырақ саналған. Яғни, аз болса да келген құсықты ерікті түрде жұтқан жағдайда, намазды қайта бастау керек деген сөз[1]. Құсық ауыз толы болмағандықтан дәрет бұзылмайды, жаңалаудың қажеті жоқ.
  • Кей кітаптарда, Имам Мұхаммедтен жеткен басқа бір мәлімет бойынша, мұндай жағдайда намазы бұзылмайды, намазын оқи береді дегендігі айтылады.

3) Намазда келкен құсық еріксіз кері ішке қайтса, намазға зияны жоқ[2].


[1] Әл-Фәтәуәль Һиндия – 1/114 бет.
[2] Әл-Фәтәуә әт-Тәтәрхания – 1/432 бет (433).

Абдусамат Қасым