Ажырасқан әйелдер о дүниеде кіммен болады?
Ажырасқан әйелдер пейіште кіммен бірге болады?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Ажырасқан мұсылман әйел егер өмірде тұрмысқа шықпаған болса, о дүниеде өзі секілді бойдақ боп өткен ер адамға қосылады делінеді ислами деректерде. Ал осы дүниеде бірнеше мәрте тұрмысқа шыққан әйелдер, пейішке кірген жағдайда күйеулерінің арасынан біреуін таңдайды. Сонда ол әйел дүниеде тиген күйеулерінің арасындағы әдебі көркем болғанын таңдайды екен.
Осы тұрғыда «бірнеше ерге тұрмысқа шыққан мұсылман әйел, өмірін кіммен аяқтаған болса, пейіште де сонымен бірге болады» деген де риуаят бар. Мысалы, ері қайтыс болып, басқа ерге тұрмысқа шыққан болса, егер екеуі де пейішке кірсе, пейіште сол соңғы ерімен бірге болады екен. Сондықтан да, сахаба Хузайфа (р.а.) өлер алдында әйеліне: «пейіште де менің әйелім болуды қаласаң, менен кейін басқаға шықпа. Шынында әйел адам пейіште дүниедегі ақырқы күйеуімен бірге болмақ» деп айтады1. Және де Әбу Дәрда қайтыс болғанда (р.а.) жұбайы Үмму Дәрданы сахаба Мұғауия (р.а.) айттырады. Сонда Умму Дарда (Әбу Дәрданың әйелі) Мұғауияның ұсынысынан бас тартып оған: «Мен күйеуім Әбу Дәрдадан: «Алла елшісі (с.а.у.) былай деді: «әйел соңғы күйеуімен бірге болады» дегенін естідім ( المرأة في آخر أزواجها). Сол себепті, Әбу Дарданы ешкімге ауыстырғым келмейді» деп айтады. Тағы бір риуаятта: «Қайсы бір әйел күйеуі бақилық болып, кейін басқа біреуге тұрмысқа шықса, ол әйел соңғы үйленген күйеуіне тән» делінген2.
Қорыта айтқанда, ажырасып тұрмысқа шықпай өткен мұсылман әйел немесе бойдақ боп өткен әйел кісі пейішке кірген жағдайда, өзі секілді бойдақ боп өткен ер адамға қосылады, ал басқаға тұрмысқа шықса соңғы шыққан күйеуімен бірге болмақ немесе пейіште күйеулерінің арасынан кімді таңдаса, сонымен бірге болмақ. Аллаһу аъләм. Алла Тағала мүмін-мұсылман болып жан тапсыруды және пейіштік болуды жазсын!
1«Пейіште де менің әйелім болуды қаласаң, менен кейін басқаға шықпа. Шынында әйел адам пейіште дүниедегі ақырқы күйеуімен бірге болмақ. Алла Тағала Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларына өзгеге тұрмысқа шығуларын харам етті, өйткені олар Оның (с.а.у.) пейіштегі жұбайлары болады».
2(لقوله صَلَّى اللهُ عليه وسَلَّم: «أَيُّمَا امْرَأَةٍ تُوُفِّيَ عَنْهَا زَوْجُهَا فَتَزَوَّجَتْ بَعْدَهُ فَهِيَ لِآخِرِ أَزْوَاجِهَا» [أخرجه الطبرانيُّ في «المُعجَم الأوسط» (٣/ ٢٧٥) مِنْ حديثِ أمِّ الدرداء الصُّغرى Табарани «әл-Муъжамуль Әусат».