Исламда «мұтға некесі» деген неке түрі бар ма?
Исламда «мұтға некесі» деген неке түрі бар ма?
2 жыл бұрын 4067

Ассләмуғалейкум! Исламда «мұтға» (уақытша неке) деген болған ба? Абай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Мұтға» некесі - ер мен әйелдің белгілі уақытқа ғана некеге тұруларын білдіреді. Басқаша айтқанда «уақытша неке». Үкімі - харам.

Мұтға некесі Исламның бастапқы кезеңінде араб қоғамында бар болатын. Ислам келгеннен кейін ондай неке түрін бірден тыймастан, әуел баста рұқсат етті. Кейіннен үкімі мәнсух болып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ондай неке түрін «қияметке дейін харам» деп жар салды.

Мәліметтерге қарағанда, мұтға некесінің харам етілуі үш кезеңнен тұрғандығын көреміз. Бірінші тыйым - «Хайбар» соғысында орын алған1. Екіншісі - «Мекке» жорығында. Үшінші және түбегейлі тыйым - Пайғамбарымыздың қоштасу құтпасында жүзеге асқан. Бұл кезде Алла елшісі халыққа жар салып, некенің ондай түрін түбегейлі тыйым салады:

«Уа, халайық! Мен сендерге әйелдерді мұтға некемен алуды рұқсат еткен болатынмын. Енді Алла Тағала мұтға некесін қияметке дейін харам етті. Кімде-кімнің мұтға некемен (уақытша) алған әйелі бар болса, өз жолына жіберсін (яғни, ажырассын, өйткені некелері есептелмейді). Оларға берген неке сыйлығынан еш нәрсені қайтарып алмаңдар»2.

Осылайша, «мұтға некесі» мәңгілікке тыйым салынып, ондай неке түрі «зинамен» тең көрілді, өйткені мұтға некесі неке болып есептелмейтіндіктен, арада неке болмайды деген сөз, неке болмағаннан кейін де арадағы қатынас зина жасағанмен пара-пар болмақ. Төрт мәзхабтың төртеуінде де «мұтға некесі» неке болып есептелмейді. Мұтға некесінің харамдығы жөнінде «ижма» бар. Бүгінде мұндай неке түрі шиіттік Иран елінде кездеседі, ал сунниттік бағыттағы мұсылман елдерінде ондай неке түрі жоқ.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Әзіреті Әли (р.а.): «Хайбар күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерді мұтға некемен алуды және үй есегінің етін жеуді тыйды». Бұхари және Мүслім.
2Сахих Мүслім, №1406 хадис.

Абдусамат Қасым