«Жүкті кезінде немесе босанып жатып қайтыс болған әйел – шейіт» деген хадис бар ма?
«Жүкті кезінде немесе босанып жатып қайтыс болған әйел – шейіт» деген хадис бар ма?
11 ай бұрын 2159

Ассаламуғалейкум, осындай мәтінде Хадис бар ма: «Жукті кезінде, босанып жатканда және нифас уакытында кайтыс болган ейел - шаһид» (Эбу Дауд,Табарани).

Бимилләһир рахманир рахим

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүкті кезінде қайтыс болған әйелдің немесе босанып жатып қайтыс болған әйелдің «ақыреттік шейіт» екендігін ашық айтқан. Бұл дегеніміз, о дүниеде олар «шейіттік мәртебеде» болады дегенді білдіреді. Оған қатысты Алла елшісінің (с.а.у.) мынадай хадисы бар:

والمرأة تموت بجمع شهيد

«Қарнында бала бар әйел қайтыс болса, ол – шейіт»[1].

Осы хадистегі «жәмъ» сөзіне, хадисші ғалым Имам ән-Нәуәуи (р.а.): «Ішінде баласын жинаған әйел, яғни, жүкті әйел» деп түсіндірме берген.

Басқа бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.) босанып қайтыс болған әйелдің шейіт екендігін былай деп білдіреді:

والنُّفَساءُ يجُرُّها ولدُها بسُرُرِه إلى الجنَّةِ

«Сондай-ақ, нифасты әйелдер қайтыс болса шейіт, оларды шақалақтары кіндіктерімен пейішке сүйрейді»[2].

Аталмыш хадистегі «нифасты әйелдер» деген сөзі «босанып жатып қайтыс болған әйелді» тұспалдап тұр, өйткені, босанғаннан кейін нифас қаны келетіндіктен, астарлап «босанушы әйелге» «нифас қан көруші әйел» мағынасында сол сөз қолданылған.

Ендеше, адал некемен жүкті болып жүріп қайтыс болса немесе адал некеден көтеріп, бірақ босанып жатып қайтыс болса, ол әйел кісі пейіштік болады екен. Денесі жуылады және кебінделіп, жаназасы шығарылады.

Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


[1] Ибн Мәжә: «Сүнән»; ән-Нәсәи: «Сүнән». Сахих хадис.
[2] Имам Ахмед: «Мүснәд». Сахих хадис.

Абдусамат Қасым