Құран сүрелерінің аттарын кім қойған?
Құран сүрелерінің аттарын кім қойған?
7 жыл бұрын 9477

Ассаламу Алейкум! Осындай сұрағым бар. Құранның сүрелерінің атауларын Алла Тағала өзі қойды деп айтуға бола ма? Əлде олай дұрыс емес пе? Әділ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран сүрелерінің атауларын Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) өзі қойған ба, әлде сахабалардың келісімінің нәтижесі ме, деген мәселе төңірегінде Ислам ғалымдары пікір таластырған. Ғұламаларының басым көпшілігінің тоқтамы бойынша, сүрелердің атауларын о баста Пайғамбарымыздың өзі қойған, яғни, «тәуқифи» болып саналады.  

Бұған байланысты Имам Суюти (рахимаһуллаһ) өзінің «әл-Итқон фи улумиль Құран» атты Құран ғылымына қатысты жазған еңбегінде былай дейді:

 وقد ثبت جميع أسماء السور بالتوقيف من الأحاديث والآثار

«Сүре атауларының бәрі дерлігі тәуқифи болып, хадистермен және риуаяттармен бекітілген».

ومما يدل لذلك : ما أخرجه ابن أبي حاتم ، عن عكرمة قال : كان المشركون يقولون : سورة البقرة وسورة العنكبوت ، يستهزئون بها ، فنزل إنا كفيناك المستهزئين

«Оған Ибн Әбу Хатимнің Икримадан жеткізген мына риуаяты дәлел: Ол (Икрима) былай дейді: «Мүшриктер кезінде: «Бақара (сиыр) сүресі, Анкабут (өрмекші) сүресі» деп сүрелерді мазақ қылатын. Осыған орай Алла Тағала: «Мазақ қылушыларға қарсы біз саған жетіп асамыз» деген аят түсірді»[1].  

Демек, пұтқа табынушы Меккелік мүшриктердің сүре аттарын тілге тиек етіп, мазақ қылғандарына қарағанда, олардың атаулары о баста Пайғамбарымыз тарапынан қойылып отырған.  

Бұнымен қатар, аяттардың тәртібі де «тәуқифи» болып, Алла Тағала тарапынан Пайғамбарымызға білдірілуінің нәтижесінде әр аят өз-өз орнына қойылып отырды. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ[2]. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде «Нәһл» сүресінінің 90 аятына қарасты былай дегендігі хадис кітаптарында риуаят етіледі: «Маған Жебірейіл періште мына аятты, мына сүренің мына жеріне қоюды әмір етті» деді[3]. 


[1] Имам Суюти: Итқан фи улумиль Құран. Әсмә әс-суар.
[2] Имам Суюти: Итқан фи улумиль Құран. Тәртибиль Аяти тәуқифи».
[3] Имам Ахмад: Мүснәд - №17459 хадис.

Абдусамат Қасым