Исламда күйеуіне жақсы көріну үшін ота жасатып ішін тарттыруға және төсін үлкейтуге бола ма?
Исламда күйеуіне жақсы көріну үшін ота жасатып ішін тарттыруға және төсін үлкейтуге бола ма?
4 жыл бұрын 11705

Ассалаумағалейкум! Жасы қырықтан асқан әйел кісілердің бала туғаннан кейн іштегі терісі созылып кетіп, төстері салбырап кетіп жатады. Сол кісілерге күйеуіне жақсы көріну үшін пластикалык операция жасатса бола ма? Мысалы, іштегі терілерді тарттырып және төсіне имплантар салдырып дегендей.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла елшісі (ғалейһиссаләту уә сәлләм) өзінің асыл сөзінің бірінде былай деген:

لعن الله الواشمات والمستوشمات والنامصات والمتنمصات والمتفلجات للحسن المغيرات خلق الله

 «Алла Тағала денеге сурет салушылар мен салғызушыларды (татуировка), қас терушілер мен қас тергізушілерді, әсемдік үшін тістерінің арасын егеулеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен әйелдерді лағынеттеді»[1].

Демек, ешқандай ақауы жоқ түр-әлпетінің немесе денесінің әсемдігін арттырайын деген мақсатта немесе кәрілігін жасырайын деген оймен пластикалық ота жасатып жатса, онысы Алланың жаратылысын өзгерту болып саналып, харам үкімін алмақ.

Ал, одан бөлек артық саусақты алып тастау, қисайған мұрынды түзету, қоян ерінді жөндеу, беттегі үлкен қалды алып тастау, жабысып қалған саусақтардың арасын ашу, түрінің ұсқынсыздығын (уродства) кетіру т.б. сол сияқты бойындағы жаратылыстан бар кемшіліктерді пластикалық отаның көмегімен жоюдың ағаттығы жоқ. Сондай-ақ, күйіктен кейінгі қалған тыртық, жол апатынан кейінгі жарақат орны, мезгілсіз қартаю кеселіне шалдығу, семіздік ауруымен ауырған жандардың артық жиналған майларын (басқалай құрту жолы болмаса) алып тастау т.б. осы секілді кейіннен пайда болған бойдағы кемшіліктерді де пластикалық ота арқылы қалпына келтірудің күнәсі жоқ. Өйткені бұл жағдайларда ота жасату емделудің бір түрі болғандықтан жоғарыдағы хадистің аясына кірмейді.

Ендеше, сіз сұрап отырған мәселе бойынша айтарымыз: қарын аймағындағы тері тым қатты созылып, соның салдарынан жүріп-тұруы қиындап, ішін тарттырмаса болмайтындай күйге жетсе, онда ота арқылы ішін тарттыруға рұқсат. Өйткені, «الضرر يزال»: залал – жойылуы керек. (Отадан басқа жеңілдеу жолы бар болса, алдымен соны көрген абзал).

Ал, азғана созылған ішін жіптіктей етемін деген оймен пышаққа түсіп, ішін тарттырып жатса, онысы діни тұрғыда құпталмайтын әрекет дейді дін мамандары. Себебі, ол да «әсемдік үшін Алланың жаратқанын өзгерту» болып табылады.  

Имам Табаранидің мынадай сөзі бар:

«Әйел баласына Алла жаратқан болмысының бір жерін өзгертуге болмайды. Бірақ, егер әлдебір жерінен залал көріп, зиян шегіп жатса, ол басқа...»[2]. 

Төсін үлкейтуге бола ма?

Ендігі жерде, төсін үлкейту мәселесін де жоғарыда айтылған ереже аясында қарау керек. Егер де, мысалы, төсі жоқ дейтіндей дәрежеде тым кішкентай болса, оны да бойындағы табиғи кемтарлық ретінде көріп, пластикалық отаға жүгінудің ағаттығы болмас дейтін дін мамандары бар. Ал, ондай болмаса да, одан бетер үлкейту мақсатында ота жасату діни тұрғыда құпталмайды (күйеуі үшін болса да). Бұл хадисте айтылған «Әсемдік үшін Алланың жаратқанын өзгерту" болып табылады.

Сондай-ақ, әйелдің омырауы қатты созылып, жүріп-тұруы қиындап, зиян келтіріп жатса, онда ота жасатуға рұқсат. Бұл жағдайда онысы емделу және бойдағы зиянды нәрсені жою болып есептеледі. Бірақ та, жасы келгендіктен немесе балалы болғандықтан бастапқы қалпын жоғалтқан омырауын әдемірек күйіге жеткіземін деген оймен, әсемдік үшін ота жасататын болса, оған рұқсат жоқ.

Осы тұрғыда, күйеуінің алдында өз әсемдігін жоғалтпас үшін түрлі спорт жаттығуларын жасау әбес емес. Сондай-ақ, бетке ерте әжім түсуін алдын алу мақсатында және қол терісінің бұзылуын алдын алу мақсатында түрлі табиғи майларды (крем) қолданудың да ағаттығы жоқ. Бұл Алланың жаратқанын өзгерткенге жатпайды.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №2125 хадис.
[2] لا يجوز للمرأة تغيير شيء من خلقتها التي خلقها الله، ويستثنى من ذلك ما يحصل به الضرر والأذى

Абдусамат Қасым