Мәуліт 2015
10 жыл бұрын 4781

24-қаңтар күні Астана қаласында "Конгресс Холл" салтанат сарайында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған айы мәуліт мерекесіне орай "Адамзаттың ардақтысы" атты рухани мәуліт кеші болып өтті. Мəуліт кешіне сағынышпен асыға жеткен жұрттың санынан ине шаншыр жер болмады. Кешті белгілі ақын Қалқаман Сарин жүргізді. Басы Қасиетті Құран Кәрімнің аяттарымен басталды. Құранды "Әзірет Сұлтан" мешітінің азаншысы Еркебұлан Байғабылов оқып, батасын жасады. Одан соң құттықтау сөздің кезегі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына берілді. Ержан қажы құттықтау сөзінде мәуліт айының ерекшелігі мен қасиеттілігін айта келіп: "Алла Тағала адамзатты жаратты. Солардың ішінде пайғамбарларды ерекше етті. Ал, пайғамбарлардың ішінде Мұхаммед пайғамбарымызды (с.а.у.) ұлық етті" деді. Сонымен қатар, осы бейбіт өмірдің қадірін біліп, көп шүкір етуге шақырды. Бас мүфтиден соң сөз алған Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Әділбек Жақсыбековтың мәуліт мерекесіне жазған арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев "Мәулітке арнау" атты жырын домбырамен әуелетіп орындағанда, жиналған жұрт қошеметтеп отырды. Одан соң өнер академиясының жігіттері Пайғамбарымызға (с.а.у.) әуендетіп салауаттар айтты. Ақын Арман Бердалин "Жоқ іздеп жүрмін" термесін орындап, жиналған көпшілікке ой салғаны терме соңындағы қошеметтен анық байқалды. 

Ақын Алмас Темірбайдың "Уақыттың қадірі" атты өлеңін 5-сынып оқушысы Ақгүл Жарылқасын мәнерлеп оқығанда әлсін-әлсін көзіне жас келген көрермен, Асылбек Әуезханұлы сценариін жазған "Дерт пен дауа" қойылымын көргенде көз жастарына ерік берді. Әнші Жігер Ауыпбаев "Пайғамбарға арнау" деген термесін орындап тыңдарман қауымның көңілін бір серпілтті. ҚМДБ жастар ісі бөлімінің бастығы Алтынбек Ұтысханұлы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) "Соңғы құтпасы" туралы әсерлі уағыз айтты. 

Аталған кештің өзегі болып саналатын "Мәуліт жыры" да қазақ тілінде оқылуымен ерекшеленді. Садырханов Жұманазар қари жетекшілік еткен топта Ербол Саргелов пен Арман Ғабдуллин мәуліт жырын мәнерлеп, әуендетіп оқыды. Оларды Астана медресесінің шәкірттерінен құрылған хор тобы сүймелдеп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаянын қысқаша көрермен қауымның есіне бір түсірді. 

Хабарландыруда айтылғандай билеттен түскен қаржыны жағдайы төмен отасыларға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі табыстады. Табыстамай тұрып айтқан сөзінде Ержан қажы бейбіт елде тұрып, осындай қаракөздерімізді жәутеңдетіп қойғанымыз жарамайтындығын, аталған отбасылардың әлі де көмекке мұқтаждығын барлығын айтып, жомарт жандарды көмек беруге шақырды. 

Кеш соңында келген жамағатқа діни кітаптар таратылды. Кешке келген көпшіліктің ерекше көңіл-күймен қайтқаны жүздерін білініп тұрды. 

0 пікір