Олимпиаданың алғашқы күнінде Қазақстан қоржына екі медаль түсті (ФОТО)
Олимпиаданың алғашқы күнінде Қазақстан қоржына екі медаль түсті (ФОТО)
8 жыл бұрын 3679 Baq.kz Бек ТӨЛЕУОВ

Бүгін Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы жарыс күні өтті. Қазақстан қоржына бір күміс, бір қола жүлде түсті. Бірінші күннің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте әзірге оныншы орында тұрмыз. 

Алдымен Қазақстан қоржынына қола жүлдені дзюдо күресінен 48 келідегі Галбадрах Отгонцэцэг салды. Ол Бразилия татамиінде алдымен Гвиней-Бисау дзюдошысы Тасиана Лиманы жеңді.

Өкінішке қарай, ширек финалда жапон қызынан ұтылып қалды. Дегенмен жұбаныш белдесуде мажар қызы Эва Черновицкиді иппонға түсірді. Ал қола жүлде үшін таласта кубалық Местре Альваресті де таза ұтты. Осылайша, дзюдодан әйелдер арасында Қазақстан құрамасына алғашқы жүлдені салды. Бұған дейін жапон күресінен қазақ қыздары олимпиада ойындарында жүлде алып көрмеген еді. Галбадрах сол олқылықтың орнын толтырды. Бұл салмақта бас жүлде 30 жастағы аргентиналық Паоле Паретоға бұйырды. Ол финала оңтүстік кореялық спортшы Чон Бо Гённен айласын асырып кетті.

Екінші жүлде де дзюдо күресінен түсті. Осы уақытқа дейін Олимпиада алтынынан басқаның бәрін еншілеген Елдос Сметов төрт жылдықтың басты додасының да финалына шықты. 60 келіде белдескен тараздық балуан финалға дейін барлығын қапы қалдырды. Алдымен Ливиядан келген Элкабиса Мохамед Эльхадиды жеңді. Одан кейін британдық балуан Эшли Маккензиді қапы қалдырды. Сосын өзіне жақсы таныс өзбек дзюдошысы Диорбек Уразбаевты ұтты. Ал жартылай финалда әзірбайжандық Орхан Сафаровтан басым түсті. Финалда ресейлік Беслан Мудрановпен жолықты. Финалдық белдесу аса тартысты өтті. Екеуі соңына дейін бір-бір алдырмады. Тек соңғы сәтте қарсыласын аяғын беріп қойған жерлесіміз иппонға түсіп қалды. Нәтижесінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Осылайша 23 жастағы Елдос Сметов 8 жылдан кейін дзюдо күресінен күміс медаль алған екінші қазақ балуаны атанып отыр. Пекин Олимпиадасында Асхат Жіткеев финалда белдескен еді.

Бұл күні велоспортшыларда жарыс жолына шықты. Еліміздің намысын қорғаған Андрей Зейц алғашқы ондыққа енді. 237 шақырымдық жолды бірінші болып бельгиялық Грек ван Авермат кесіп өтті. Нәтижесінде араға 20 жыл салып, Бельгия еліне алтын жүле сыйлады. Бельгия спортшылары соңғы рет Атланта Олимпиадасында алтын медаль алған екен.

Брасс әдісімен 100 метрге суға жүзуден сынға түскен жерлесіміз Дмитрий Баландин жартылай финалға өтті. Іріктеу кезеңінде үш дүркін Азия ойындарының жеңімпазы Дмитрий Баландин 59,47 секунд нәтиже көрсетіп, жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Ал британдық спортшы Адам Пити 100 метрге жүзуде әлем және Олимпиада ойындарының рекордын жаңартты. Ол бұл қашықтықты 57,55 секундта жүзіп өтті. Енді,жартылай финал бүгін Астана уақытымен сағат 07:00-де басталады.

Айта кетейік, Рио Олимпиадасында спорттың 28 түрінен 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Өкінішке қарай, бокстан 60 келідегі Берік Әбдірахманов жарыстан шығып қалды. Ол АҚШ-тың былғары қолғап шебері Карлос Бальдерастан жеңілді.

Ұлттық құраманың бас бапкері шәкіртінің екінші раундта қатты ұтылғанын айтып отыр.

«Бұл қарсыласпен бұрын кездесіп көрмеген едік. Таланатты боксшы екені көрініп тұр. Жас әрі болашағы бар жігіт. Жылдамдық жағынан басым түсті. Берік оған басымдықты беріп қойды. Әсіресе екінші раундта қатты ұтылып қалды. Бірінші және соңғы үшінші раунд екеуі жобалас болды. Екінші раундтағы жеңілісі кездесу тағдырын шешіп кетті. Бұл спорт. Алда әлі тоғыз боксшымыз бар. Тапсырма бұрынғыдай»,- дейді М. Айтжанов

Сондай-ақ пневматикалық қарудан оқ ату бойынша Владимир Исаченко мен Рашид Юнусметов жарыстың финалына шыға алмады.

10 метрден пневматикалық қарудан оқ ату бойынша ерлер арасында өткен іріктеу сайысында 8 мемлекет ақтық сынға өтті. Олар – Қытай, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Үндістан, Италия, Ресей және Бразилия.

Іріктеу сайысында Владимир Исаченко 575, ал Рашид Юнусметов 567 ұпай жинап, 23-ші және 40-шы орынға ие болды. Іріктеу жарысында қытайлық спортшы Вей Пан 590 ұпаймен жеңіске жетті. Бұл сайыстағы – ең жоғары көрсеткіш.

Владимир Исаченко (10m Air Pistol Men) - 23 орын
Рашид Юнусметов (10m Air Pistol Men) - 40 орын.

Сонымен қатар, Рио Олимпиадасының алғашқы алтын медалін 19 жастағы АҚШ спортшысы Вирджиния Трэшер алды. Әйелдер арасында 10 метрден пневматикалық винтовкадан оқ ату бойынша өткен сайыста америкалық мерген 208 бал жинап, Олимпиада финалындағы рекордтты жаңартты. Ал екінші орын қытайлық Ду Лиге (207 бал), үшінші орын оның жерлесі И Сылинге (185,4 бал) бұйырды.

Ескере кететін бір жайт, 34 жастағы Ду Ли екі дүркін Олимпиада чемпионы (2004, 2008), 27 жастағы И Сылин 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасының жеңімпазы. Ал 19 жастағы АҚШ мергені Вирджиния Трэшер Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр.

Үстел теннисінен бірінші айналымда қазақстандық Кирилл Герасименко венгриялық спортшы Адаму Паттантиушу — 1:4 (9:11, 9:11, 11:7, 7:11, 9:11) есебімен жеңіліп қалды.

Өкінішке қарай Ауыр атлеттердің арасында бірінші болып жарыста бастаған 48 келідегі Маргарита Елисеева тек бесінші орыннан көрінді. Жұлқа көтеру бойынша Маргарита 80 келі ғана көтерді. Кейін спортшы 84 келіге тапсырыс беріп, ол салмақты бағындыра алмады. Осылайша Маргарита жұлқа көтеру сайысын тек тоғызыншы болып аяқтады. Ал серпеде жерлесіміз 107 келілік зіл темірді өз еркіне бағындыра алды. Бірақ қос жаттығудың қорытындысы бойынша бесінші орыннан әрі аса алмады. Бұл салмақта таиландық Сопита Танасан жеңіске жетті.

Сонымен Қазақстан Олимпиаданың алғашқы күнінде бір күміс, бір қола еншіледі. Әзірге жалпы командалық есепте жарыс қожайыны Бразилияны артқа тастап, оныншы орында тұрмыз. Топ басында бір алтын мен бір күміс бар Оңтүстік Корея мен АҚШ. Ал Аргентина, Бельгия, Венгрия, Ресей, Таиланд, Вьетнам бір-бір алтыннан еншілеген.

1 пікір
  • Ассалаумағалейкум қазақ елі! Елдос Сметов пен Галбадрах отандастарымызды жеңістерімен шын шүректен құттықтаймыз!Алға Қазақ елі! Біз әлі талай жақсы жетістіктерге жетуімізге Алла нәсіп еткей!
    8 жыл бұрын
Мұрағат