Әссәләмуғалейкум ұстаз! Осы "молда" деген қандай мағына береді? Аман Аман
«Молда» деген сөз қандай мағынаны білдіреді?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Молда» сөзінің түпнұсқасы – «мулла-ملا» немесе «мунла-منلا» болып келеді. Бұл сөз түптеп келгенде араб тіліндегі «мырза», «тақсыр», «қамқоршы» деген ұғымдарға саятын «Мәулә-مَوْلى» сөзінің өзгеріске ұшыраған түрі. Осыған қарай, молда сөзінің түпкі тілдік мағынасы "тақсыр" дегенге саяды деуге болады. Ал, оның терминдік мағынасы - «Фиқһ ғылымының білгірі», «дін ғалымы» дегенді білдіреді.
Молла атауы Иран, Түркия, Ауғанстан, Орта Азия т.б. елдерде кеңінен қолданылады. Тарихта есіміне молла тіркесі қосылып айтылған көптеген ғұламалар өткен. Атап айтсақ, Ауғанстан өңірінен шыққан Ханафи ғұламасы Мулла Алиуль Қари (ө.ж 1606 ж.), түрік нәсілінен шыққан ғұлама Молла Хүсрев (ө.ж. 1480 ж.) т.б.
Аталмыш елдерде "молда" атауы әркімге беріле бермейтін. Мысалы, Иран жерінде дін саласында терең ілім алған, дін ғылымы жолында үлкен дәрежеге жеткен, жалпы халыққа ұстаздық ете алатын кісілерге ғана «молла» (молда) атағын беретін. Мәселен, Ирандық философ Садреддин Ширазы деген ілім иесі тарихта «Молла Садра» деген лақап атпен белгілі.
Ал, Осман империясында «молда» атағы кезінде қазыларға берілетін. Ол тұста қазылар дәрежесіне қарай екі топқа бөлінген: «Мэвлэвиет қазылығы» және «Каза қазылығы». Біріншісіне империяның бас қалаларындағы қазылық міндеті мен империяның қол астындағы бөтен мұсылман елдеріндегі қазылық қызметі жататын. Деректерге қарағанда, мэвлэвиет қазылығына анша-мұнша кісілер емес, ұстаздардың ұстазы, шейхтардың шейхы саналатын өте тәжірибелі ғұламалар тағайындалатын болған. Және бұларды «Молла» дейтін. Алайда, империяның соңғы кезеңдерінде аталмыш сөз өз маңызын жоғалта бастайды. Бастапқыда қазы, ғұлама кісілерге берілетін «молла» атауы, кейіннен медресе шәкірттеріне дейін тағылды. Империя құлағаннан соң, медреселер жабылып, онымен бірге «молла» атауы да өзінің ресми статусын жоғалтты.
Қазақ ұлтында да молда деп, шариғатты білетін, ұстаз көрген діндар кісілерге айтылады. Бүгінде молда сөзі көбіне мешіт имамдарына қарасты айтылса да, жалпы алғанда халық арасында дінге бет бұрып, намазға жығылған мұсылмандардың бәрін «молда» деу әдетке айналған*.
(*Қазақ тілінде арабшадан келген сөздердегі қосарланған «л» әрібінің бірін «д» әріпі етіп дыбыстау әдеттегі іс. Мысалы, «Рахматуллаһ» деген есімді «Рахматилдә» деп оқығаны секілді. Молла сөзінің «молда» деп өзгертіліп айтылуы да сондықтан).