Зейнетке шығудың тәртібі қандай? Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу: шотты қалай ашу керек?
|
Қазақстан өмір сүру ұзақтығы жағынан әлем елдерінің ішінде 110-орында. Зерттеу бойынша елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы − 73 жас. Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзінің тілшісі дайындаған арнайы материалынан біле аласыздар.
Тұрғындар жасы ұзарған сайын елдегі жұмыс күші кеміп, бұл жағдай еңбек қабілетіне әсер етеді деген түсінік бар. Өмір сүру ұзақтығы жағынан алдыңғы қатардағы Жапония еліндегі зейнетақы жүйесі жоғарыдағы түсінікті жоққа шығаратындай. Себебі, қарттық кезеңге келсе де мемлекетке пайда келтіруге болатынын жапондық қариялар дәлелдеді. Бірақ, «ағаштың екі ұшы бары» сынды мәселенің көлеңкелі тұсын ел билігі жасырмайды. Статистикадан бұл елде туу көрсеткіші жыл сайын кеміп қартайған кісілердің жасы артқанын көруге болады. Осыдан кейін елдің экономикасына «салмақ» түседі. Мысалы, зейнетақы мен медициналық сақтандыруға бөлінетін субсидия көлемі артады. Елдегі салық төлеушілер саны кемиді. 2019 жылы Жапонияның медицина саласына бөлген қаражаты 43,1 триллион иенаны (41 миллиард доллар) құраса, соның жартысынан астамы 65 жастан асқан адамдарға медициналық қызметке жұмсалған екен. Десе де Жапония билігі елдегі өмір сүру сапасының өзгеру тенденциясын байқап, егде жастағы адамдарға көбірек жұмыс істеуге немесе жаңа қызметке орналасуға мүмкіндік береді. Жапонияда жалпы халық саны 126 миллион, соның 35 миллионы немесе 28,1%-дан астамы 65 жастан асқан адамдар. Бұл елде зейнеткерлер саны жалпы жұмыс күшінің 12,8% құрайды. Қартайған кезде жұмыс істеуге дайын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Сөйтіп мемлекет салық төлеу арқылы бюджетті толтырудың жолдарын қарастырады. Мысалы, жастардың жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыру үшін кәсіпорындарда 60-65 жастан асқан кісілерді штаттан тыс жұмысқа орналастыру мәселесі жолға қойылған. Айлық көлемі шаттағыдай болмаса да, 60-65 жастан асқан қызметкерлер зейнетақымен қоса, қосымша табыс алады.
Қазақстанда зейнет жасы төмендей ме?
Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнетке шығу жасы – 63, әйелдер үшін – 59,5. 2018 жылдың қаңтарынан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ. Олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.
Десе де заңға сәйкес кейбір әйелдердің зейнет жасы өзгермейді. Олардың ішінде көпбалалы аналар және Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер бар.
Бала күтімімен үйде отырған анаға зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі есептеледі. Яғни, әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыт есептеледі.
Сонымен қатар, азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда зейнетақы аннуитетіне (зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зейнетке шығу) құқықты пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті 55 жастағы ерлер үшін, әйелдер үшін – 51,5 жаста белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 50 жастан бастап пайдалана алады.
Сондай-ақ, зейнетақы жинағын азаматтар 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған жағдайда зейнетақы төлемдері түрінде алады. Қордан төленетін зейнетақы төлемдері Заң бойынша белгіленген кестеге сай ай сайын жүзеге асырылады. Егер зейнетақы жинағының мөлшері 12 еселенген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, 1 және 2 топтағы мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған тұлға зейнетақы жинағын бірден алуға құқылы. 2020 жылы бұл сома 485 292 теңгеге тең.
Айта кетерлігі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңгені, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңгені құрайды. Елімізде 2 млннан астам зейнеткер бар. Еліміздегі орташа зейнетақы көлемі – 90 502 теңге. Ал ай сайынғы ең жоғарғы зейнетақы 506 980 теңгені құрайды екен.
Мемлекеттік шығындар үнемделсе…
Қазақстанда зейнет жасын төмендетуге қатысты мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді. COVID-19 пандемиясы кезінде алдымен егде жастағы кісілердің денсаулығы сыр берді. Зейнетақысына жетпей өмірден озғандары қаншама. Бұл жағдайдан кейін зейнетақы жасын азайту турасында депутаттық сауал жолданды. Бірақ, Үкімет алдағы уақытта зейнет жасын төмендету қарастырылмағанын айтты. Мамандар оның себебін былай түсіндіреді:
«Біздің елде зейнетке шыққаннан кейін де зейнеткерлер жұмыс істейді. Өйткені бір зейнетақыға күн көру мүмкін емес. Статистика бойынша біздегі төменгі зейнетақы алатындардың үлесі 67 %-ды құрайды. Зейнетке шыққаннан кейінгі орташа өмір сүру жасы 70 жас. Еуропа елдерінде 90 жас екені белгілі. Осы тұрғыдан зейнетке ерте шығару керек деген ой туындайды. Мемлекет қазіргі экономикалық жағдайды ескеріп зейнет жасын ұзарту арқылы үнемдеуге басымдық беріп отыр. Бірақ халықтық төлемдерден бөлек, мемлекеттің өз ішкі шығындарын азайтуға болар еді. Мысалы, жергілікті бюджетке бөлінген қаражат, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын түрлі керегі шамалы жобалар бар. Үнемдеуді осы тұстан бастау керек. Ал қазіргі уақытта халықтың жағдайы қиындап барады. Мемлекет керісінше халыққа қолдау көрсету қажет. Зейнеткерлердің басым бөлігі төменгі деңгейдегі зейнетақы алады. Ал шығындары көп. Зейнетақы қоры тиімді жұмыс істеп жатыр ма? деген сұраққа ешкім басын қатырмайды. Оның жұмысы тек құнды қағаздармен шектелмей, айналымдағы қаражатты тиімді табыс көлемі мол экономикалық жобаларға жұмсау керек. Қанша жыл қорға қыруар қаражат құйсақ та, мемлекеттің қосқан жарнасы өте аз, − дейді экономист Мақсат Сералы.
Белгілі болғандай, 2020 жылдың 11 айында қор салымшыларына 1,1 триллион теңге инвестициялық пайда түскен. Қорға жиналған ақшаның 30 пайыздан астамы басқа шетел валюталарында, шетелдік құнды қағаздарға орналастырылған. 1998 жылы зейнетақы қоры жүйесі құрылды. Сол кезден бүгінге дейін 5,5 триллион теңге инвестициялық пайда түсіпті.
Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, әлі күнге дейін ауыр жұмыстағы қызметкерлерді зейнетке ерте шығару мәселесі оң шешім тапқан жоқ.
«Зейнет жасын ұзартудағы мақсат бюджет қаражатын үнемдеу. Біздегі орташа өмір сүру ұзақтығын есепке алып айтар болсақ, ер азаматтарымыз зейнет жасына жеткеннен кейін көп уақыт өмір сүрмейді. Осы мәселе ескерілуі керек. Бұған қоса, кейбір салалардың күрделігіне байланысты қызметкерлерді ертерек зейнетке шығару мәселесі қарастырылмаған. Ауыр жұмыс істеген кісінің денсаулық жағдайы ескерілуі тиіс. Мысалы, тау кен өндірісі саласында, түрлі зауыттарда, ауыршаруашылығы саласында жұмыс істейтін кісілерге жеңілдік берілуі керек. Бізде осы мәселені зерттеп жатқан ешкім жоқ, − дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Зейнетақы қорында үш түрлі шот ашуға болады
Зейнетақы қорында үш түрлі шот ашуға болады. БЖЗҚ шоты туралы ақпаратты тек әр адамның өзі білгені дұрыс.
Біріншісі – міндетті зейнетақы шоты. Бұл қазіргі күнде автоматты түрде ашылады. Ең бірінші төлем түскен кезде, яғни жұмыс беруші жарнаны жіберген кезде құжаттарда көрсетілген деректемелер бойынша азаматтарға зейнетақы шотын ашып, кейін әрі қарай осы шот бойынша есеп жүргізіледі.
Екіншісі – міндетті кәсіптік зейнетақы шоты. Мұндай шот денсаулыққа зиян қызметтерді атқаратын азаматтар үшін ашылады. Мұндай мекемелерді Үкімет белгілейді. Әрине, азаматтар өзінің жұмыс берушісімен бірге зейнетақы қорына келіп, шот ашып, болашақта өз шотына ақша жинай алады.
Үшіншісі – ерікті зейнетақы шоты. Бұл шотты азаматтар өзінің цифрлық қолтаңбасын қолдану арқылы ашады. Онда қаражатты жұмыс беруші арқылы жинауға, туған-туыстары қосылып бірге ақша салып отыруына болады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу: шотты қалай ашу керек?
Жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін алдын ала алу үшін қалай шот ашу керегі арнайы бейнероликпен көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ОКҚ-та өтіп жатқан брифингте зейнетақы қаражатының бір бөлігін мақсатты пайдалануға арналған бейнеролик жарияланды. Роликте "Отбасы банктің" жаңа клиенттеріне қалай шот ашу керегі көрсетілген.
"Ол үшін біздің мобильді қосымшамызды жүктеп алуыңыз керек. Қосымшаның негізгі парақшасының төменгі жағында "Бірыңғай зейнетақы төлемі (БЗТ) үшін шот ашу" батырмасын басыңыз. Артынша ұялы телефон нөмірін және ЖСН енгізіңіз. Сіздің ұялы нөміріңізге SMS жіберіледі. Кодты жазыңыз. Келесі кезеңде сканерлеу үшін жеке куәлігіңізді дайындаңыз. Жеке басыңызды растауыңыз қажет. Экранға қарап, бірнеше қарапайым тапсырманы орындаңыз.
Тексерістен кейін клиенттің анкетасындағы жеке деректерді толтырыңыз. Деректерді өзгерту туралы өтінімді, банктің БЗТ үшін шот ашудың стандартты шарттарын оқып шығыңыз. Сіздің нөміріңізге растау үшін SMS жіберіледі. Содан кейін Интернет-банкингке кіру үшін пароль ойлап табыңыз да, соны жазыңыз", - делінген видеороликте.
Ерлі-зайыптылар зейнетақы салымын біріктіріп алуға бола ма?
Орталық коммуникациялар қызметінде «Отбасы» банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова зейнетақы салымындағы қаражатты отбасындағы туыс адамдар біріктіріп алуға болатынын айтты. Бұл жайында nege.kz порталы мәлім етеді.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, егер отбасындағы жақын туыс адамдар, ағасы, қарындасы, т.б. зейнетақы салымын біріктіріп алуына болады. Алайда, тілші тарапынан қойылған "Ерлі-зайыптылар да бұл санатқа жата ма?" деген сұраққа "Отбасы" банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова: "Бұл мәселе қарастырылады" деп жауап берді. Ал «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов: "Әрине, ерлі-зайыптылар да бұл мүмкіндікті пайдалана алады" деп жауап берді.
Салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін жақын туыстары үшін де пайдалана алады – Еңбек министрлігі
Зейнетақы жинағының бір бөлігін нақты кімдер пайдалана алатыны мәлім болды. Бұл туралы azattyq-ruhy.kz ақпарат көзі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасовқа сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Парламент заңнамаға енгізілген өзгерістерді мақұлдағанын атап өтті.
«Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады», – деді вице-министр.
Сонымен, зейнетақы жинағының бір бөлігін төменде көрсетілген азаматтардың алуына құқығы бар:
- жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткілікті шектен» асатын азаматтар;
- сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;
- зейнеткерлікке шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шегін ала алады. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
Вице-министр «жеткілікті шек» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленетінін ескертті.
«Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.
Еске сала кетейік, қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қазақстанда 6 млн-ға жуық салымшының зейнетақы қорындағы жинағы 500 мың теңгеге жетпейді.