Мәжiлiс депутаты, ҚР Балалар құқықтары жөнiндегi уәкiл Зағипа Бәлиева ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов пен ҚР IIМ министрi Қалмұханбет Қасымовқа депутаттық сауал жолдап, балалардың құқығын қорғауда көмек сұрады.
З.Балиева: Елімізде жарты жылда үш мыңға жуық бала қайтыс болған
|
«Қазақстанда 5 млн 460 мың 449 бала тұрады. ҚР Балалар құқықтары жөнiндегi уәкiл ретiнде елiмiзде үлкен проблемалардың бар екендiгiн айтып өткiм келедi. Балалар арасында өлiм-жiтiм көрсеткiшi жоғары. Ресми статистикаға сүйенсек, 2016 жылдың 6 айында қайтыс болған балалар саны 2 905 құрады. Олардың iшiнде ауырып қайтыс болғандар саны - 2418, жол апаты салдарынан 95 бала, суда 78 бала, өз-өзiне қол салып 80 бала, бiреудiң қолынан 11 бала, басқа себептермен 223 бала көз жұмды», - дедi З.Бәлиева.
Депутаттың айтуынша, кейiнгi кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен күш көрсету оқиғалары жиiлеп кеттi. ҚР Құқықтық статистика комитетiнiң мәлiметiне сәйкес, 2016 жылдың 6 айында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған заң бұзушылықтар саны 1548 құрады. Олардың iшiнде 11 бала бiреудiң қолынан көз жұмды,79 бала өз-өзiне қол салды, 19 баланың денсаулығына қасақана қатты зақым келдi, 61 бала зорланды, 58 балаға сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерi жасалды.
ҚР Балалар құқықтары жөнiндегi уәкiл кейiнгi кезде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып келе жатқан сұмдық оқиғаларды мысалға келтiрдi. Ол Жамбыл облысында 2-сыныпта оқыған ұл баланың зорланып, тоғайға асылғанын, Ақтауда 6 жастағы қыздың ұрланып, зорланғанын айтты. Уәкiл кiшкентай қыздың бүгiнгi күнге дейiн ауруханада өлiм аузында жатқанын еске салып, балаларын ұрып-соғып, өртеп жiберген ата-аналар туралы да айтып өттi. Зағипа Бәлиева бұл БАҚ арқылы қоғамда белгiлi болған оқиғалар дейдi, ал белгiсiзi қаншама?
«Бала өлiмiне, қылмысына және құқықбұзушылығына қатысты әр оқиға төтенше жағдай ретiнде бағаланып, ерекше бақылауда болуы керек. Қазақстандық балалардың құқықтарын қорғау мақсатында, прокуратура мен iшкi iстер министрлiгiнiң өңiрлiк органдарынан бала өлiмiне қатысты әр фактiнi және оларға қатысты әр құқық бұзушылықты егжей-тегжейлi тексеруiн сұраймын», - деп З.Бәлиева Бас прокурор мен IIМ министрiнен көмек сұрады.