ВУНДЕРКИНД БАЛА ШӘЙМЕРДЕН (фото+видeо)
|
Бәрін біліп туған балаларды «вундеркинд» дейміз. Мұндай «алтын балалар» кез келген елдің бағы, қоғамның байлығы, ата-ананың мақтанышы екені даусыз. «Алтын басты балалардың» жасына қарамастан ересектердің тірлігін жасап, ғылым мен өнерді дамытып, ерекше қабілеттерімен адамзаттың дамуына қосар үлестері зор.
Еліміз вундеркиндтер тасқынының астында қалып отырған жоқ. Дегенмен өз қатарынан бір бас озық туғандардың тағдыры тасада қалып кете береді.
Мысалы, Шәймерден Әскен – бар болғаны сегіз жаста. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ораз Жандосов ауылының кішкентай тұрғыны, өз қатарластарынан асып туған Шәймерденнің ерекшелігі – 4 жасынан бастап қазақ ақындарының өлеңдерін, поэмаларын жатқа айтады. Жадыда жаттап қана қоймай үлкен сахналарда мәнер-нақышын келтіріп орындайды. Шәймерденнің осы бір қабілетін байқаған ақын Мұхтар Шаханов атасы батасын берген.
Өз жасындағылардан бір бас озық туған Шәймерден осы уақытқа дейін бірнеше Халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Төрт жасынан бастап қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, жұртты таң қалдырған Шәймерден бүгінде 15 поэма, 40-қа жуық жыр-дастандарды еш мүдірместен айта алады. Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов шығармаларын жаттап өске нәскеннің келешектегі арманы - патша болу.
Алматының бір бұрышында осындай дарынды баланың бар екендігін білген соң, біз Шәймерденді тауып алдық. Дүйім жұрттың таңқалдырған өнерін өз көзімізбен көріп қайттық.
- Шәймерден өзі өте қағілез бала. Үйдегі балаларымның үлкені де өзі. Әуелде біз бұған аса бір мән бере қойған жоқпыз. Бұл баламның өзінің Құдай берген қабілеті. Бір поэеманы бір-екі қайталағаннан-ақ жаттап алады. Бірде ақын Мұхтар атасының кешіне барғанда Шәймерден ол кісінің «Құз басындағы аңшының зары» деген поэмасын жатқа оқып берді. Сол жерде Мұхтар атасы батасын беріп, ризашылығын білдірген. Қазір де кештеріне арнайы шақырып тұрады,-дейді Шәймерденнің әкесі Саятбек Егізеков.
Осыдан кейін де Шәймерден көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Былтыр ғана желтоқсан айында Алматыда өткен Фраиза оқулары байқауында бас жүлдені қанжығасына байлаған Шәймерден бізге өзінің өнерін көрсетті.
Өзі жатқа білетін 15 поэманың кез келген жерінен тоқтатып, келесіден жалғастыра алатын жадының иесі отандық телеарналарға да бірнеше мәрте шыққан.
Айтпақшы ол бізге оқып берген Мұхтар Шахановтың поэмасын бар болғаны бір күнде жаттап алған.
Түйін: Сөз соңында айта кетейік, сегіз жасар Шәймерден күні бүгінде Астана қаласында өтетін «Ақ көгершін» Халықаралық байқауына қатысады. Елден ерекше туған талантты балапан додаға түскенде біз де мұнда тақым қысып отыратынымыз рас. Сегіз жасында сергек санасымен дүйім көпшілікті сүйсіндірген Шәймерденнің Астанадағы Халықаралық байқаудан алған әсерімен алдағы уақытта бөлісетін боламыз.