Зейнетақы қорындағы қаржы Apple мен Facebook компанияларына салынады
Зейнетақы қорындағы қаржы Apple мен Facebook компанияларына салынады
7 жыл бұрын 2508

ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев БЖЗҚ активтерін инвестициялаудың болашақтағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап сарапшылардың кеңесі бойынша инвестициялық портфельдің долларлық үлесін көбейтіп жатыр.

“Бүгінде ол 17-ден 27 пайызға дейін артқан. «Ұлттық банк қаржыны бөлудің жаңа тетігін қарастырып жатыр. Компанияларды таңдаған кезде Ұлттық банк те, Үкімет те MSCI Word индексіне иек артатын болады. Онда әлемдік деңгейдегі компаниялар бар. Яғни доллар валютасындағы қаржы Apple, Facebook сияқты компанияларға салынатын болады», – деді Данияр Ақышев.

Сондай-ақ, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерден БЖЗҚ активтерін шығарып жатқанын хабарлады.

«БЖЗҚ активтерінің екінші деңгейлі банктердегі қаржысы біртіндеп қайтарылып жатыр. 2014 жылы банктерге 90 млрд теңге салынса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 400 млрд теңге болатын. 2016 жылы банктерде 112 млрд теңге сақталды. 2017 жылы банктерге мүлде қаржы салынбады», – деп қорытындылады ол.

Сондай-ақ, жүйені реформалау мақсатында зейнетақы активтерінің болашағына деген сенімділікті нығайту үшін оларды жекеменшік ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Ұйымдарды салымшылардың өздері таңдайтын болады.

Бүгінде Ұлттық банктің сенімді басқаруында 7 трлн теңге бар. Бұл қаржы құнды қағаздар мен облигацияларды сатып алуға жұмсалып жатыр.

0 пікір
Мұрағат