Ауылда мешіт жоқ. Жұма намазы үшін көрші ауылға бару шарт па?
Ауылда мешіт жоқ. Жұма намазы үшін көрші ауылға бару шарт па?
9 жыл бұрын 7764

Сәлеметсіз бе! Әкем жұмадан қалмайды. Бірақ, қазіргі көшіп барған ауылда мешіт жоқ. Көрші ауылда бар екен. Ол жаққа белгілі уақыттарда газель автокөлігі жүріп тұрады. Қояйын деген сұрағым: мешіт болмаса да әкеме жұма намазын оқу парыз ба? Рахмет.

Арапбаева Сымбат.

Сәлеметсіз бе! Ханафи мәзхабы бойынша, жұма намазы қалалы жерде оқылады. Бұл шарт - жұма намазының дұрыс болу шарттарының бірі. Оны фиқһта «сиххат шарттары» немесе «әәдәә’ шарттары» деп атайды. Осындағы «қала» сөзіне ғұламалар көптеген анықтамалар берген. Соның бірінде миләди жыл санауы бойынша 14-ғасырда өмір кешкен Ханафи фиқһ білгірі Шәмсуддин әл-Құһустәни[1] есімді ғалымның мынадай тұжырымдамасы бар:

«Қамалдарда және базарлары бар үлкен ауылдарда жұма намазын оқу парыз. Осы жерде Әбул Қасим[2] мынаны да айтып өтеді: Әрине, егер ондай жерлерде мешіттің салынуына әкім немесе қазы рұқсат берген болса...
Демек, қазысы (әкімі) жоқ, минбары жоқ (мешіті жоқ) және хатибы жоқ (яғни, имамы жоқ) шағын ауылдарда жұма намазы оқылмайды...»[3].

Ендеше, мешіті жоқ және қаланың аймағына жақын орналаспаған шағын ауылдардағы тұрғындарға жұма намазы парыз емес. Бұл дегеніміз, көрші ауылдағы мешітке әр жұма күні барып тұру әкеңізге қиынға соқса, бармауына рұқсат. Оның орнына бесінді оқиды. Әйтсе де, алыста болса да жұмаға барғаны үшін, әрбір қадамына сауаптан жазылары сөзсіз.


[1] Шамсүддін ал-Құһустәни, 13-14 ғасырларда өмір сүрген Ханафи фиқһ ғылымының білгірі. Бұхара қаласының мүфти қызметін атқарған кісі. Миләди 1546 - жылы қайтыс болған. (Хижри 953 ж.).
[2] Әбул Қасим әс-Саффар.
[3] Шамсүддін ал-Құһустәни, Жәмиъур рүмуз. 160 бет.

Абдусамат Қасым